Сүйінбай мен Қатаған айтысы (2-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Қатаған · 2 мин оқу
Жүйрікпін жалын тараған,
Күнде шауып жараған.
Қара Бәйтік бегім бар,
Патшадан барып, шен алған.
Қай жақсың бар қазақта,
Хан Орманға балаған.
Батыр Жантай, әне, отыр,
Аузына қырғыз қараған.
Алыстан орап келейін,
Сазайыңды берейін!
Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Ордадан шықпай өлейін.
Арманда қалма, Сүйінбай,
Ақын болсаң байқайын.
Есіңді сенің аударып,
Миыңды біраз шайқайын.
Айтыспаймын сенімен,
Сес көрсетіп, қайтайын!
Өзенді жерге бас ұрған,
Кезеңнен қуып асырған,
Найзаға желек байлаған,
Қазақты шауып –
Жылқысын қуып айдаған.
Елімнің шетінен айтайын:
Сарбағыш пен Мұндызым,
Жағамдағы құндызым,
Маңдайдағы жұлдызым!
Бұғы деген көп жұртым,
Байлық десең, мұнда бар,
Билік десең, мұнда бар,
Көкше қоян құмда бар,
Мендей жыршы кімде бар?!
Сару деген қырғызым,
Саруымнан қозғасам,
Күні-түні айтсам да,
Бұған келмес қаруың.
Оған қатар көп Солты,
Найзасын тасқа жаныған.
Асау мініп жаратқан,
Жанды аузына қаратқан.
Сол Солтының ішінде,
Қалың қара Қанайым,
Қанайымды ап келіп,
Қаптаған қара борандай,
Алды-артыңды орайын.
Қазақ қандай, мен қандай,
Мен несіне қарайын?!
Былай барсаң Тынайым,
Қиырға көңіл бұрайын.
Тауға ұя сап, тасқа ұшқан,
Қанаты күміс құмаймын!
Басыңа түсер уайым,
Түбіңе жетіп тынайын!
Айтыспаймын сенімен,
Сес көрсетіп, сынайын.
Бұғы менен Саяқты,
Артық қылып нәсілін,
Жаратқан жоқ па құдайым?!
Алатаудан төтелеп,
Тау ешкідей тік басып,
Саяғыма шығайын!
Былай барсам, Саяғым,
Сүйінбайдың үстінен,
Саяғым аман тұрғанда,
Алар ма еді таяғын!
Талай дәруіш қаңғырып,
Қолға түскен құл болып,
Құшақтаған аяғын!
Ә дегенде, Сүйінбай булығып қалады. Албан, Суан тайпаларының аға сұлтаны Тезек төре қаны қашып, қолындағы қамшысын жона беріпті. Сол кезде Бөлтірік шешен:
– Ей, төрем! Көтер басыңды, қаныңды қашырма! Сүйінбай өлең таппай, сөз таппай отыр дейсің бе?! Булығып отыр. Сүйінжан, шығар даусыңды! – депті.
Сонда Сүйінбай сөзді Тезек төреден бастап кетеді.
Сүйінбай:
Қашырма, төре, қаныңды,
Кіргізейін жаныңды.
Қатағаннан жеңілсем,
Талап алғын малымды.
Іздегенім осы еді,
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Қызып тұрған темірге,
Өзі келіп қарылды.
Алмас семсер қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды!
Наркескенге жолықтың,
Шашайын судай қаныңды!
Қабағын шытса, Сүйінбай,
Тарту қылып тартасың
Қойныңдағы жарыңды.
Күшіңді білмей Қатаған,
Менімен қалай ойнайсың?!
Сүйінбай сынды ақынды,
Жеңемін деп ойлайсың.
Қырғименен ойнаған,
Ажалы жеткен торғайсың!
Ақ құстайын ұшайын,
Аяғыңды тұсайын.
Көппін деп айттың, Қатаған,
Сөзіңнен осы ұстайын.
Тас тұяқты тұлпармын,
Қырқалап тауға асқанда,
Жолыңды кесіп, қырқармын.
Шошаңдаған, Қатаған,
Ақ сөз өлмес жалаға.
Сүйінбай сөйлер шындығын,
Шеніме жақын жолама!
Күллі халық алдында,
Келтірем сені тобаға!
А, Қатаған, Қатаған,
Қатаған жүйрік ақын деп,
Мұның несін атаған!
Көптігіңді білемін:
Үш атаның ұлысың,
Жаратқанның бірісің.
Мен шынымен сөйлесем,
Жұртта қалған күшіктей,
Айдалада ұлырсың!