Шөже мен Кемпірбай айтысы (1-бөлім)
Шөже Қаржаубайұлы, Кемпірбай Бөгембайұлы · 2 мин оқу
Тәуекел дариясынан бетім жудым,
Әзелде мұнан қорықсам, неге тудым?!
Сол асқа жұрт жиналған барайын деп,
Жаратып, жалғыз көктің тілін будым.
Талайды салып едім омырауға,
Құдая, бергеніңе сансыз тәубе!
Сыртында қаралы үйдің жетектетіп,
Жолықтым бара жатқан Шөже жауға!
Бес намаз, он екі иман – жанға пайда,
Қалайын біраз сөйлесіп осындайда:
«Біреуге – мал, біреуге – жан қайғы», – деп,
Барасың, соқыр азбан, жаяу қайда?
Шөже:
Жүзіндей ұстараның ауған дүние,
Қақсадың мені көріп мұнша неге?
Ай мен Күн, жер мен көкті көргенім жоқ,
Кемпірбай, ақылың болса, маған тиме!
Баласы Жаныс мырза – Сәтбай марқұм,
Барамын Құран оқи қаралы үйге.
Кемпірбай:
Асыма шақырмаған келдің жетіп,
Алатау бөксесінен көктей өтіп.
«Арқада қожа, молда жоқ қой!» – деп пе ең?
Қу соқыр, кім шақырды жетектетіп?!
Шөже:
Салмағы бір көзімнің бір көзімде,
Алланың не қылса да, ерік өзінде.
Бар болса кереметің, көзімді жаз,
Ұрайын, жаза алмасаң, дәл сөзіңді!
Кемпірбай:
Ішінде Бошан, Шаншар дегдары едім,
Ішінде, ауған қырғыз, сен жарлы едің.
Көзіңді көрінгенге төле дейсің,
Жерінде көзің шыққан мен бар ма едім?!
Кемпірбай:
Бұл елге ақын болған Шөже қайдан?
Қалыпты Шөже дәндеп Орынбай, Шортанбайдан.
Жарлы байып, жас өскен заман болды,
Жүрмесін жаның шығып Кемпірбайдан?!
Жолықпай шын ақынға жүр екенсің,
Берейін сыбағаңды, соқыр хайуан!
Кемпірбай:
Қой, соқыр, сеніменен сөйлеспен,
Көргем жоқ сендей арсыз жаннан кешкен.
Болғанда сен ақиық, мен – бидайық,
Бір жағын қанатыңның қимай, түспен!
Шөже:
Қап-қара Қаракесек күңнен туған,
Би болып, Қазбегің белін буған.
Ежелден аға сыйлап, көрмеген ит,
Сөйлейді қалай-қалай мына антұрған?!
Кемпірбай:
Ай, Шөже, жалған сөзің мін емес пе!
Бойыңа күпір мақтан сын емес пе?!
Әкең – Қаржау, Жайықтың құлы емес пе,
Шешең – Шама, төренің күңі емес пе?!
Жаралған екеуінен, жазған соқыр,
Дегенің сенің «күндіз» түн емес пе?!
Шөже:
Кемпірбай, менің сөзім шын емес пе?!
Құлақ сал, мен сөйлейін бұл кеңеске!
Әкем – Қаржау, Жайықтың ұлы емес пе?!
Шешем – Шама, төренің қызы емес пе?!
Жаралған екеуінен шын ақсүйек
Жиені Қазыбектің мен емес пе?!
Кемпірбай:
Жамандар сөзің бар ма мұнан да арман?
Тиеді сөзің суық жауған қардан.
Түбің – қырғыз, тұрағың – Алатауда,
Қу соқыр, туған жерің онан да арман.
Кеше Кенесары қырғызды үркіткенде,
Әкең Қаржау Қаройда аштан қалған.
Қаңғырып Қараөткелге шешең барған,
Пақырлық неше түрлі күйге салған.
Шежиров деген орысқа шошқа бағып,
Мұжықтың сухарынан қорек алған.
Мен білмейтін кісідей монтанысып,
Сөйлейсің енді мақтан, соқыр хайуан!
Шөже:
Ант атқан, Тәңірі атқан, кері кеткен,
Мойнына көк шолақтың ері кеткен.
Ақтабан шұбырынды, Алқакөлде
Қырық кісің тамақ іздеп, жаяу кеткен.
Ішінде Кеңтүбектің қайың шауып,
Мен бе едім сол иттерді тентіреткен?!
Қатынын орта жолда нанға сатып,
Кедейлік сенен маған қашан жеткен?!
Кемпірбай:
Барады өтіп кетіп жаз бенен күз,
Құлаққа айтқанменен, енбейді сөз.
Затыңда бір тазалық болмап еді,
Жаралған қызыл иттен, соқыр қырғыз!