Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мүтәліп пен Қалдыбек айтысы (2-бөлім)

Мүтәліп Қыраубаев, Қалдыбек Әліқұлов · 3 мин оқу

Мүтәліп:

Отанның зор байлығы – алтын дәнім,
Келтірер нан көп болса елдің сәнін.
Қалдыбек, құлақ салып тыңдап отыр,
Келіп тұр сол туралы хабарлағым.
Атасы ақ күріштің Жақаев бар,
Екі рет Еңбек Ері жұртқа мәлім.
Өзінің диқаншылық кәсібіне,
Үйреткен кейінгі ұрпақ балаларын.
Атанған Еңбек Ері, Батыр ана,
Бір дастан тарихы бар Ұлбаланың.
Жылда алған жоғарғы өнім ақ күріштен,
Мұны айтпай бүгін қалай құр қаламын.

Өсірген тәрбиелеп он бір бала,
Сәлима – жұлдыз таққан Батыр ана.
Сайланды СССР-ға депутат боп,
Партия бағалады асқан дана.

Ол былтыр жиырма гектар күріш екті,
Аянбай күндіз-түні еңбек етті.
Суарып баптап-күткен нәтижесі,
Рекордтық өнімге қолы жетті.

Тағы да Әлішева Күләшіміз,
(Десеңіз қалдырмастан сыр ашыңыз).
Сексен бес центнерден әр гектарға,
Алды өнім, айтар бәрі сұрасаңыз.

Тұршабек Елеусінов – Еңбек Ері,
Ерлерді ардақтайды Совет елі.
Жүз екі центнерден гектарға алған,
Батырдың бос кеткен жоқ төккен тері.
Қадиша мен екпінді Хегайым бар,
Талайды таң қалдырған өнімдері.
Келтірген гектарына жүз центнер,
Кей жылы бұдан-дағы болды ілгері.
Он тоғыз миллион пұт ақ күрішім,
Отанның қоймасына төгілді енді.
Елу бес центнерден әр гектарға,
Облысым бойынша өнім берді.
Аттарын түгел атап берер едім,
Өлеңің деп айтпасаң ұзап кетті.
Қысқасы, абыройлы жастарым көп
Риза еткен партия мен үкіметті.

Қалдыбек:

Аз емес жасампаз жан еңбек еткен,
Облысқа, Одаққа даңқы кеткен.
Өндіріс, шаруашылық саласында,
Абыройға, атаққа қолы жеткен.

Өршиді соларды айтсам асқақ үнім,
Сайрайды сандуғаштай қызыл тілім.
Осы отырған халықта кім білмейді,
Мырзашөл мақтанышы Жұмагүлін.

Жұмагүл еңбегімен елге жаққан,
Мақтадай нәзік дақыл бабын тапқан.
Одақтық парламенттің депутаты,
Омырауға жалау мен жұлдыз таққан.

Бір таңға таусылмайды менің жырым,
Білесіз Қалдыбектің ондай сырын.
Мүтеке, мақтанғанмен оза алмайсыз,
Біздегі байқасаңыз істің түрін.

Білерсіз аңғарсаңыз сөз жағдайын,
Сіздерде кейбір басшы өз жағдайын –
Көп ойлап, газеттерде сыналып жүр,
Не болды, айтыңызша соның жайын?

Бұрынғыдай Аралдың суы қайда,
Сыр бойының тоғайы, нуы қайда?
Табиғатты қорғауға мән бермейсіз,
Не болады күріштен түскен пайда?

Мүтәліп:

Ақыным, сөзбен бәрін тегістедің,
Жоқтай-ақ айтып жатсың кемістерің.
Жасырып кемшілікті қала алмайсың,
Келіп тұр кей сөзіңе келіспегім.

Аулыңды бірнеше күн араладым,
Ісіңді жақсы-жаман бағаладым.
Шымкент – өндірісті үлкен қала,
Қыдырып көшелерін жағаладым.
Шаң-тозаң, түтін торлап көк аспанды,
Таза ауа қармансам да таба алмадым.
Облысың қанша жақсы болғанымен,
Қалаңның осы жерін қаламадым.

Сарыағаш қатар жатыр Келеспенен,
Келесте былтыр мақта тек өспеген.
Кезінде кемшілікті түзетпестен,
Жүріпсің құр айқайлап өңешпенен.
Биыл да мақтасының мазасы жоқ,
Әр жерде жалғыз талы елестеген.

Қалайша ол жоспарын орындамақ,
Су жетпей өсімдіктің көгі өспеген.

«Күйікте» кемшілік көп орын алған,
Мәлімет-ақпарының көбі жалған.
Жинаған мал азығын өлшегенде,
Бір жүз алпыс тоннасы жетпей қалған.

Почтасын «Байжансайдың» есіңе алғын,
Мен бұған түсіне алмай аң-таң қалдым.
Сердюков, Нәлібаев деген қулар,
Жеп қойған пенсиясын кемпір-шалдың.
Қалдыбек, сен қырағы ақын болсаң,
Ертерек соны көрмей қайда қалдың?

Ауылыңның атап айтсам кемшілігін,
Жанашыр ол да менің кеңшілігім.
Әрине, бетке басып айтқан дұрыс,
Ұнамсыз кей жұмыстың ерсілігін.

Қалдыбек:

Мүтеке, айыбы жоқ сын айтқанның,
Әрине, жала жаппай шын айтқанның.
Әділ сынға жан пида, мойындаймыз,
Бәрі де рас осында сіз айтқанның.

Сыныңыздан қорытынды шығарамыз,
Қандай қамал болса да біз аламыз.
Келер жылы көріңіз нәтижесін,
Келсеңіз құшақ жайып құп аламыз.

Шабытпен шат өмірдің жырын айттым,
Арайлы Октябрьдің нұрын айттым.
Отан – ана, ел – халық, туған жердің,
Жасарып, жайнап өскен түрін айттым.

Мүтеке, менің сырым сізге аян,
Алмайын уақытыңызды етіп баян.
Көріскенше күн жақсы, міне, қолым,
Осымен өлеңіме нүкте қоям!

Мүтәліп:

Шымкенттің ақыны едің жолы болған,
Өлеңнің дариядай молы болған.
Ағаңмын жасым үлкен – жолым үлкен,
Үлкеннің айып емес қолын алған.

1980 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз