Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аятхан мен Зәлике айтысы

Аятхан, Зәлике · 3 мин оқу

Аятхан:

Амансың ба, Зәлике, замандасым?
Замандасын ақын қалай жамандасын.
Кешірім ет, өзіңе жолды бермей,
Айтыстың, жібердім мен, бастап басын.

Құралай көз, қыпша бел, ақша маңдай,
Білемін – қара өлеңге сен жезтаңдай.
Елің аман, жұртың тыныш, мал аман ба,
Былтырғыдан табиғат биыл қандай?

Аман ба туыс-туған, үлкен аға,
Аман ба ауыл-аймақ, бала-шаға?
Амандасу қазақтың ата салты,
Болғанда заң да жаңа, заман жаңа.

Зәлике:

Өзің де аманбысың ауылыңмен,
Ағайын, туған-туыс, қауымыңмен?
Үй-ішің, бала-шаға, үлкен-кіші,
Жеңге, жегжат, сыбайлас бауырыңмен?

Айтатындай болды ғой биылғы жұт,
Қарамай бір-біріне болды быт-шыт.
Бергенін алса дағы берері көп,
Кеткен жоқ, кұдайға шүкір, береке-кұт.

«Ерді құдай, етікті нәлі сақтайды»,
Бәйгеден келген жүйрік алшақтайды.
Көрсетші шанағың мен шабысыңды.
«Ақын» деп бір өзіңді ел мақтайды.

Аятхан:

Затым – қазақ, сүйегім болад – Сарбас.
Айтқаным сүйегімді қате болмас.
Айтыстық қой, көрерсің өз көзіңмен.
«Ақынмын» дегеніме адам нанбас.

Жаратқан ерекше ғып қазақ ұлтын.
Болдырып ешбір кемсіз іш пен сыртын.
Сыйласып та сырласып айтысайык,
Ақынның, жақтырмаушы ем, топта қыртын.

Зәлике:

Айтыс деген әншейін кеңес емес,
Арада болмау керек кектік егес.
Қалайша, сен, ертерек ескертесің.
Айтыс деген нақ майдан қырттық емес.

Көңіліңе жағады әзіл қандай,
Сезесің барлығын да, сен, жезтаңдай.
Неге отырсың, Аятхан, қуыстанып,
Аяқ-табақ ұрлаған ұрылардай?

Өткен айда барып ем нағашыма,
Жиен жуық, қашанда, нағашыға.
Жүрсің бе барып-келіп биылғы жыл,
Аяш, сен, Сырғалының ағашына?

Аятхан:

Не жетсін әзілдесіп ойнағанға,
Бірігіп той-думанда тойлағанға.
Айтқың кеп неменені, сен, отырсың,
Ішіңде бір бүкпе тұр ойлағанда?

Өркендеп келе жатыр Өлгей қала,
Оянып күн-күн сайын ой мен сана.
Қолыммен істегенді мойындармын,
Жазықсыз, әйтеу, маған жаппа жала.

Зәлике:

Қайтарда жүресіңдер ойлап, қырлап,
«Ой – батпақ, дейсіңдер ғой, қыр жақ - құрғақ».
Солардың ішінде сен жоқ шығарсың,
Шоферлерың ұсталды ағаш ұрлап?
Бір үйлі жан – бір үйдің әулеті ғой,
Сән-салтанат, тамаша сәулеті ғой.
Ұрламай сұрап алса болмай ма екен,
Ағаш та үкіметтің дәулеті ғой?
Жігіттерде ұят аз, кейде арсыз,
Қарсы жауап айтуға қамданарсыз.
Естіген соң, отырмын, әдейі айтып,
Сол ұрының ішінде сіз де барсыз.

Аятхан:

Тайынбас дариядан етек түрген,
Қырандай, бұл Зәлике, мені бүрген.
Ағаш ұрлап жерінен біз артқанда,
Сақшылар көзін жұмып қайда жүрген?

Кейі шын, бұл сөзіңнің, кейі ағат,
Жақсы сөз тыңдағанда жанға жағад.
Қайтесіз дауды қозғап өнбейтұғын,
«Қойға да иен жатқан қасқыр шабад».

Сөзіңнің басы тұнық, аяғы лай,
Көріңіз, берем жауап, тағы сынай.
Дәніккен дәмін алса қоймайды ғой,
Сақшыңыз сақ боп жүрсін мұнан былай.

Зәлике:

Өлгейдің тауы – тақыр, ойы – жасаң,
Әйелміз, қарсыласпай болдым бәсең.
Кемістікке кешірім көп болады,
Болды ғой алғаныңды мойындасаң.

Аятхан:

Екенсің, Зәкең ақын, өте зерек,
Көзіме көрінесің елден ерек.
Түтіні шығып тұрған үй болса егер,
Ол үйге жағатұғын отын керек.

Не ұттық ескі сөзді ұқпағаннан?
Қорықпаймыз жасырынып бұқпағанда.
Ағаш жақпай, үйіңе, не жағасың?
Сақта құдай, түтіні шықпағаннан!

Зәлике:

Сөзің зілді екен ғой әріптесім,
Атыңда да тұр екен үлкен есім.
Сыйласып та сырласып жүрейік, біз,
Өмірдің, кім біледі, ерте-кешін.

Аятхан:

Келісімге келтірер сөздің шыны,
Кек көрмес естігендер, Зәке, мұны.
Ұрласақ, келсін сақшы, төлейік біз,
Емес қой екі-үш ағаш – ердің құны!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз