Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қасымхан мен Ғалия айтысы (2-бөлім)

Қасымхан Алдабергенов, Ғалия Сейдеғалиева · 2 мин оқу

Бұл сіздің алпыс жылда өскенің бе?
Болмаса «жаңалыққа» көшкенің бе?
Аузыңмен айға барып қоныс салдың,
Көп істер ойда қалды бөскеніңде.

Қолыңа ал, домбыраңды ақын ағам,
Танылған әніменен сахнадан.
Алысқа барар өзен жай ағады,
Бұлаққа басын иер сарқыраған.

Қасымхан:

Тағы да жыр төгейін толғай-толғай,
Айтарым, ен байлығым өзің болғай.
Жете алмас байлығына Қостанайдың,
Енші алған өзімізден шағын Торғай.

Атасам Алтынсарин Ыбырайды,
Күдігің көңіліңдегі ыдырайды.
Күні боп көкжиектен көтеріліп,
Көп жерге оқу-білім нұрын жайды.

Қазақта кім білмейді Би-ағаны,
Ол да бір бәйтерегім қиядағы.
Халықтың ұлт-азаттық қозғалысы,
«Жалбыр» боп көкірегімде ұялады.

Ақын қыз айтарыңда жыр, әніңді,
Бойыңа өлшеп сөйле, біл әліңді.
Қостанай берді тұңғыш қазағыма,
Журналист Мұхамеджан Сералинді.

Дарқанмын дарындарға не ғажайып,
Қаламын, еске алсам, мен тыңайып.
Солардың ішінде бір біліктісі,
Кәдімгі профессор Дарқанбаев.

Айтамын Наурызбаев Кәкімжанды,
Қолынан ұлы адамдар қайта оянды.
Ең алғаш білесің бе осы дарын,
Қостанай топырағына ою салды?

Ғалия:

Әкемсіз, ақын аға, сыйласатын,
Жерің жоқ меніменен қинасатын.
Қостанай жүзге келген жүлделісің,
Орынсыз мін тағуға қимас ақын.

Ауданды Таран атты араладым,
Келмейді, ақын әке, қаралағым.
Қимапсың Таранға да ескерткішті,
Бұл істі ұмытқан деп шамаладым.

Күнделік өскеніңе мақтанасың,
Сыпырып сылдыр сөзді ақтарасың.
Тарандар деген жоқ па өлерінде:
«Кейінгі ұрпағыма бақ қарасын!».

Торғайдың топырағында жатыр Таран,
Мен оны құрметтеймін, есіме алам.
Не айтар ең, сол Таран жетіп келіп:
«Саумысың, – десе саған, – ақын балам?».

Болыпты Меңдіқара, Боровский,
Дей алмас мұны ешкім жөн емес қой.
Сол жерден Көбеевке бір көшені,
Берсеңіз, ақын аға, көп емес қой.

Ұйқастың ел тілейді сай түсуін,
Ырғақтың жұбын жазбай бай түсуін.
Тыңдаушы ерсі екен деп ойламасын,
Өнерпаз жас пен кәрі айтысуын.

«Танымас күш атасын» деген нақыл,
Шындыққа айналды ғой бүгін ақыр.
Жекпе-жек жеңе алмассың, ақын әке,
Бойшаңдау бір жігітті тағы шақыр.

Атақты шопаным бар Біргебаев,
Табысы қанаттанған ірге жайып.
Жүз қойдан жүз қырықтан төл өсірді,
Табыскер өресі өскен елге лайық.

Қойларың Бестау менен Орқашыңда,
Жүр екен қара батпақ ортасында.
Қой емес баққандарың, қоян шығар,
Жоқ екен жылан қарақ сорпасында.

Есілдің естідің бе Кереевін?
Ол батыр жүрген жері кілең егін.
Он бір мың тонна астықты берді тасып,
Осындай болуыңды тілеймін мен!

Қысы-жаз танытқан соң алыптығын,
Бір мықтым – Смыкалова дәріптерім.
Іздері сайрап жатыр Сарыарқада,
Жолындай жаңа үйренер әліппенің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз