Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Баймұқаш пен Шабалы айтысы (2-бөлім)

Баймұқаш Қалабаев, Шабалы Бітебаев · 2 мин оқу

Қызылту даласының алып төрін,
Жаз көрсең жайқалады толқып егін.
Күз көрсең дәннен үйген ақ шоқылар,
Еріксіз есің шығып кетер сенің,
Бойкүйез, ықылас жоқ еңбек десе,
Көрдім мен қырсауыңның бос жүргенін.

Шабалы:

Баймұқаш:

Құр мақтан кенеуі жоқ жығар жарға,
Өзің айт куәлігін салып арға.
Әр жүзден жүз он жеті қозы өсірген,
Шәмердей колхозыңда қойшың бар ма?

Әрінов Кәмен сынды жас шопаным,
Мыңғыртқан әр жыл сайын өз отарын.
Міндеттен қабат асып қозы мен жүн,
Шайлатты қалың майға баққан малын.
Адамым осы тектес, бәрі сондай,
Емес жай айта кетер бірді-жарым.
Айтқожа, Уәли, Нығмет, Уақас, Сыздық,
Қаларсың есеңгіреп тізсем бәрін.
Ал сен де жоспарыңа төрт мың жетпей,
Шабандап, Шабал інім, кейін қалдың.
Жаным, сен ширатсаңшы адамыңды,
Ұясы бола бермей жалқаулардың.

О, Шабал, тауың қатар, жерің бөктер,
Сырт көзден шалғай жатқан едік шектер.
Осындай қалтарыстың кесірі ме,
Неге көп колхозыңда еріншектер?
Артынан алты адамды еліктіріп,
Шұбатқан Шортанбайды өзің тексер.
Жүргенде жорғалыға жол бермейтін,
Ақ саусақ, бойы сылаң келіншектер.

Шабалы:

О, Байке, тым дардитып, сандағыңды,
Сүрінер ойламайсың аржағыңды.
Қозының санын ғана ұстап бетке,
Мақтайсың биыл артық алғаныңды.
Мен емес бөспе сөзге бос жармасар,
Білемін бұл жағынан қалғанымды.
Егер де таразыға түсер болсақ,
Баспайсың тас салсаң да салмағымды.

Баймұқаш, жайың бар ма оңалғандай,
Өнеге мал жағынан бола алғандай.
«Қыс көзі қырау» деген мәтел де бар,
Қарашы таяп қалды қораң қандай?

Баймұқаш:

Ізденіп міндер таға келгеніңде,
Қызығып Қызылтуды көрмедің бе?
Қамыстан салған қорам ұнап кетіп,
Ішіне жылдам басып енбедің бе?
Жалғас деп, сенен көмек сұрамаймын,
Қорамның кемдік болса жөндеуінде.
Колхозшым істеп шыққан одан зорды,
Қысылшаң не қарбалас кездерінде.
Өткіздім қой қырқудың бәрін қолдан,
Уақыт жеме-жемге келгенінде.
Былығып жатар едім, әлде болса,
Қарқаралы МТС-на сенгенімде.

Ерлерім жыл басынан өрге самғай,
Жұмысқа сыбанған-ды бірі қалмай.
Ісінің қорытындысын жасау үшін,
Келеді сол қарқыннан әлі танбай.
Шөп шапты он бес жасар Мәру қызым,
Үш айда бір күн тоқтап дамыл алмай.
Ортаңа өнегеге жіберер ем,
Күз болды, күн қытымыр, жерің шалғай.

Суреттеп айтылса да әрі батым,
Фактысыз сөз шіркінде болмас татым.
Клубты күмбірлетіп орталыққа,
Орнаттым киноның да аппаратын.
Осының өзінен де ұқсаң, Шабал,
Тұрғанын көрсетпей не шығып атым.
Малшыңа қыстақ сайын жеткіз соны,
Шынымен патриот болсаң ақын.

Шабалы:

Дәуірлеп әр сөзіңмен, Байкен аға,
Клубым күмбірлеп тұр дедің жаңа.
Жақсы істі кім бекер деп жазғырады,
Мен айтам ондайларды енді ғана.
Малшыма қос бөлмелі бес үй салдым,
Солардың қамын ойлап алдын ала.
Магазин, жетіжылдық мектеппенен,
Бір жазға жеті қора аз ғана ма?

Жайқалған баққан қойы топты жара,
Жетпіс үш жасқа шыққан қойшы қара.
Шыққысыз кірсең үйі жайнап тұрған,
Мұнтаздай іші таза, шамы жаңа.

Баймұқаш:

О, жаран, құдіретті күшті, халқым,
Біздерді кездестірген сенің салтың.
Ортаңда құрдық күрес сөз майданын,
Орындап міндеттердің барлық шартын!
Тағы бір бас қосалық ендігі жыл,
Сөзіңнен ісің асып, артсын даңқың.

1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз