Молдахан мен Шәмел айтысы
Молдахан Есікбайұлы, Шәмел · 3 мин оқу
Молдахан:
Ассалаумағалайкүм, ақын аға,
Басқа ақын сізден сөзді асыра ма.
Сөзіңіз көпке бірдей ортақ еді,
Өлгейдің қарты менен жасына да.
Шәмел:
Қарсы алдым сәлеміңді Молдаш бауыр,
Іздеп келген ырымың қандай тәуір.
Үлкенге кіші келіп сәлем берген,
Атам қазақ салты ғой алқалы ауыл.
Молдахан:
Сізді естіп келіп қалдым көрейін деп,
Әдейілеп сізге сәлем берейін деп.
Алдымда бастайтұғын ағам тұрса,
Қуаныш, ойлап жүрем мерейім деп.
Шәмел:
Кәбетай сыбызғышы отыр келіп,
Әдепбай келген жоқ па маған серік?
Айтысқалы жүрмісің бұл айтыста,
Өзіңдей жас ақынның атын көріп?
Молдахан:
Дарыған жасыңыздан сізге өлең,
Бірінші рет жұмысым сәлем берем.
Бұлғыннан бір жас ақын келет дейді,
Сонымен айтыспақпын, Нарзан деген.
Шәмел:
Мен де тосып отырмын Әдепбайды,
Қарт ақын деп естіп ем сөзі ыңғайлы,
Айтысар хал-шамаңды ойла, бауырым,
Нарзан да атақты ақын тоқталмайды.
Молдахан:
Шақырған ақындарды әрбір жақты.
Сынайын осы жолы берер бақты.
Шешінген дариядан қорқа ма, ата,
Бауырың не болса да ұрынбақшы.
Шәмел:
Бой бұлдап, кісі таңдап кетпе тайқап,
Баяула алғашында сөзін байқап.
Тайпалған қара шәрі жорғасындай,
Кетем деп мен де отырмын бір-ақ шайқап.
Молдахан:
Ақындарды естуші ем осындағы,
Кім болса да жүргем жоқ шошынғалы.
Көрмеген бұрын жарыс тұйық едім,
Бәйгеге келіп тұрмын қосылғалы.
Шәмел:
Айтыстың болады екен жарыстары,
Еліңнің ойымда тұр табыстары.
Ақынның арыстаны кез болса да,
Отырмын мен де өзіңдей алысқалы.
Молдахан:
Білем ғой сіздің өлең соққан желдей,
Арналы өзен, айдынды асқар белдей.
Сізбенен кім пар келіп айтысады,
Жол беріп құтылмаса қарсы келмей.
Шәмел:
Дамыста аймағымыз Баян-Өлгей,
Кейбір жыл елден кетіп жүрдім көрмей.
Бір ойым осы жолы қайтпақшымын,
Жастарға үлгі болып, кісі жеңбей.
Молдахан:
Келген көп қой осында қасыңа еріп,
Көп жақсы ғой қысылса жанға серік.
Талай тойда жүлде алған жүйрік дейді,
Қайтқаның жөн жастарға жолың беріп.
Молдахан:
«Айтыс» деп ақын аға сізге ұсынды,
Бауырыңыз айтысуға көп қысылды.
Қорыққан емес, сыйлаймын, қойсақ қайтед,
Басқа ғой деп жинап ем бар күшімді.
Шәмел:
Қорғаншықтық айтыста болма ойда,
Келгенсің айтысуға жиын-тойға.
Шамаң келсе қорғанбай алысып көр;
«Алыссаң атаңды жық» деген қайда.
Молдахан:
Жинады тамашаға халқымызды,
Байқадым мен де сіздің нарқыңызды.
Жығылсам ұяты жоқ, аға, сізден,
Біледі Баян-Өлгей даңқыңызды.
Шәмел:
Бой тартпай келсең кеп қал тіресуге,
Ақын сөзі халықтың үлесінде.
Жігіт болсаң менімен айтысып көр,
Сөзімнің сенім күшті жүйесінде.
Молдахан:
Айтысып сынатайық сөзді көпке,
Қатарға отырдың ғой бетпе-бетке.
Аяма, «үлкен ғой» деп, әлің жетсе,
Бұрын айтыс көрмеген жас екенсің,
Ренжіме тегеуірін батып кетсе.
Молдахан:
Қалайша көп қарайсың жан-жағыңа,
Ілінер деп ойлама қармағыңа.
Ендеше сіз - іздеген, мен - сұраған,
Шыдап көр үйіріп кеп шалғаныма.
Шәмел:
Орынға ағаң шықты таласуға,
Таласуда сөгіс жоқ баласына.
Сен шалсаң, мен белдесіп көрейінші,
Алпыс үш жас қарасын шамасына.
Молдахан:
Неге төніп қоймайсың, аға, маған,
Үлкен сыйлау білсеңіз мына заман.
Мұның да жөн, ыза боп отырсың ғой,
Бес кемпірдің біреуі бұйырмаған.
Шәмел:
Ол рас, сыйластықта мына заман,
Жолар емес кемпірлер маған таман.
Сырымды, сырласқам жоқ, қайдан білсін,
Келмейді деп отыр ғой менің шамам.
Молдахан:
Кемпірден неге отырсыз күдер үзіп,
Кезінде кездеседі нелер қызық.
Кемпіріңіз өмірден өткен болса,
Өзгеге қайтесіңіз көзің сүзіп.
Шәмел:
Бауырым сенен сұрар жалғыз сұрақ,
Маған керек, қартайдым, жайлы тұр.
Өзіңді нағыз мықты жігіт дер ем,
Жіберсең осы жолы басым құрап.
Молдахан:
Әлі де қалмапты ғой еркек затың,
Ел шығарар деген бар ердің атын.
Сонда ғана мен мықты екенмін ғой,
Сөйлесіп алып берсем сізге қатын.
Шәмел:
Өмірде көрмегеннің бәрін көрдім,
Жақсы менен жаманның соңына ердім.
Байқамай бір артық сөз айтып қаппын,
Қош аман бол осымен жолым бердім.
Молдахан:
Айтыс болды тамаша бір үлкен той,
Өзімде жоқ ағатай жамандық ой.
Ағатай, кешірім ет, жолым бердім,
Жасың үлкен қадірлі ағасың ғой.
1963 жыл.