Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Темірбек пен Жұмабай айтысы (2-бөлім)

Темірбек Мұқышев, Жұмабай Сейдахметов · 3 мин оқу

Қарасаң қолдан еккен ағашыма,
Пұл жетпес сатып алсаң бағасына.
Бұлбұлдың сүйкімді үні сүйсіндіріп,
Шаттықта жастарым жүр арасында.

Мен-дағы айтар сөзге бөгелмедім,
Темеке, тыңнан шыққан өлеңдерім.
Асқабақ, қарбыз, қауын, қиярларға,
Реттеп желі тартып көгендедім.

Темеке, келтірмеші намысымды,
Айтайын жұрт алдында табысымды.
Мал мен бас, жер мен суда кемісім жоқ,
Алдыңа салып өтер бар ісімді.

Сенің де айтқаныңда жоқ қой кеміс,
Қалдырмай мақтап өттің бәрін тегіс.
Егер де мендей жалқау, жаман болса,
Аларсыз бұл үлестен сіз де бөліс.

Елімде толып жатыр табыстарым,
Шапса да қандай жүйрік қалыспадым.
Тұқымы жеткілікті совхоздардың,
Табыспен басып озам жарысқанын.

Темеке, айтқаныңның бәрі дұрыс,
Егіс те келешекке керек жұмыс.
Қамына бітік егін ерте бастан,
Жұмылды ауданымның бәрі тегіс.

Дейсіңіз тұқымының бәрі дайын,
Тексеріп мен де өттім тұқым жайын.
Жалғызкөлде тұқымың шіріп жатыр,
Жасырып көргенімді не қылайын.

Жүйрікпін озып шыққан шаршы топтан,
Темеке, ауырлама сөзім батқан.
Тағы бар «Ново-Нежин» совхозыңды,
Тұқымдық астықтарың шіріп жатқан.

Бар екен қар астында астықтарың,
Сұрасаң бірі білмейд бастықтарың.
Тұқымсыз «Тимофеев» отырғанда,
Шірігені жарай ма, қолда бардың.

Бар ма екен тексергенде менде кеміс,
Тұқымды құйып алдық бәрін тегіс.
Егіске ертеңгі күн не себесің?
Темеке, ойлағаның болмас теріс.

Бұл сөзді әдейі сізге қастағам жоқ,
Кемістің бетін рас ашпаған көп.
Кезінде астығымды жинап алдым,
Астықты қар астына тастағам жоқ.

Зябіңді толықтырмай орындадың,
Облыста нешінші орын алдың.
Таранның үндеуіне жауап бермей,
Әшейін бетін бүркеп қоя салдың.

Жүз сексен мың гектардай егін егем,
Көбіне баданадай бидай себем.
Әр гектардан жүз пұттай өнім алып,
Он миллион пұт қоймаға астық берем.

Темірбек:

Айта бер ақын інім, толысыңды,
Байқармын мен де сенің шолысыңды.
Берермін сұрауыңа кейін жауап,
Айтайын сәулеттенген қонысымды.

Бос жатқан еді бұрын жапан дала,
Астынан жеміс өнді бара-бара.
Таусылмас кенді қазып қопаруға,
Салынды шахтерлерге жаңа қала.

Қатарласа қарашы бойың көтер,
Мұндайға сенің қашан қолың жетер.
Үш көше сәулеттеніп жарқырап тұр,
Үй салдым көлемі үш мың шаршы метр.

Мен жатыр ем деп жүрме өзі тиді,
Өнім артық алады берген сыйды.
Ауданның көлемінде сексен мектеп,
Бұл мектепте сегіз мың бала оқиды.

Ішінде оқушының өскені бар,
Білімнің жаңалыққа көшкені бар.
Дайындап білімпазды шығаратын,
Ауданда механизм мектебі бар...

Біздің ел озамын деп байып отыр,
Құлашын жарысам деп жайып отыр.
Дайындап бар сайманды жаңа жылға,
Жоспарды орындауға дайын отыр.

Ақынның таусылмайды айтса жыры,
Керемет түгел айтса іштің сыры.
«Победа» колхозында тегіс бітіп,
Дайын тұр жер жыртуға тракторы.

Айтпаймын аз жұмысты ауыз толмас,
Басқалар жетемін деп әуре болмас.
Істеген басшылықты ынтасымен,
Дейді жұрт «бригадир Инчук жолдас».

Кемістік неге айтпайсың бар шыныңды,
Жоспардан біз береміз артық мыңды.
Күшімен механизм қопарамыз,
Жаңадан жүз мың гектар қара тыңды.

Сәулетті көрінбейді салған үйің,
Барлығын жасырмаңыз қандай күйін.
Ауданда тамағы жоқ шайхана тұр,
Қонаққа қайда сенің қылған сыйың.

Орынсыз дей көрмеңіз мені сөкті,
Ауданда баратұғын қонақ көп-ті.
Тамақты мезгілінде пісірмепті,
Жоқ дейді істейтұғын продукті.

Тарады дәнеме ішпей жиылған көп,
Басшылар ойламапты тамағы тоқ.
Айтылар мұнан кейін тағы бәрі,
Жайылған столында дастархан жоқ...

Мен сондай аралауға болдым құмар,
Сезімнің жиылған көп мінін сынар.
Бар екен екі дүкен, қызыл бұрыш,
«Демалыс, ашылмайды», – дейді бұлар.

Қараңғы көріп едім, барған түнде,
Дүкені жоқ демеймін басқа мүлде.
Жазбай-ақ дежурка деп ат қойыпты,
Ас сатып тұр трактор вагонында.

Болдыңыз ауыр жүкті көтерген жан,
Келмейсіз қай жағынан сіз маған пар.
Клубымда күні-түні ойын-сауық,
Он жеті Семиозерде магазин бар...

Алдымда зымырайсыз желген аттай,
Өткір тіл өлтірмей ме жанға батпай,
Жетерлік енді Сізге болған шығар,
Тоқтайық сөздің артын көп ұзатпай...

1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз