Білди мен Күләш айтысы
Білди, Күләш · 2 мин оқу
Білди:
Келдің бе, мына тойға ақын Күләш,
Жан едің жас кезіңнен болған сыйлас.
Дәл бүгін нақ бабыңа келіпсің ғой,
Іркілмей қара сөзге жайшы құлаш.
Күләш:
Айтысқан ақынмын ғой талай тойда,
Тұрғанда қамданып қал жаның бойда.
Менімен бірге жатып шыққан жоқсың,
Білди-ау, атам қазақ аман қайда?
Білди:
Келдім мен мекендеуге «Их бұлан»,
Жазды күн желі тартып байлар құлын.
Ұмытып қалғасың ба, Күләшім-ау,
Сан рет амандасқам мұнан бұрын.
Күләш:
Ол рас, биыл тиді сіздің ірге,
Отырып құбыласың талай түрге.
Аянбай айтарыңды, сен, айтып қал,
Келгенде, құдай айдап, бірме бірге.
Білди:
Бітіпті, бұл Бұлынға терексіз тал,
Көптеген қоныпты ғой кемпір мен шал.
Ел менен жердің сырын алғаным жоқ,
Менде жоқ, өзіңде айтар немене бар?
Күләш:
Ол рас, бізден бөлек жүрдің қиыр,
Бар екен түйе менен ешкі, сиыр.
Байқарсың, «судың-дағы сұрауы бар»,
Байқасам, секілдісің ағашқа үйір.
Білди:
Бойжетіп қалған, өзің, қыз баласың,
Жапқалы отырмысың тал жаласын?
Кені ғой бұл Алланың, адамзатқа,
Күләш, сен, менен неге қызғанасың?
Күләш:
Ағаш тұр ғой, қорғады таудың аңын,
Кім-кім де қорғау керек ауыл маңын.
«Судың да сұрауы бар» деп айттым ғой,
Білмейді екенсің ғой ағаш заңын.
Жігіттік толып қапты кемеріңіз,
Бар ма еді арқа сүйеп, сенеріңіз?
Байқасам, ағаш біраз жинапсыз ғой,
Бар екен үй ағаштық өнеріңіз.
Көңіліңе, айтты деп сен, ауыр алма,
Қорғайық талын кеспей біз бенен сіз.
Білди:
Өнерді ашық айту емес мақтан,
Ол рас, хабарым бар үй ағаштан.
Алайын ақылыңды, енді қимай,
Күн бұрын, дегенің ғой, мені, сақтан.
Өзің бір қыз екенсің жылпылдаған,
Сұңғыла, көптен көмес тың тыңдаған.
Тау менен тасқа матап қояды екен,
Бұл жерде ұры бар ма жылқы ұрлаған?
Ұры болса жазықсыз малға қиын,
Болмайды нақ арамдық алал бұйым.
Тал оңай, алақандай мынау арал,
Ұрыға, жөн емес пе, салса тыйым.
Күләш:
Не деген көзің өткір көрегенсің,
Жиында шындық айтқан ер екенсің.
Жігіттер бар, ол рас, жасырмаймын,
Ауылдың кетіріп тұр берекесін.
Тимейік тоғай менен біздер, аңға,
Сүйекке сала қойдың өзің таңба.
Осымен тоқтатайық, Білди ақын,
Алдары абақтыда, өткен заңға.
Білди:
Кетті ғой, Күләш сенің, зәрең ұшып,
Арғымақ жығылғандай жалын құшып.
Қой десең, қояйыншы осыменен,
Апыр-ай, отырғаны-ай, аузым қышып.
1946 жыл.