Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақай мен Жалбас айтысы

Ақай, Жалбас · 4 мин оқу

Ақай:

Көксеген неткен жансың әйел затын?
Ақай болад, біліп ал, менің атым.
Берейін іздеп тауып шаршы топтан,
Айтыңыз, іздегенің қандай қатын?

Бойыңа жинап кепсің қайрат күшті,
Қалайсың, өзің, қандай өңді, түсті?
Өз теңің бе, өзге ме, айтшы маған,
Әкелсем қайтер едің «сүйек тісті?».

Жалбас:

Кім едіңіз, жеңеше, алдым сасып,
Алдым ба, ал дегенде сырымды ашып.
Затым қазақ, сұрасаң атым – Жалбас,
«Алтайдан келді, - дейді, – мені қашып».

Әйел ердің қашанда қазынасы,
Не керек, затты болса, оның жасы.
Затым еркек болған соң, мен еркелеп,
«Әйел» деп айта салған базынасы.

Ақай:

Ұят болад тойшыдан, бүйтіп айтпа,
Жігітсің, айтқаныңнан қайта қайтпа.
Жақсының жақсылығын құрмет етіп,
Жақсыны сатпаушы едім басқа жатқа.

Әкелейін, сен сүйіп, сенгеніңді,
Көрейін топта айтысып жеңгеніңді.
Қазақтар «Ұры арты – қуыс» деуші ед.
Қалай айттың, бұл топқа келгеніңді?

Топтан сына жүйріктің жарағанын.
Үкілеп жал-құйрығын тарағаным.
Дәл кім ед, атын атап, айта салшы.
Бұл тойда айтысарға қалағаның?

Жалбас:

Көп елді танымайды, мына Жалбас,
Өмірде айтқаныма адам нанбас.
Кім болса да, бір әйел әкеп берші,
Сұрамаймын сіздерден бас пен жамбас.

Өмір бұл аз күншілік тұрған қолда.
Талпынса барлығы да келер қолға.
«Ер қарызы - елінде» деуші еді ғой,
Сыйлаңдар, жүргенімде ұзақ жолда.

Халық баға береді сөзімізге,
Айтқанда байқаймыз ғой өзіміз де.
«Алыстан арбаламай» жақын жерден,
Ауыз салғым кеп отыр өзіңізге.

Дәл қазір жасым менің қырық үште,
Толған жоқ, бір ойласам, қайрат-күш те.
Кеше жатып, көріп ем бір жақсы түс,
Кім білсін, сіз бе деймін, кірген түске.

Ақай:

Ниетім ақ, болмайды ойымда кек,
Жан тартқанды жасымнан көрмеймін жек.
Әйел іздеп отырған соң аң-таң болып,
Отыр ма, деп ойлап ем, мені еркек деп.

Қателікті, анамын, бәрін кешем,
Жел сөзге желмаядай желдей есем.
Айтысуға дайынмын өзіңменен,
Еркек демей, өзімді әйел десең.

Тәуекел, дарияға салдым кеме,
Не шықсын, не шықпасын, қайғы жеме.
Артық-ауыс айтыста, айтып қалсам,
Көңіліңе ауыр ап, қалай деме.

Болып көр бүгін тойда әріптесім,
Өмірдің кім болжаған ерте-кешін.
Тартынбай құлашыңды бір сермеп қал,
Тыңдаушы, мынау, неткен ақын десін.

Жалбас:

Өнер қуып үйрендім текке жатпай,
Дүбір көрсем тұра алман жүйрік аттай.
Айтыссаң, айтысудан неге қашам,
Отыр ем, мен, айтуға сізге батпай.

Ақынға әрқашанда ақын жуық,
Болмайды бір-біріне әсте суық.
Өмірге келгеніме қуанамын,
Қазақ боп келгеніме ер боп туып.

Кеп жүрмін «Қазақ» деген елімізге,
Асқар тау, айдын шалқар көліңізге.
Бас идім, келе жатып, тізе бүгіп,
Айдын шалқар, асулы беліңізге.

Осылай келіп қалдым дәмім тартып,
Жылаймын бір Аллаға құлдық айтып.
Еліме бірін қоймай, бәрін айтам,
Кетіп қалсам егерде, биыл қайтып.

Ақай:

Жүрісің, емес шығар, сенің, суық,
Жүрмісің сырыңды айтпай, жайып-шуып?
Сен, өзің, қашан келдің осы жаққа,
Келдің бе жолаушылап, туыс қуып?

Көрмеген жан екенсің, сірә, жасып,
Байсалды, сөйлемейсің асып-тасып.
Әрбіреу бізге айтады кезіккенде,
«Келді, - деп, - Алтай асып, мұнда қашып».

Бетпе-бет кезіктік қой, міне, бүгін,
«Ел кешеді, - деген бар, - ердің құнын».
Осының қайсысы шын, айтшы, Жалбас,
Шыны менен айырып өтірігін?

Жалбас:

Жөн білмейтін жаманды қинамашы,
Сый білмейтін наданды силамашы.
Келуім мен кетуім де үлкен сыр бар.
Дәл бүгін «шыныңды айт» деп қинамашы.

Өмірден кімдер кетіп, кім келеді,
Дәл қазір, айтшы, маған кім сенеді?
Басын айттым, аяғын өзің ойла,
«Ер жігіт үйде туып, түзде өледі».

Ақай:

Кең қолтық, сен сиясың, Абақ Керей,
«Керей» деген сөзде бар үлкен мерей.
Туыс пенен туған бол, жат емессің,
Қойнымызды ашамыз «пәлен» демей.

Қолдасын, ақ тілегім, сені Алла,
Жүргенде елден алыс, ұзақ жолда.
Тілегім – басың құра, отаулы бол,
Отауың келешекте болсын орда.

Жалбас:

Рақмет, бұл да сенің силағаның,
Той болдырып, топ шақырып, жинағаның.
Анасың алды менен артын ойлар,
Жанымды сен қазбалап қинамадың.

Қобда кетем, аман бол, келгенімше,
Қызбаушы ем, жүріс шығып, желгенімше.
Азғана ортаңызда болдым, бүгін,
Осы түн ұмытылмас өлгенімше.

Алдымда тұр, кім білсін, бір ұзақ жол,
Өзіңе, ұзақ жаса, айтарым сол.
Өліспесек, тағы да көрісерміз,
Көргенше, Ақай ақын, қош аман бол!

Ақай:

Шыққалы отырсың ба, ұзақ жолға,
Бір Алла пана болсын ұзақ жолда!
Азаматым, аман жүр, қайда жүрсең,
Тілегім – әрқашанда Аллам қолда!

Екенсің, байқап қалдым, ойлы, зерек,
Шын тілесең тілегіңді Алла беред.
Алдыңды ойлап, жүргенде сақ болып жүр,
Ер жігіт алыс жолда нелер көред.

Қайда жүрсең, тілегім, жолың болсын!
Аналық ақ тілегім, менің оным.
Жақсылықпен ойыңыз орындалсын,
Аман жүр, қайда жүрсең, міне қолым!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз