Сақаба мен Егеухан айтысы
Сақаба Құдакелдіұлы, Егеухан Мұқамәдиқызы · 3 мин оқу
Сақаба:
Келдің бе аман-есен екі аққуым,
Көтерген еңбекпенен отан туын.
Кешегі Сара менен Біржан құсап,
Әніңе сал, Егеухан, буын-буын.
Келдің бе Баяннуурдан аман-есен,
Жел сөзге жан едің ғой дардай шешен.
Өзіңді көрмегелі көп боп қалды,
Жайнаушы ең қарсы алдымда өлең десең.
Егеухан:
Шұғылалы өлкеміз, ауылымыз,
Мерекеге арналған бұл әніміз.
Барша Әлгей халқына айттық сәлем,
Біз Баяннуур жіберген ұрпағымыз.
Үлкен тойым Октябрь мерекелі,
Қызу еңбек шабытты өлең берді.
Еңбек Ері Өлгейдің Солтан, Закең,
Баяннуур халқы соларға сәлем берді.
Сақаба:
Ырғайдан қамшы шығар, уық шықпас,
Сөзімді біреу ұғар, біреу ұқпас.
Сен жеттің келген жерден тапалыма,
Егеухан, ақын едің сөзің жұптас.
Сөйлесең ақылдыға – ойын айтар,
Ақымақ - құр сорайған бойын айтар.
Аңғалдық - қазылған ор, алдында тұр.
Бұл жерде ақын бар ма оны байқар.
Жел сөзді бертінде мен құрағам жоқ.
Сондықтан кей ақынға ұнағам жок.
Қалайша келмей жатып мінімді айттың.
Бойыңнан бере көр деп сұрағам жоқ.
Егеухан:
Ұнасады киімнің етек-жеңі,
Қандай жақсы жігіттің болса өңі.
Замандас деп қолымды арта салсам,
Ұнар еді-ау бойыңның болса теңі.
Сөзіңменен құрбыжан жарасасың,
Ойың жақсы, сонымен таласасың.
«Ақиығым ақын» деп ертер едім.
Иығымнан келетін аласасың.
Сақаба:
Сенен бой қысқамын деп ұрлайым ба,
Мойнымды басқа жаққа бұрмаймын ба.
Өзімді құдай қара жаратқан соң,
Әкеліп ақ сырменен сырлайын ба.
Егеухан, қалжың сөзін қоя тұрсын,
Өлеңін басқа жаққа бұра тұрсын.
Табысын Баяннуурдың бір мақташы,
Жиылған мына халық тыңдай тұрсын.
Егеухан:
Шығады ән шырқасаң даусың ашық,
Ширығып әр сөзіңе қатты састық.
Алпыс жылдық тойыңның құрметіне,
Баяннурдан ақ алмадан шашу шаштық.
Сақаба:
Сөзіңді тыңдап отыр халқым жалпы,
Бұл айтыс қазағымның ата салты.
Басқадай Баяннуурда табыс жоқ па,
Бір емес ақ алмаңды айттың алты.
Егеухан:
Өлең айтса ақын жан сөзден ұтар,
Жаңалықты әркім де білуге зар.
Еріп жүр, ауылымда табыс қалың,
Озып шыққан сауыншы Әйнегім бар.
Айтыста сөз тоқтайды ақиқатқа,
Айтқан сөз түсер кейін есеп хатқа.
Картоп алған отыз тонна әр гектардан,
Күнәйім жүр Советте саяхатта.
Сақаба:
Азғантай тауығыңды Бұғыты алды,
Тұқымы сарлығыңның құрып қалды.
Әкелген картоптарың құмырсқадай,
Тауыстың кесіп жағып қайың, талды.
Егеухан:
Әрбір сөзің, байқасам, отты шала,
Айтылады сын болса ақ пен қара.
Тауық пенен сарлықты дұрыс айттың,
Құрттың деп қайың талды жаппа жала.
Сақаба:
Сөзімді менің айтқан деме жалған,
Елімде азамат көп көзін салған.
«Баяннуур тал-теректі қиратты» деп,
Ескертіп жоғарғы орын қаулы алған.
Жел сөзге жан емеспін онша епті,
Жаттама өлеңім бар азды-көпті.
Өлгейден осы жолы үлгі алып кет,
Суыңнан жалғыз паром ұрлап кетті.
Егеухан:
Машинамыз паромнан өтіп жатыр,
Тура жолмен төтелеп кетіп жатыр.
Термеледің өтірік көп фактіні,
Байқап айтшы, ақыным, түйіп ақыл.
Төрт қабаттың астында магазин бар,
Зат алуға әрқашан әркімдер зар.
Төге салар тәттіні «қағаз жоқ» деп,
Сен, Сақаба, ойланып мұны ұғып ал.
Лақпаңды аралап барған едім,
Біраз тәтті саудадан алған едім.
«Қағаз жоқ» деп дүкеншің ұрысқан кезде,
Тесік таппай кірерге қалған едім.
Қара сөзге, Сақаба, өрлейсің бе,
Кемістігін Өлгейдің көрмейсің бе?
Болушы еді қағазы - зат орайтын,
Жоқ болса тауып, Сақа, бермейсің бе?
Сақаба:
Қағазды мына Сақаң өндірмейді,
Бос сөзге мұндай нәрсіз жеңдірмейді.
Қағазы бүгін біткен кейін келер,
Ойлама енді қайтып келтірмейді.
Егеухан:
Сөз таппассың бұл жолы Сақаң пақыр,
Жұрт тыңдайды сөзіңді іске татыр.
Тәтті орайтын қағазың складта,
Кіріп едім, алдымда тең-тең жатыр.
Қайдан ұқтың сауданың алалығын,
Сатушының еріншек шалалығын.
Мәдениет саудадағы орын тепкен,
Жоятын кезің болды қаралығын.
Сақаба:
Барған ем Баяннуурға сауда алып,
(Мен емес жалпақ халық жатыр алып).
Баяғы біз секілді қағазы жоқ,
Кетіп ем етегіме мен де салып.
Әр жерде сауда ісі тегіс емес,
Мына сөз болып кетті қысыр кеңес.
Тиісті жерін тауып айта алмадық,
Жұмысты жақсартатын ертеңді-кеш.
Егеухан:
Осыменен ақыным қош болайық,
Тым аласа болсаң да дос болайық.
Кезіккенде, ей, Сақа, аман түзу,
Осы сөзді әрқашан еске алайық.
Сақаба:
Аспаннан бұлт түзелмей күн түзелмес,
Деген бар «сын түзелмей мін түзелмес».
Тапал деп Сақабаны қорлағанша,
Есіңнен шығармай жүр ертелі-кеш.
Тапал демей беріп ед, атам, қызын,
Татырып разы боп дәмді тұзын.
Таңдап алсаң айтыста қой дегем жоқ,
Өзіңдей сырық дене, бойы ұзын.