Қасымхан мен Ғалия айтысы (1-бөлім)
Қасымхан Алдабергенов, Ғалия Сейдеғалиева · 2 мин оқу
Қасымхан:
Армысың Арқалықтан, Ғалия қыз,
Торғайға ақындығы жария қыз.
Қоңыр қаз қонамысың, құрақ ұшып,
Алдыңда айдын көлдей дария біз.
Тотысың түлеп өскен нұр бағында,
Өрен жыр – өршіл өмір құндағында.
Асылдың сынығынан болармысың,
Нұрханның үні қалған құлағыңда?
Маралдың баласындай жаудыраған,
Шұғыла жанарыңнан жауды маған.
Сымбатың өнер үшін жаралғандай,
Торғайдың табиғаты айнымаған.
Ақ иық қыранымын Қостанайдың,
Таранып, тыныстаймын астында айдың.
Арқадан көтеріліп, Алатауға –
Жетіп мен, ақ болаттай жарқылдаймын!
Қияннан қас қарая қыраулатып,
Қайтпаса, тояттайды қыран қайтіп?
Айлалы алпыс екі алтайыны,
Еріксем, ермек етем мың аунатып.
Арынды алқымыңда болса да екпін,
Қызығын көрсетейін жекпе-жектің.
Жан сауға, жалтаруға жеткізбейтін,
Төбеңнен төне түсер тас түлекпін.
Қостанай қос орденді – құт мекенім,
Біледі бүкіл әлем құтты екенін.
Тарихта талай-талай ізі жатыр,
Ерліктің, батырлықтың, жыр-нөсердің.
Атыңды жырға қоссам толғай-толғай,
Кетемін көтеріліп көкке самғай.
Салғанда шаршы топқа шалдықпаймын,
Қостаушым – Қостанайым өзің болғай!
Ғалия:
Қырандай жыр көгінде самғап келем,
Тербелген көкірегімде салмақты өлең.
Торғайдың тотысымын, топшылымын,
Тең түсер таралғымды таңдап келем.
Тізгінін отты жырдың ағытайын,
Мен бүгін ақындықты танытайын.
«Қызым» деп айтысуға елім салды,
Тәуекел, белдесейін, қағытайын!
Торғайым – жыр бесігі Арқадағы,
Көңілдің сырын шертіп тарқатады.
Әр күні, әр сағаты байлық, бақыт,
Арайлап күліп атар Арқа таңы!
Ақтылы қой қаптаған алабында,
Ақ бидай басын иген танабында.
Жентектеп женттей ойып кенін қаздық,
Ақынның жыр болардай қаламында.
Жәй тастап құлашымды көсілейін,
Бұрымын қыздай жырдың өсірейін.
Төбеңнен жарқылдатып жай отындай,
Торғайдың толқын жырын көшірейін.
Ыбырай ашқан алғаш бастауыштан,
Білімнің оты көкке бастап ұшқан.
Бір кезгі бастауыштан институт,
Біз аштық, келді студент барлық тұстан.
Өлеңге Нұрхан атам құндақтаған,
Алысып асау жыры шыңды аттаған.
Күдері, Сейдахмет пен Есенжолдар
Кезінде кімге жырын тыңдатпаған?!
Қайнекей, Сырбай, Ғафу өлкесінен,
Мен келдім қарт Торғайдың өр төсінен.
Құшақтап бала барса, қарсы алатын,
Қонаққа жайып тастар көрпесі кең.
Торғайым – тұнық жердің алабындай,
Көркейіп күнде өсуде заманындай.
Жеңетін қиындықты ерлік ісім,
Он орап Қостанайды алатындай.
Қостанай жүзге келген мақтанышым,
Сан байлық бұлақ болып жатқаны шын.
Айтуға астанада тура келді,
Жаныма жара болып батқан ісің.
Бір кезде болғанменен, небір мықты,
Жұмысын филармония доғарыпты.
Тойына республикам алпыс жылдық,
Бұл сіздің табысың ба жаңалықты?