Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамұрат пен Сақаба айтысы

Тоқтамұрат Жомартұлы, Сақаба Құдакелдіұлы · 3 мин оқу

Тоқтамұрат:

Келдің бе аман-есен кәрі қыран,
Жасыңнан айғай қуып салдың ұран.
Қасымнан қайда жүрсем бір қалмайсың,
Сор түртіп қарсы алдыңда дайын тұрам.

Мен болдым екі күндей алысқаның,
Аздай-ақ жиырма жылдай шабысқаның.
Түлкідей орағытсам алды-артыңнан,
Қапы қап алданарсың «арыстаным».

Сақаба:

Жүрсің бе аман-есен, ақын інім,
Алдыңда кез боп қалдым, міне, бүгін.
Желкеңді қылыштайын қимақ болып,
Суырылған қынабынан қызыл тілім.

Күшіңе тұра мініп бастың тісті,
Бәріне көрсетпек боп айттың күшті.
Сен мені «арыстан» деп кекетесің,
Көзіңе жұдырықтай шалың түсті.

Кернейсің сөз таппақ боп тамағыңды,
Кім қорқар түйгенменен қабағыңды.
Бақшада жаңа піскен сен бір жеміс,
Үзейін аямастан сабағыңды.

Алдыңда құрулы тұр қайың тезім,
Дір етіп жасқанбайды алғыр сезім.
Жерімді қайта түсер абайлармын,
Жайнаған қыран құстай екі көзім.

Тоқтамұрат:

Жымпиып тағы келді «тапал қара»,
Сөзбенен көңіліме салып жара.
Адымың бүгін сенің ашылмайды,
Шығам деп ойлама шал, жалғыз дара.

Сен неге бұл Соғаққа көп келесің,
Ауады осы жаққа ақыл есің.
Бұл жақта алаңдарың бар ма, шалым,
Ел естіп айтып жүр ғой әңгімесін...

Сақаба:

Алдыңа «кенең» келді шағайын деп,
Қыбыңды осы жерде табайын деп.
Болсам да қанша тапал сендігім бар,
Тірідей сөзбен жерге қағайын деп.

Дауысым қартайғанда ызбаласын,
Желігі басылмаған бозбаласың.
Көп болса кемпірлерге мен сөйлестім,
Несіне жаман бала қызғанасың.

Сен маған не себепті дейсің «тапал»,
Онан да мендей шалдың үлгісін ал.
Алдымда Молдаханды «талқандадың»,
Тиісетін шал біткенге не қақың бар?

Тоқтамұрат:

Мынаның барлық сырын сайратайын,
Өлгейге қылмысты деп айдатайын.
Ел айғақ мына отырған, айтқаныңа,
Жеңгейге мен сорыңды қайнатайын.

Сақаба:

Япырмай, бұл түйнектің пысығын-ай,
Қарай көр тапқан «қылмыс» ұшығын-ай.
Шынымен әпекеңе айтып барып,
Жездеңді бір пәлеге түсірдің-ай.

Тоқтамұрат:

Үйіңнен ұзақ жүрсің бүгін өзің,
Дәрі ғой көпке айтқан қалжың сөзің.
Бір сыбыс арт жағыңнан жетіп барса,
Төрт болар алақандай екі көзің.

Онан да қара таспа, аузымды жап,
Айтарым ерте бастан үйіңді тап.
Өзіңше бозбала боп жүремін деп,
Қаңғырма айдалада сенделіп қап.

Аузына сөзі түспей қорғалайды.
Алдымда бөденедей жорғалайды.
Сәт болса Тоқаң бүгін Сақабаны,
Байланған жан торсықтай олжалайды.

Сақаба:

Ағайын мына сөзді қорытасың ба,
Мұндайдан жүз келсе де қорқасың ба.
Шынымен жайраң қағып әнге салсам,
Тілімнің домалар ең ортасында.

Тиістің жаман бала бурыл басқа,
Кезіктім деме бірақ есуасқа.
Бас шайқап, көзді жұмып тістенесің,
Далаға жақтырмасаң сүйреп таста.
Қайтеді деген сайын есіресің,
Қыбыңды табар бүгін «қара таспа».

Болдың ба әбден сөйлеп бағанадан,
Пар келмес деп ойлама саған адам.
Албаты ақынмын деп дауырықпай,
Жөн шығар өзіңді өзің шамалаған.
Теңізде еркін жүзген ақ қайраңмын,
Қорықпаймын шаңқылдаған шағаладан.
Өзіңдей талай-талай жел өкпені,
Ақынмын қызыл тілмен сабалаған.
Алқынбас кер даланың жүйрігімін,
Көмбені жалғыз қара жағалаған.
Өлеңмен бүрін жайған мен – бәйтерек,
Ығымда сен бозторғай паналаған.
Тайпалтып көңілімнің бозжорғасын,
Бүршіктеп қызыл тілді тағалағам.
Астына көлік беріп кел қыдыртып,
Есіртті екеумізді мына заман.
Осымен сабаламай тоқтатайын,
Тыңдады барша халық бағанадан.

Аузыңды жабайын ба, қара бөрім,
Алдыма айдап келген арам терің.
Ал, кәне, осыменен біз тоқтайық,
Сал-думан бола берсін жүрген жерің.

Ағайын келіп отыр үлкен-кіші,
Дегендей: «Алтын бесік – елдің іші».
Болса да бұл – арыстан, мен бір – тышқан,
«Тышқанға түсіп отыр пілдің ісі».

Гүлденген бәйшешектей бұл бір заман,
Күн сайын қарқындаған алға таман.
Жиналған көпшілікке тапсырарым,
Алып бер биылғы жыл төліңді аман.

Тоқтамұрат:

Өзің де аман-сау жүр «арыстаным»,
Жығылар өткір тілден алысқаның.
Менікі қыздырмаққа айтқан қалжың,
Мұндағы аман болсын «таныстарың»...
1984 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз