Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тоқтамұрат пен Қабдісіләм айтысы (1-бөлім)

Тоқтамұрат Жомартұлы, Қабдісіләм Жаманқараұлы · 2 мин оқу

Тоқтамұрат:

Келдің бе, аман-есен ақын ағай,
Жүйріксіз сынға түскен бұрын талай.
Өлгейге кәр тарланым үш күн қондың,
Жай-күйің жарасты ма, қалың қалай?

Аман ба жолда жатқан сіздің Толбо
Келдіңіз ән салғалы қыз бен ұлға.
Толбода қызыл тілдің қырғиысыз,
Сіз жүрсіз ауылда озып жылда-жылда.

Қабдісіләм:

Ассалаумағалейкүм, көп жамағат,
Мереке құтты болсын сән-салтанат.
Толбоның көп атынан сәлемі бар,
Өлгийлік жамағатқа бір аманат.

Айтайын айт дегенде ақау айдай,
Ағаға бауыр берер сәлем қайда.
Әйелдей аман ба деп бостау көрдің,
Қомсынып қапы қалма дүйім тойда.

Өлеңге он жасымнан өрлеген соң,
Жетіп ем ұлы тойға кел деген соң.
Нақтап айт жұрт сүйінтіп өлеңіңді,
Жол бермес арыным бар жел деген соң.

Тоқтамұрат:

Мекенің сенің Толбо, Қоңыр өлең,
Сол елден келіп қапты екі дөнен.
Мақтанып мадақтайын мен сіздерді,
Шырқалсын бар болса егер сіздерде өлең.

Бүркеген Толбо сыртын қарлы тауың,
Алдыңда баурың отыр айғай жауын.
Жүретін мұз жастанып, қар жамылып,
Тілейін қыр елінің аман-сауын.

Келдіңіз шақырған соң ұлы тойға,
Бауырыңды шамаң келсе бүгін қойма.
Қырандай жаңа ұстаған қолға түстім,
Замандас шамаң келсе үстінде ойна.

Қабдісіләм:

Бауырым қара сөзге есті десем,
Жарар еді дөнен емес бесті десем.
Ағаңмен алысып көр ақын болсаң,
Кәрі ағаң қызыл тілге желдей ескен.
Тастадың ә дегенде көз қиығын,
Өлгейден туып шыққан ақиығым.

Тоқтамұрат:

Ағажан сіз Толбоның ұланысыз,
Айғайлап қосар топқа ұранысыз.
Жаңа заң, жаңа мизам – Октябрьдің,
Саңқылдап үн қосатын қыранысыз.

Мен сізді асқар тұтып ағалаймын,
Қу тілді бүршікпенен тағалаймын.
Толбодан келіп қапсыз толықсып-ақ,
Өзіңді Секең ердей бағалаймын.

Мен жүрмін жалғастырып айқай артын,
Ән салған қазақ атам жақсы салтын.
Толбоның ақиығы саңқылдаған,
Аман ба, ардагерің, Секең қартың.

Толбодан өрби өскен бес түлік мал,
Ақыным шамаң келсе шарықтап қал,
Тоғайтып тоқты бағып батыр болған,
Ер Секеңнен жатпай, тұрмай өнеге ал.

Айтысқа бүгін келді менің бабым,
Сал сөзді шамаң келсе айтар шағың.
Ақын дос адал жүрек мен тілеймін,
Гүл жайнап дами берсін алда бағың.

Қабдісіләм:

Бауырым өлеңдетші әнің жетсе,
Арман жоқ асыл сөзің көпке жетсе.
Жүйріктей үйірге түскен қарақтайсың,
Тақтайға байқап отыр, құлап кетпе.

Атыңнан айналайын бауырым-ай,
Өлгейдің дәл түбінде ауылың-ай.
Отыршы қарсы қарап табан тіреп,
Өлеңнің айтшы кәні тәуірін-ай.

Тоқтамұрат:

Айтамын тәуір өлең жетсе тілім,
Жайнаған Октябрьде мына күнім.
Өзің де сөз асылын төкші бүгін,
Толбодан аңсап келген ақын ұлым.

Қара сай, Қызылбас сай, Ботамойын,
Тойладық Октябрьдің ұлы тойын.
Табанды таймас әсте екі аяғым,
Мұқалмас мықты-ақ екен сөзің шойын.
Қапыда қалма, аға, сынға келдің,
Ақынның бәрін қайтшы қырып-жойып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз