Сақаба мен Қапиза айтысы (1-бөлім)
Сақаба Құдакелдіұлы, Қапиза · 2 мин оқу
Сақаба:
Жүрсің бе аман-есен Қапиза ақын,
Мақтайды майталман деп мына халқың.
Өнерлі талай ұрпақ өсіріпсің,
Тәлімді сен бір жансың ашық-жарқын.
Сыйласқан ағайынбыз «сіз» бен «біз» деп,
Кәнеки, жырыңды төк тізбек-тізбек.
Жасымнан айтыс құмар бір жан едім,
Қалыппын лебізіңе мен де шөлдеп.
Қапиза:
Салайын мен де әніме келсе шамам,
Бұлбұлдай сайратқан соң мына заман.
Жатырмыз Ногоннуурды мекен етіп,
Үй-ішім, ауыл-аймақ бәрі де аман.
Саулаған тасбұлақтай сөзің басым.
Ұқсайды туған айға қиғаш қасың.
Аймақтан іздеп келген Сақаба ақын.
Аман ба ауыл-аймақ, кәрі-жасың?
Білуші ем бұрын мен де өлең жәйін,
Кәртейдім, енді өлеңді неғылайын.
Кешеден сен іздеді дегеннен соң,
Шайқасып қалайын деп келдім дайын.
Өлеңді айт дегенде ағыласың.
Әкел деп ақыныңды қағынасың.
Қалыпсың елу асып, байқағанға,
Өлеңді, шалым, енді неғыласың.
Сақаба:
Бар екен дарын сенде кәрі тарлан,
Бурылдап ақ самайың қырау шалған.
Өнерге ұл мен қызды тең өсірген,
Қапиза, айтшы, сенде бар ма, арман?
Кей адам қорғалайды үнін аяп,
Сөз шықса-ақ өкпелейді бұра-саяқ.
Алдыңа бір тұстасың аңсап келді,
Тізеңді тиістіріп отыр таяп.
Отанның таңғаласың дабысына-ай,
Жүйріктің шаң боратқан шабысындай.
Үлгі алсын ұрпақтарың бір өзіңнен,
Басқаға жібермейтін намысыңды-ай.
Көкейге қымбат әуен ұялатқан,
Ақындар сөзіменен бақыт тапқан.
Болғанмен өзің кәрі жүрегің жас,
Жүйріксің алып-ұшып өрге шапқан.
Жел сөзге он жасымда болып үйір,
Мінеки елу төртке шықтым биыл.
Қасыңда күнде сайран салар едім,
Қапиза, амал бар ма, жерің қиыр.
Қапиза:
Өлеңді айт дегенде ағыламын,
Салмасаң Қалилашқа сағынамын.
Әй, Сақа-ау, сайран салам дейсің маған,
Тырнақтай қара шалды нағыламын.
Жаныма отыр дейсің бері таман,
Сақаба-ау, қалды екен қанша шамаң.
Сайран сап күнде үйге бармай-ақ қой,
Жүргем жоқ мен таба алмай сендей адам.
Сақаба:
Өнерге кәрілік жоқ біздің тұста,
Қапиза тізгініңді тарта ұста.
Көрмеймін өзім сені қыздан төмен,
Қолыма түсе қалсаң қапылыста.
Түйеге ашылаған соры тұздай,
Шалдарға мен сияқты кемпір қыздай.
Білегің білегіме тиіп кетсе,
Денемді тоңдырасың қарып мұздай.
Көкейден сөз шығады тізбек-тізбек,
Жақсыдан кей жамандар күдер үзбек.
Қатысам әдебиет күндігіне,
Өлгейден келгенім жоқ кемпір іздеп.
Қапиза:
Сақаба қолың жетпей аһ ұрасың,
Жалтарып әзіліңді батырасың.
Келмесең кемпір іздеп түу Өлгейден,
Екі-үш күн зар боп неге шақырасың?
Жасымнан мен де өзіңдей өлең тердім,
Қосылған талай топқа қарагермін.
«Бір кемпір қайтсеңдер де тап» депсің ғой,
Түн қатып соны естіп әдейі келдім.