Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамұрат пен Егеухан айтысы

Тоқтамұрат Жомартұлы, Егеухан Мұқамәдиқызы · 3 мин оқу

Тоқтамұрат:

Келдің бе аман-есен, асыл құрбым?
Бұлағы сарқылмайтын өлең-жырдың.
Цамбагарав қыраны саңқылдаған,
Алдыңда қарсы алуға дайын тұрмын.

Жон жайлап, қыр қыстаған шопан халық,
Берейік солар үшін әнге салып.
Өлгейге жайраң қағып келіп қапсың,
Айтыссам деп жүр едім іздеп барып.

Егеухан:

Елімнің мен бір ерке киігімін,
Алмалы, алмұртты жер ұйығының.
Өзіңе Өлгей ордам жеткізейін,
Сәлемін Цамбагарав биігінің.

Халқымыз қарқындады табысы өрлеп,
Еңбекпен алға басты құлаш сермеп.
Қия шың Қызыл күңгей құшағында,
Ел аман, қимыл ерен, малы төлдеп.

Тоқтамұрат:

Сағыным жүрмін, Егеш, бір өзіңді,
Жібектей жанға жайлы мінезіңді.
Ерінбес құрыш білек құрылысшым,
Тұрғызды Өлгей атты күмбезімді.

Егеухан:

Сәулетті Өлгей қала ақ күмбезім,
Туғызған ұрпағына ыстық сезім.
Қаласты ірге тасын халқым түгел,
Өсірген бір бұтағы менің өзім.

Құрбыжан сөз сөйлейсіз сыйлап «сіз» деп,
Ойыңнан өлең шығар тізбек-тізбек.
Қорғалап бармадыңдар, көп тосып ем,
Аттарың жетпеген соң келдім іздеп.

Байқарсың менің аяқ алысымды,
Еңбекте бермен саған намысымды.
Өлгейде өндірістер толып жатыр,
Айт, Тоқа, қипақтамай табысыңды.

Тоқтамұрат:

Қыры мал, байлығым сол, суы балық,
Еңбекпен шұғылданған тәмам халық.
Қырықтай мекемеден сынға түсіп,
Алпыс үш озат шықты жүлде алып.

Қоғамды бар қауіптен сақтар ұйым,
Міндеті жеңіл емес, білем, қиын.
Уатхан милиционер озат болып,
Жемісті еңбегінің көрді сыйын.

Бітпеймін бәрін санап бүгін саған,
Айтуға жетпей жатыр және шамам.
Өкілі егінші мен малшылардың,
Айта кет табысыңды сен де маған.

Егеухан:

Қашанда өнерліге өнерлі пар,
Кезіксе сендей теңдес сөз ағылар.
Түбітті көрсеткіштен артық алған,
Отандық саңлақ болған Адайым бар.

Артады дос қадірі досыменен,
Табыс туар көңілдің хошыменен.
Байсолтан тұңғыш тіккен «Ақ отауды»,
Жетіге жетті саны осыменен.

Үлгі алып, озаттардың қуып жолын,
Сан қилы жетістікке жетті қолым.
Өткен жыл түлігімен малым өсті,
Сұмыным иеленді екінші орын.

Жастарым жарыста озып жалындады,
Дихандар еңбегімен танылғанды.
Гектарынан қырық тонна картоп алып,
Овощпен бір аймақты қанымдады.

Тоқтамұрат:

Рақмет жұрт қуанған табысыңа,
Сәлем де Адай атты арысыңа.
Ортаңнан әлі де озат туа берсін,
Шабыстан шабыс қосып шабысына.

Егеухан:

Дүбірлі той мереке биылғы жыл,
Көмейден төгіледі өлең мен жыр.
Ұлы еңбек табысымен шашу шашып,
Зор талап, үлкен міндет алдымда тұр.

Тоқтамұрат:

Елімнің құттықтаумен алпыс жылын,
Еңбегім арналады өлең-жырым.
Үкімет қамқоршы ғой бөбектерге,
Арнайы атап отыр бала жылын.

Адамзат аңсағаны бейбітшілік,
Қантөгіс тілемейміз ешбір бүлік.
Болдырмай соғыс өртін ауыздықтап,
Әлеммен үндесеміз құлақ түріп.

Егеухан:

Білемін оқушылар жылы екенін,
Отаншыл, шыншыл ұрпақ түлетемін.
Ананың бар мейрімі бала үшін,
Солардың шат күлкісін күзетемін.

Жеріме құт ұялап, бақ түнеді,
Адамдар бейбіт күнде шат күледі.
Әлемде бейбітшілік үндеуіне,
Ананың ұласады ақ тілеуі.

Ауылыма ертең қайтып аяңдайын,
Өлгейден көргенімді баяндайын.
Олқылық ортаңда бар орын тепкен,
Әй, Тоқа, айтпай кеттің осы жайын.

Тоқтамұрат:

Егеухан біледі екен барлық сырды,
Алдымнан алдай келіп қақпан құрды.
Мадақтап Өлгейімді мен отырсам,
Сөзімді бопсалаған жалғыз ұрды.

Егеухан:

Қазбалап тізер болсам табылар мін,
Талдамай кемістікті бүркеді шын.
Деген бар «сын түзелмей, мін түзелмес»,
Ортаңда өрістесін өзара сын.

Осымен сөзім бітсін тәмамдалып,
Әр сөзге төреші ғой мына халық.
Малымды егінменен қоса өсірем,
Алдыңда ел атынан міндет алып.

Өлгейім үлкен орда, ата-анам,
Аман бол үлкен-кіші, бала-шағаң.
Замандас ақын Тоқа, сен де аман жүр,
Талабың тасқындасын арындаған.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз