Кенен мен Халима айтысы
Кенен Әзірбаев, Халима Өтеғалиева · 3 мин оқу
Кенен:
Кедейді ең алдымен алға ұстаған.
Халима, әріптесім бері отыршы,
Шал едім келінге көп жамбастаған.
Келінжан, шайқасуға бар ма шамаң,
Көпшілік сөз бастауды берді маған.
Әуелі есендесу елдің салты,
Халима, бала-шағаң бар ма аман?
Атыңды жүруші едім сырттан біліп,
Естуші ем өнеріңді оқып-біліп.
Шал екен деп Халимаш, күдер үзбе,
Көп ішінде бетімнен қойшы сүйіп.
Сырымды мына жұртым білген қайдан,
Адамның дос болмағы осындайдан.
Тоғыз келін, қырық балдыз қоршап отыр,
Халқымнан айналайын қолын жайған.
Мен өзім кешке дейін жалықпаймын,
Айтыс десе ақ сұңқардай шарықтаймын,
Латипа, Мөртай және Бәтимамен,
Айтысып талай елді анықтадым.
Халима, атыңды естіп құмар едім,
Кәрі деп енді мені налытпағын.
Ат арғымақ бола ма,
Алыс ұзап шаппаса?
Батыр ұран бола ма,
Бастап шеру тартпаса?
Ақын – ақын бола ма,
Халық ішінде осындай
Төгіп өлең айтпаса?
Мерген – мерген бола ма,
Жауды көздеп атпаса?
Шопан жақсы бола ма,
Өсіріп қойды бақпаса?
Көп ұзартпай сөзімді
Сізге кезек берейін,
Қызығыңды көрейін.
Айып етпе, ел-жұртым,
Бұдан артық не дейін.
Әйел құмар Кенен ем,
Бетіңнен келін, өбейін.
Қазақстан шатты күн,
Айтысып жатқан сәтті күн.
Өрендерім, ұрпағым,
Ойнап-күлер тәтті күн.
Осыменен тоқтайын,
Қызып кетер аптығым.
Ал келінжан, Халима,
Сен де айтып бір көрші,
Өнердің ашып қапшығын.
Халима:
Шіркін-ай, ауыр екен өлім деген,
Бұл ажал еш пендеге көрінбеген.
Кешегі асқар таудай Мұхтар қайда,
Адам жоқ естігенде егілмеген.
Бұл фәни дүниеден мен де кетем,
Өлгенше көргенімді жырлап өтем.
Балауса жас өмірім өтті-кетті,
Кенеке, сол күнімді арман етем!
Көпшілік қаумалап тұр іштен, сырттан,
Бағалап сынай білер сөзді ұққан.
Қызымын Исатай мен Махамбеттің,
Ерлікпен, ақындықпен аты шыққан.
Кенеке, сәлем бердім өлеңменен,
Құрбысыз заманың бір дегенменен.
Бас қосқан ақын-әнші осындайда,
Қағыспай қалуымыз бола ма жөн.
Сен бе едің Қордайдағы ақын Кенен,
Құлағым «Кенен» десе елеңдеген.
Түсімде үш ұйықтасам бар ма менің,
Кенеке, қатарыңа келем деген.
Сен бе едің, ақын Кенен Қордайдағы,
Шалдардың жуан мойын, сер бойдағы.
Кешегі теңдіксіз күн еске түссе,
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы.
Кәнеки, енді жүрші маңайымнан,
Қарт қыздың шошынарсың ырғайынан.
Жүйріксің жетпісіңе желіп жеткен,
Теріңді шұбыртайын самайыңнан.
Қолымда праволы документім,
Жазылды қамшы тиген жаралы етім.
Келгенде кемпір жасқа қайрат беріп,
Көтерді қолтығымнан үкіметім.
Келсең-кел, Кенен құрбы, қолыңды бер,
Қарт қыздың көрсетейін кереметін...
Әуеде бір жұлдыз бар, жұптамадым,
Кененжан, уәдеңді мықтамадың.
Аузыңнан «жаным» деген бір сөз естіп,
Дөңбекшіп өткен түні ұйықтамадым.
Әуеде бір жұлдыз бар ай көзіндей,
Шоқ шашпай, алтын айдар мен де өзіңдей.
Кенен сал, аяғыңды ширақтау бас,
Сүйретпей байдың жалқау кербезіндей.
Жарасқан құндыз бөркің басың қандай,
Күмістей жылтылдаған шашың қандай.
Біздермен тағдыр қосып дәмдес болсаң,
Кененім, болар көңілің тасығандай.
Ішінен осынша жұрт мені қалап,
Отырмын мен де сізді ерге балап.
Әркімнің өз қатары өзіне алтын,
Мен үшін жас жігітсің жаңа талап.
Кенен:
Өлеңің Халимажан, қандай тәтті,
Қартайған жүрегімнің шамын жақты.
«Дөңбекшіп» төсек жайын айта кеттің,
Болсын сол уәдеміз енді нақты.
Сөз табылса айтайын,
Қуатыңды байқайын.
Жұмыртқа бол Халимажан,
Бауырыма салып шайқайын.
1961 жыл.