Сүйінбай мен Тезек төре айтысы (1-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Тезек төре · 3 мин оқу
Бірде Сүйінбай Тезек төренің жайлауы Алтынемелге келеді. Келсе, алдынан төренің есік құлы қарсы шығады:
– Төренің үйіне барма, барсаң, басың кетеді. Жылкелді мен Бапау деген екі ұрысы түн жортып, аттан жаңа түсті, қолы сынық, басы жарық. Төре екеуіне долданып отыр, − дейді. Сүйінбай үй сыртында тұрып, Тезек төренің екі ұрыны өлеңмен жерлеп, зекіп жатқанын естиді.
Арғы атам – Әділ төре, Тезек – атым,
Асып тұр Ұлы жүзден салтанатым.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Ұялмай, не деп келдің, екі қатын?!
Апырмай, Ай да көкте, Күн де көкте,
Тақалдық Құдай қосса, біз де бекке.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Ұялмай, не деп келдің хан Тезекке?!
Шымшықтың жүрегіндей жүрегің бар,
Қоянның сүйегіндей сүйегің бар.
Сендерді шешелерің ұл деп тауып,
Қалжа қой екеуіңе жеген шығар.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Қаштың ба қорқақтықтан, өңшең мұндар.
Мен іздеп екеуіңді бармас па едім,
Басына заманақыр салмас па едім?!
Қолына аждаһаның түссең-дағы,
Айыпсыз, ажыратып алмас па едім?!
Бірталай Албан, Дулат ел емес пе,
Ақылы хан Тезектің кен емес пе?
Жалпы қазақ баласын тегіс жисаң –
Төренің отыз үйлі жемі емес пе?!
Сақтасын патша-құдай кесірінен,
Аяққа құйған аспен тең емес пе?
Қара қазақ былшылдап, көп сөйлейді,
Тезектің бір дегені ем емес пе?!
Ұрды деп жылқышылар келгеніңше,
Өлгенің тірі жүрмей жөн емес пе?!
Сендерді бүйтіп неден қара басты,
Кім сенің бақытыңды ала қашты?
Абыройың сендердің жаман емес,
Напақа меніменен араласты.
Естіртіп, қазақтарды қоя берсең,
Төрені қылғалы жүр аяқ асты.
Қашпастан қолға түссең, бәрің бірдей,
Қай қазақ ұстар еді қоя бермей?
Қор болды, әттегене-ай, төре басым,
Еркіме бірі көнсе, бірі көнбей.
Осы кезде: «Ассалаумағалейкум, алдияр», – деп, Сүйінбай хан ордасына кіріп келеді. Жұмсақ құс мамықтың үстінде төңкеріліп жатқан Тезек төре, екі ұрысын тастай беріп, Сүйінбайға былай дейді:
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Ордаға құл мен құтан басып кірген,
Құдайдың бұ да болса, бір кезегі.
Арғы атам – Әділ төре Абылайдан,
Үш жүздің баласына даңқын жайған.
Тінтушідей ордаға кіріп келдің,
Сұраймын аты-жөнің, келдің қайдан?!
Қараша хан Әділге бұрын барған,
Бергін деп, бір балаңды қолқа салған.
Баламды аяқ асты қыласың деп,
Хан Әділ қарашаға бермей қалған.
Қараша хан Әділге келген екен.
Атаммен сертке тамақ жеген екен.
Кімде-кім рұқсатсыз басып кірсе,
«Ат-шапан айып болсын» деген екен.
Жылкелді, бұған кісен салмаймысың,
Бапау, сен киімін тонап алмаймысың?
Мұндардың аяғына кісен салып,
Зынданға жаяу айдап бармаймысың?
Төрт қазық аяғына қақпаймысың,
Киімін отқа өртеп, жақпаймысың?
Абылай жазалыны қайтушы еді,
Жазасын жазалының таппаймысың?!
Сүйінбай:
Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,
Сәлемін пайғамбардың берейін деп
Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,
Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп?!
Ассалаумағалейкүм, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре.
Телі менен тентекті тыяд десе,
Өзің ұрлық қыласың, әттегене!
Хан Тезек, төремін деп дүрілдейсің,
Қожаны сәлде киген пірім дейсің.
Үйіңе Жылкелді мен Бапау келсе,
Болғандай әжің қабыл күлімдейсің.
Хан Тезек, қарамысың, төремісің,
Жемесең ұрлық етін өлемісің?!
Жетім менен жесірдің ақысын жеп,
Барғанда ақыретке беремісің?!