Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сақаба мен Қапиза айтысы (2-бөлім)

Сақаба Құдакелдіұлы, Қапиза · 2 мин оқу

Қояйын мен бір сауал, Сақа, саған,
Жеңіп қайт осы жолы келсе шамаң.
Шынымен мені іздеп келген болсаң,
Кәнеки, алып келген сыйың маған?

Сақаба:

Мен сені шақырғам жоқ алайын деп,
Бір сайран ауылыңа салайын деп.
Ақындық өнеріңді көрмек болдым,
Айқасып бір азғана қалайын деп.

Қапиза:

Сақаба, кемпір іздеп қағынасың,
Сен мені қыздай көріп табынасың.
Ақынсың атың шыққан барлық елге,
Неліктен қайта-қайта жаңыласың?

Сақаба:

Тай тұр ғой, құнан тұр ғой, дөнен тұр ғой,
Қатты ағаш қайың сынар, емен тұр ғой.
Әуенім арнасына келмей отыр,
Жел қағар мылтық оғын, өлең тұр ғой.

Бітеді көк жапырақ сары ағашқа,
Жаңылмас жақ болмайды қара баста.
Қырандай қылт еткенді іліп түсіп,
Қапиза, қапелімде ала қашпа.

Мекені жарқанаттың жар болады,
Мінезі ойсыз бастың тар болады.
Артыңда өзің кетсең сөзің қалсын,
Саған да ертең халық зар болады.

Өлгейден мұнда келдім өзіңді іздей,
Сыйласқан көз көрген соң сіз бен біздей.
Аман жүр қайда жүрсең Қапиза ақын,
Кәртейдім деп өлеңнен қолыңды үзбей.

Қапиза:

Сақаба сөз сөйлейсің алып-ұшып,
Мініңді өзің түзеп, езің пішіп.
Айтыссам бір-екі күн желдей қақтап,
Берер ем қара өлеңнен көп түсінік.

Салғанда әнің, Сақа, көңілге тоқ,
Сынайды айтқан сөзді жиналған көп.
Шұбыртып шапшаң айтып жөнелесің,
Байқасам кей сөзіңде түсінік жоқ.

Сақаба:

Алдымда ақын отыр мінеп-сынап,
Сен емес, халыққа отыр сөзім ұнап.
Жібер деп аттың басын аялдамай,
Кәрі жүрек кеудемде тұр тайша тулап.

Мен емес қалжыңыңа көнетұғын,
Қаңбақтың жалыны емес сөнетұғын.
Қайқы төс, қандыбалақ мен боламын,
Қиядан қызыл көрсе төнетұғын.

Қапиза:

Өзің таныс болғанмен аулың алыс,
Бар екен өлеңіңде дардай шабыс.
Көп жылдар тізгіншісің, Сақа, өзің,
Шығардың еңбегіңнен қандай табыс?

Жүлде алдың айтысыңмен топта талай,
Үкімет баға беред еңбекке сай.
Машина ұстасаңда талай жылдар,
Жақсы атың бір шықпайды, осы қалай?

Сақаба:

Қапиза, мына сезге құлағың сал,
Жақсының шамаң келсе, үлгісін ал.
Куәсі табысымның сол емес пе,
Мен алдым үкіметтен төрт-бес медаль.

Мен дағы тек жүрмеймін жел сөз құрап,
Әр жерді шарлап жүрмін тізгін бұрап.
Өзің қандай еңбегіңе сыйлық алдың,
Қапиза, мен қояйын қарсы сұрақ?

Қапиза:

Ақындар бір-біріне келмейді пар,
Мен-дағы еш нәрсеге емеспін зар.
Кеудемде міне тұр ғой «Ана даңқы»,
Атақты сауыншылық сыйлығым бар.

Сақаба:

Сәндісің төскейдегі малыңменен,
Өлеңді қадірлепсің жаныңменен.
Қапиза мендей шалды неғыласың,
Қоса ағар қосақталып шалыңменен.

Үкімет арқа сүйер бір биік бел,
Халқың бар, төрт түлік сай, бір айдын көл.
Аман жүр қайда жүрсең, ақ тілегім,
Баулыған ұрпағыңның қызығын көр.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз