Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нүсікей мен Шәпей айтысы

Нүсікей, Шәпей Шәукебайқызы · 2 мин оқу

Нүсікей:

Жүрсіз бе деніңіз сау, есен-аман?
Тілейді амандықты мына заман.
Алыстан айтысуға келіп едім,
Орнығып отырыңыз бері таман.

Шәпей:

Жиналды бұл айтысқа қауымдарым,
Менде жоқ сондай мықты ақын дарын.
Үй-ішің, бала-шаға, мал-басыңмен,
Аман ба туыс-туған, ауылдарың?

Нүсікей:

Ақынға орай біткен иегіңіз,
«Астында тіл көмекші тиегіңіз».
Адамға жөн сұрасу үлкен парыз,
Кім болады, нақ айтшы, сүйегіңіз?

Шәпей:

Төскейден малым келед суға шуап,
Дәл бүгін көлеңке емес, Күн күншуақ.
Үш қайнаса қосылмас сізге сорпам,
Сүйегім – Шоға ішінде болады Уақ.

Нүсікей:

Құдаша екенсің ғой, онда, маған,
Айтарым бар, құдаша, онда саған.
Жайғасып та жарасып отырайық,
Жақындап отырыңыз бері таман.

Шәпей:

Алыс емес, отырмын қасыңызда,
Аздау үлкен сияқты жасыңыз да.
Ақбурыл тартып қапты, әжім түсіп,
Байқасам, уа, құдеке, басыңызға?

Нүсікей:

Қайтесің, шаштың айтып ақ-қарасын,
Ажыммен қоса айттыңыз екі арасын.
Қиыннан қиыстырып айтсам болды,
Халқыма алуан түрлі сөз сарасын.

Шәпей:

Байланысты жасыңыз шашыңызға,
«Кәрі» демей отырмын қасыңызда.
Айттырып мені алмайсыз бүгін мұнан,
Таласым жоқ, құдеке, жасыңызға.

Нүсікей:

Өзіңді, отырмын мен, мыңға балай,
Демеңіз «қайта сұрап мұның қалай?».
«Ұлттық бір көзқарас көп Сағсайда» деп,
Айтып жүр ғой, бұл қалай, ел бірталай?

Шәпей:

Қарасөз – самал соққан жел емес пе,
Біліп ал, ақын Шәпей мен емес пе.
Көзім көріп, қолыммен ұстағам жоқ,
Айтып жүрген мен емес, ел емес пе.

Нүсікей:

«Сүйенер, - деген сөз бар, - қайың талға»,
«Кез келдім, - деп ойлама, - кәрі шалға».
Елден естіп әншейін сұрағаным,
Замандас көңіліңе ауыр алма.

Шәпей:

Болсаң жақсы замандас өзімменен,
Кезіксең ойнап жүрем өзіңменен.
Бір түскен әкемменен суретің тұр,
Көріп кет үйге барып көзіңменен.

Нүсікей:

Әйелдің қуы екенсің, Шәпей ақын.
Ондай болса болдың ғой тіпті жақын.
Сыйластықпен айтысып осы жолы,
Ешқашан ұмытпайық ата салтын.

Шәпей:

Жақсыны жат көрмеуші ем жанай қонса,
Жақсыменен әрқашан орта толса.
Бұрын таныс болсаңыз әкемменен,
Тісімді батырмайын ондай болса.

Нүсікей:

Ақын деп естуші едім сені сырттан,
Ақынға пайда бермес босқа қыртқан.
Осымен уақытша дем алайық,
Ұят болар, замандас, мына жұрттан.

Шәпей:

Сәлем айт ауылыңа дұғай-дұғай,
Құрбыжан ер жігітсің – ығай-сығай.
Қауіпсініп қалдың ба, онда өзің біл,
Тағы да кезігерміз бұдан былай.

1960 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз