Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Белдеубай мен Күрішхан айтысы

Белдеубай, Күрішхан · 3 мин оқу

Белдеубай:

Күрішхан, аманбысың, дарабозым,
Секілді қой ішінде марқа қозым.
Қойдан қоңыр сабазға бағалаймын,
Жұртпен бірге өзіңді, менің өзім.

Еркелеткен сөзім ғой «қозым» деген,
Адамға өте керек төзім деген.
Келешекте күтемін үлкен үміт,
Күйсіз күлік, баяғы, мен бір көбең.

Мекенім қасиетті Тұлба көлім,
Қоңыржай соғып тұрар самал желім.
Дәл, биыл, әдейі барып, жайлап келдім,
Әйгілі Қобда аймақтың Қоңыр белін.

Сынайтын осы айтыс қой ердің бағын,
Өнермен өтті білем бала шағың.
Шын ба, әлде, «білед» дейді дүйім халқым,
Өзіңіз «Мәликенің жүз жұмбағын?».

Күрішхан:

Байқасам момақансың осы тойда,
Беке, сіз, отырсыңыз қандай ойда?
Не қорқып, не ұялып отырмысың,
«Ойында өрелгі жоқ» дейтін қайда?.

Баласы батыр елдің батыл келед,
Жел сөзге желмаядай, аттай желед.
Кейбіреу өтіп кеткен өмірді ойлап,
Кейбіреу азғырынды тілге еред.

Білемін бір кездерде есең кеткен,
Бірталай аңдуменен өмір өткен.
Қайтесің өткен іске тек өкініп,
Кімде-кім тайып кеткен берген серттен.

Қамшыға сап – тобылғы, ұшқат, ырғай,
Ағытып қоя берші өлең-жырды-ай.
Бұйрықша кезіктік қой, құдай айдап,
Үнемі кезікпейді заман мұндай.

Белдеубай:

Өткен іс қайтып келмес, өкіндің деп,
Сақ болдың, мықты болдың, бекіндің деп.
Өткенді ә дегенде, қозғағаның,
Өтті-кетті, Күрішхан, бекерге тек.

Өзіңді шаршы топта қысайын ба,
Сөзбенен аяғыңды тұсайын ба?
«Ұзап кетеді», деген соң мен өзіңді,
Қайтем деп отырмын ғой қыс айында.

Момын боп, монтаны боп отырғам жоқ,
Білесің бар екенін тілімде шоқ.
Тұлбада бірге тұрған болғандықтан,
Атпайын деп отырмын дәл көздеп оқ.

Оңай болмас кетсем мен бір жол тауып,
Сақтанбасаң болады саған қауіп.
Шын ба, әлде, өтірік пе, өзің айтшы.
«Кеткелі отыр, - дейді, - елден ауып?»

Күрішхан:

Атып көр, бір өзіме көзде де оқ,
Естіді айтқаныңды жиылған топ.
Ел менен жер танып жүру керек,
Ешбір пайда бермейді дүние боқ.

Отырсың, білем, басың желдей есіп,
Әр сөзді тұп-тура айтып, өлшеп, кесіп.
Кеткелі отырғам жоқ, қауіпсінбе,
Қайтадан «кірен» бұзып, Алтай асып.
Ұзақ емес Тұлбадан, барам Сақсай,
Тәуір өлең айтсаңшы, қу сөз бақпай.
Айнымалы қырандай құбыласың,
Өзіңе қай қылығым отыр жақпай?

Белдеубай:

Бір күдік тұр, елден ауып кеткеніңде,
Мекенің Дэлүүнге кетпедің бе?
Барғаныңды аман-сау, хабарларсың,
Сақсайға жеке кетіп, жеткеніңде.

Барасың байқағанда елден қиыр,
Жасымнан болып едім өзіңе үйір.
Табылды ма аман сау, дау боп еді,
Жоғалған Бұратыдан қасқа сиыр?

Күрішхан:

Отырсың ғой осыны айтқың келіп,
Өкінішсіз өзіңе өзің сеніп.
«Бай іздеп кетіп барад» демекшісің,
Қалған соң бағым қайтып, байым өліп.

Әркімде ойлайды екен ондай ойды,
Қайғы-мұң кернегенде тұла-бойды.
Алпыстан жасым асып бара жатыр,
Неғылам бүгін-ертең іздеп байды.

Биыл жыл семіріп ед, шығып бүйір,
Қара ет жоқ, семіз шығар, жалғыз түйір.
Сиырдың жөнін білсең, өзің айтшы,
Сиырың болмап па еді жаздай үйір.

Белдеубай:

Сұрауыңа жауабым отыр дайын,
Тіріде берме Алла қайғы-уайым.
«Тірі» деп отырғам жоқ, есім дұрыс,
Білемін өлгендігін сенің байың.

Сөзіме салар құлақ мына қауым,
Нұр ме екен жаңа ғана жауған жауын.
Қозғамасақ қайтеді, әй, Күрішхан,
Заң емеспіз екеуіміз, сиыр дауын.

Күрішхан:

Өзің айтып сиырды, өзің қайттың,
Менен көрме, Белдеубай, өзің айттың.
Мынауыңның, халайық, дұрыс па есі,
Айтыңдаршы ақтығын, енді қайттім?.

Бір жағынан ағайын, көрші туыс,
Сиыр үшін болмасын жанжал-ұрыс.
Атам қазақ бір кезде айтқан екен,
«Қашанда ұры арты болар қуыс».

Естіген болу керек, мына халық,
Өтірік емес бұл сөзім, рас, анық.
Өз обалың өзіңде, өзің айттың,
Құдаңыз жіберіпті етке салып.

Тұлбаның шулап отыр ой мен қыры,
Осымен аяқталсын сиыр жыры.
Монтансып білмейді деп сұрадың гой,
Құдаңменен қосылған сен де ұры.

«Күрішхан, - деме мені сөзбен ұтты»,
Тілектес бол, «Болсын - деп - жұртың құтты».
Көрерміз, ертең, тойда, аман болсақ,
Қош сау бол, уақытың дейді «бітті».

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз