Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әдепбай мен Тірнекей айтысы (1-бөлім)

Әдепбай, Тірнекей · 3 мин оқу

Әдепбай:

Бай-Өлгей болғанында жерім Тұлба,
Айтайын аздап өлең, халқым, тыңда.
Алпысымда жайраңдап алшақтаймын,
Малшы араттың бірімін, ауылым қырда.

Тірнекей:

Мақтайын, мадақтайын Тұлба көлін,
Өзімнің он жасымнан өскен жерім.
Жырлайын бір азғана салтанатын,
Дәл бүгін бақыты өскен құтты жерім.

Әдепбай:

Тұлба, Тұрғын болады туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Тайлақ, атан жоғалса, таптырмайтын,
Құмырысқадай қаптаған қалың елім.

Тірнекей:

Сөйлейін сөйле десең, халқым қалап,
Шопандар мерекесін құтқа балап.
Өсе бер күнде мыңдап, ортақ дәулет,
Тойында еңбекші елім тұр аймалап.

Әдепбай:

Отыр елім мекендеп Тұлба бойын,
Мыңғыртып өсіруде шопан қойын.
Бес түлік мал Тұлбада түгел өсіп,
Лайықты істелді бүгін тойым.

Тірнекей:

Бірлестік – бар халықтың болды ұйтқысы,
Мінсе ат, ішсе асы жазы-қысы.
Кешегі тапшы кедей бүгін таңда,
Лықып тұр бес түлікке іш пен тысы.

Әдепбай:

Бірлестігім, білесің, «Қызыл қия»,
Саялы ағаш басында алтын ұя.
Келешекті алдағы дұрыс ұғып,
Барлық халық жұмылды жанын қия.

Тірнекей:

Салтанат құрыпсыздар іске татыр,
Табысым тағы айтар толып жатыр.
Мұнан да өркендей түс бірлестігім,
Туғызып ортаңыздан Еңбек Батыр.

Әдепбай:

Құттықтау келіп жатыр біздің елден,
Той қыл деп ұйғарыпты үлкен жерден.
Алыс жерге естіліп даңқым жетті,
Орталыққа Шайзадам барып келген.

Тірнекей:

Табысың, мақтанышың бәрі де шын,
Қосады бірлестікке жан біткен үн.
Табысын басқалардың білеміз ғой,
Істедің, ағай, өзің неше еңбек күн?

Әдепбай:

Жетпіс бес еңбек күндік жоспарым бар,
Ойлайтыным тіріде ұят пен ар.
Жетпіс беспен мен өзім шектелмеймін,
Мыңға дейін істейтін шыдамым бар.

Тірнекей:

Тойыңды, міне, бүгін көзбен көрдім,
Көруге Өлгейімнен әдейі келдім.
Жоспарын бірлестіктің мен де білем,
Осыдан неше еңбек күн істеп бердің?

Әдепбай:

Өлгейім – қазақ, моңғол орталығым,
Өміріме шалқыған жырғаулымын.
Жоспарды екі еседен асырғанмын,
Айғағым - қойнымдағы куәлігім.

Тірнекей:

Халықтың мінсе аты, ішсе асы,
Бірлестік - еңбекшінің кәсіп басы.
Куәлігің, Әдеке, құтты болсын,
Дәл осы тебініңнен жаңылмашы.

Әдепбай:

Жүздеген мың сом еді жоспарымыз,
Орындады еңбектес достарымыз.
Мүше басы жоспарын асырапты,
Бұл-дағы зор іске үлес қосқанымыз.

Тірнекей:

Табысың көп екен-ау, қызығардай,
Ақынның көркем сөзі арналғандай.
Жоспары шаруашылық біткен екен,
Мәдени өркендерің бүгін қандай?

Әдепбай:

Тас бұлақ жер астынан шығар қайнап,
Салынды қызыл мүйіс гүл-гүл жайнап.
Мұнан да үлкен жұмыс тындыруды,
Өнерпаздар күн-түні жүр ғой ойлап.

Тірнекей:

Салдыңыз жасқа арнап қызыл мүйіс,
Өсіпті бұл Тұлбада көптеп ырыс.
Ағатай, рақмет, табысыңа,
Тағы да болар алда үлкен табыс.

Әдепбай:

Жетпіс екі отырық үй салынды,
Отырықты халыққа ұйғарылды.
Балалары мектепте оқып жатыр,
Білім беріп халықтың мұғалімі.

Тірнекей:

Елеңдер өлең десе қос құлағың,
Сайрайды бұлбұл құстай тіл мен жағың.
Қол жеткен табысыңа таласым жоқ,
Қанша есе мал өсірді биыл бағың?

Әдепбай:

Мал өсірдік елімде үш жыл ұдай,
Мәпеледі, өсірді малшы шыдай.
Біздің бақтың, сұрасаң, малы өсулі,
Он бір мыңнан асырып отыр былай.

Тірнекей:

Сөйлейді сылдыратып тіл менен жақ,
Жоспарын үзіпті ғой үшінші бақ.
Әншейін, көлеңкелеп өте шықпай,
Түлігін бағыңыздың айтыңыз нақ.

Әдепбай:

Жеті бақтан алынды мал санағы,
Ақырына тоқтайды сөздің нағы.
Екі бөліп Тұлбаны айта алмаймын,
Бір тілекпен жүреді барлық бағы.

Тірнекей:

Бесінші бақ табысын шын бере ме,
Еңбегімен біреудің күн көре ме?
Өз бағыңның табысын анықтап айт,
Бар табысын Тұлбаның «өзім» деме.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз