Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамұрат пен Қабдісіләм айтысы (2-бөлім)

Тоқтамұрат Жомартұлы, Қабдісіләм Жаманқараұлы · 2 мин оқу

Қабдісіләм:

Бауырым сөз сөйлейді асып-сасып,
Сөйлейін көп алдында жүрек басып.
Егер де дүлдүл болсаң тұлпар сынды,
Бір жерге жығып кетпе алып қашып.

Тоқтамұрат:

Кім біледі, ақын деген бейне тасқын,
Келдің де төбемнен кеп әнмен бастың.
Қорықпай құйылып кеп түсші қыран,
Мендағы ойнағы едім қара тастың.

Бап келіп шығып отыр бүгін терім,
Мақтап айтты-ау қыраны Толбо жерін.
Өзің де қырдан келген сіңірлісің,
Ерінбей, талмай шапшы қаракерім.
Толбоның үлкен үйі осы аймақ,
Артынан боздай ерген мен бір тайлақ.
Дегенмен түйе табан ойламашы,
Жығылып арқам мұз ғой кетпе тайқап.

Қабдісіләм:

Айтайын айт дегенде ақау айдай,
Толбоның жас қыраны бір талайда-ай.
Мақтанар өр Толбомда тарих мол,
Тараған кең Отанға талай-талай.
Атақты деп қызыл тілмен саспа деймін,
Ағаңнан қорқып өзің қашпа деймін.
Сіңірім көзіңізге неге түсті,
Бауырым сіңір іздер аш па деймін.

Тоқтамұрат:

Ініңнің аш пен тоғы қырдың ісі,
Қырдың да мал өсіру бел жұмысы.
Толбода бұзау-торпақ қайтіп жатыр,
Осыны естісе екен ұлы-кіші.

Тимеші қитығыма ағажаным,
Өзіңді бір тайпа елге бағаладым.
Толбо көл шайқасы бар тарихта,
Аузыңа сол ұлы істі бір алмадың.

Қабдісіләм:

Барымды қызыл тілмен мақтап бердің,
Ағаңды көп ардақтап сақтап көрдің.
Мал тұр ғой адам да өлер тұмау тисе,
Торпақты тоңып өлген жоқтап бердің.
Өткен жыл торпақ біраз өлгені шын,
Дәл биыл тышқақ лақ өлтірмеспін.

Тоқтамұрат:

Ақыным қандай жақсы салған әнің,
Қыздырар сөзің батса, менің жаным.
Кете мен Мәукетандай озатың бар,
Жөн шығар сол ерлерден үлгі алғаның.

Аман жүр, жақсы боп жүр ал ағайын,
Дәм тартса Толбо көлін жағалайын.
Балығын Өлгий әкеп сатар болсаң,
Мендағы еңбегіңді бағалаймын.

Балық ал, аң мен құс ат, өсір тауық,
Жортып жүр Толбо көлде ойнап-шауып.
Соларды жан аямай ау сап ұста,
Алайық табиғатты солай сауып.

Қабдісіләм:

Бауырым айтып отыр сөздің расын,
Ойға алар бұл ақылды жас пен қартым.
Сол кезде қапы қалма ырғын дудан,
Түріп тұр құлағыңды, бауырласым.

Тоқтамұрат:

Бұл ақын шын-ақ мені мықтады ма,
Бұлтартпай қырқай шалып жыққаны ма.
Ақыным бір ай болды білмедің бе,
Өлгийден аң бригады шыққанына.

Арман қып әр нәрсені қозғайсың ғой,
Аңшысыз опық істі оңдайсыз ғой.
Ойнаған шың басына таутекені,
Атып ап бауырыңа жолдайсыз ғой.

Мал кеміп аздау болар биыл соғым,
Менің де сізге жақсы қарын тоғым.
Атқайсың дүзу көздеп жеңгің келсе,
Жүрмесін текке қаңғып атқан оғың.

Қабдісіләм:

Атыңнан айналайын бауыр жаным,
Келмейді ән салмасам менің сәнім.
Берейін өзім атып рұқсатын бер,
Толбодан сол аң болса сағынғаның.

Тоқтамұрат:

Қалды деп комиссия отыр екі-ақ минут,
Бауырыңды алдың талай сөзбен түйреп.
Берейін рұқсат алып комитеттен,
Таутеке ат, терісін де алғын илеп.

Ақынға сөз соңында тапсырарым,
Даңқыңды мен дәріптеп асырармын.
Айтысты ауылыңда өркендеткін,
Көмекке әзір болып мен тұрармын.

Айтысты Толбоға апар жалғастырып,
Қыр елі сүйіп тыңдар малдас құрып.
Осылай уақытша қош, ақыным,
Осы әнді айтып жүргін алмастырып.
1970 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз