Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ержан мен Әзмұхамбет айтысы

Ержан Ахметов, Әзмұхамбет Терлікбаев · 2 мин оқу

Ержан:

Көріп пе ең Қараталдай біздің жерді,
Мәуелі неше түрлі жемістерді?
Көтерген тоғайымен сәнді көше,
Көз тартып көруге әсем, көріктенді.

Жайлауым Алыбай-Боқан, Сауыр, Сайқан,
Жарқырай көліменен Сәмен жатқан.
Малымыз төрт түлігі түгел сыйып,
Малшылар масайрап жүр оны баққан.

Әзмұхамбет:

Ақындыққа жөн емес бөгелген соң,
Тоқтамай сөйлеу керек жөнелген соң.
«Ақжардың» совхозынан сөз сөйлейін,
Көпшілік көңіл қоштап жіберген соң.

Ер қанаты арғымақ асыл қандай,
Біркелкі жылқыларым сай тасындай.
Қора-қора қойларым жайылғанда,
Тарбағатай, Маңыраққа жатыр сыймай.
Диханымның түсімді алтын дәні,
Десем болар Мичурин алмасындай.
Шаруашылық дамыды, өркендеді,
Ертістің көз жеткісіз арнасындай.

Ержан:

... Пункт жоқ тоғытатын қойыңызда,
Қотыр болар дейтін жоқ ойыңызда.
Тоғытпаған қойларың тақыр жалақ,
Айтасыз енді не деп соныңызға?

Пункт салсаң, колхозда күш жетпей ме,
Қолға алса, еңбекшілер іс бітпей ме?
«Ақжарда» адамдардың көбі бос жүр,
Басшылар оған айтып істетпей ме ?

«Қандысу», «Жетіарал» мен «Ластыөзен»,
Салынған диірмен бар неше жерден.
Болмас па ед тартып берсе жемді соған,
Малыңа ас болмай жүр бітеу жеген?

Әзмұхамбет:

Ауданнан алсаңыз да талай нұсқа,
Қойдан бердің көп шығын осы қыста.
Қалпына шаруаны келтіре алмай,
Дабылың жетіп жатыр облысқа.

Ақыным, сөз сөйлейсің желдей шауып,
Құр сөзбен озған бар ма еңбек тауып?
Совхозда клуб жоқ па, жастар жоқ па?
Алты ай қыста болмапты ойын-сауық.

Басшың жоқ кемшілікке назар салған,
Мәдениет жұмысын ойына алған.
Алтыншы товарлы сүт фермасының,
Жөнделмей клуб үйі құлап қалған.

Тастама тере сөйле кенедейді,
Безентіп домбырамен тіл-көмейді.
Мұжықсу, Көкадайдағы оқу үйі,
Неліктен дұрыс жұмыс істемейді?

Емшілік Қараталда аз емес қой,
Тұқымың шашып жатқан таза емес қой.
Егісің, өгіз аяң аз алдында,
Көрген жан жұмысына риза емес қой.

Ержан:

Коммунист Бапақовтай шопаным бар,
Еткен жоқ оған әсер биылғы қар.
Шығынсыз талай жылдар мал бағуда,
Еңбекпен озып алған ордені бар.

Байғали Жексенбаев малын баққан,
Сайқанның саясында күлім қаққан.
Қойлары семіз, етті, жібек жүнді,
Жарқырап ер кеудесін медаль жапқан.

Әзмұхамбет:

Широков үздік озат Еңбек Ері,
Көктемде сапалы айдап жер игерді.
Еңбек Қызыл туын да алды бірде,
Бар оның медальдан да жүлделері...

Миллиардқа қосты үлес Әубәкіров,
Отыз жыл еткен еңбек ешбір тынбай.
Жиырма бес центнерден түсім алған,
Айта қойшы, аулыңда кім бар мұндай?..

Ержан:

Әзеке, кемшіліктің айттың жөнін,
Шындыққа дау айтуға шықпайды үнім.
Басшылар салақ қарап, жем-шөп жетпей,
Рас-ақ, қозыдан да болды шығын.

Айттың ғой Қармақ пенен Қатаровты,
Малды олар салқындықпен қаңтарыпты.
Қыс тұрғай, жазда малды шығын еткен,
Сіздегі Омарғазин қайда бұқты?

...Қотыр, көнтек көбейген қойыңызда,
Емдету жоқ па Сіздің ойыңызда?
Сіздерде үйде «емдейтін» дәрігер бар,
Әзеке, соны қозға, соны қозға!

1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз