Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Темірбек пен Жұмабай айтысы (1-бөлім)

Темірбек Мұқышев, Жұмабай Сейдахметов · 3 мин оқу

Темірбек:

Алайын көпшілікке сәлем беріп,
Отырмын жүздеріңді жаңа көріп.
Құттықтап бүгін думан мерекеңді,
Бұлақтай ағызайын сөзді теріп...
Жалпақ тіл, қара сөзбен қошеметтеп,
Өзіммен үйлесетін келсе серік.
Жиналған тамашаға үлкен-кіші,
Шашудан татсын деймін мейіз, өрік.

Шығады айқайласам оттың лебі,
Көрінед байқағанға сөздің демі.
Ақыны Обағанның, Жұмабайым,
Келдің бе айтысуға іздеп мені.

Болады түсінгенге сөзден нұсқа,
Сен жүйрік көрінесің сөзің ұста.
Ақынның жаны тату деген бар ғой,
Сөйлейік жағдайласып облыста.

Аударған ақындыққа ықыласың,
Көрінед менен кіші сенің жасың.
Алдыңа елестетіп көрсетейін,
Ауданның табысы мен дәрежесін.

Жолына коммунизм түстім беттеп,
Көркейсін қолы жеткен жемістен жеп,
Жайқалған жеті көлдің ортасында,
Ат қойған сол себептен Семиозер деп.

Дейтұғын Аманағаш орманым ну,
Көлінде қиқулаған қаз бенен қу.
Миуасы жанға, шөбі малға жайлы,
Көлеңке бір жағы ағаш, бір жағы су.

Ақыным, таңқалмайсың бұған неғып,
Сылдырап сұлу қыздай теңге тағып.
Тауынан Құсмұрынның мөлдір бұлақ,
Жатады қысты күні жылжып ағып.

Менде көп жетістіктің қолда бары,
Қалмаңыз бейқам болып әрі-сәрі.
Байламай, қауғаламай аяғынан,
Шұбыртып ішіп жатад малдың бәрі.

Барыңды айтпайсың ба сен жасырып,
Қалады көтермесе сөз басылып.
Жерінен Құсмұрынның көмір шығып,
Жаңадан жатқан жоқ па шахта ашылып.

Мен сізді түйремейін сөзбен шалыс,
Дейді екен сүйем жақын, қарыс алыс.
Мал байлық, ел байлығын қоя тұрып,
Айтып бер болса егер өзге табыс.

Арттырар білім, өнер ердің бағын,
Кемістік көрінбейді Сізде шағын.
Ауданың облыста нешінші орын,
Айтыңыз мәдениет үлгі жағын...

Жұмабай:

Айтайын, ей Темеке, малдарымды,
Шаттандырып көтерген бойларымды.
Қой басы артығымен орындалды,
Төрт түлік түгел бізде аңғарылды.

Тасмағамбет, Дәуренбек шабандарым,
Қашаннан қойды баққан мамандарым,
Жүз саулықтан жүз отыз қозыны алып,
Еңбекпен таңдандырған жердің шарын...

Темеке, қосыларсыз сіз де бізге,
Шегі жоқ мақтаныштың мың ба, жүз бе.
Алдағы коммунизм мақсатымыз,
Көп табыспен жетелік сіз де, біз де.

Шөп орнына қойыңыз сабан жеген,
Комиссия барғанда көзі көрген.
Базыңның есігінен тесігі көп,
Бастықтар мұны көрмей қайда жүрген.

Сексен сегіз қосыңыз тағы жүдеу,
Таңырқап қарай қалад барса біреу.
Қисайып базыңыз тұр құлайын деп,
Сыртынан жиырма-отыздан қойған тіреу.

Құймақкөл совхозында жалғыз құдық,
Айдайды сиыр, бұзау, қойды тізіп.
Сиыр тұр суға қанбай басын шайқап,
Бұзау, қой судан қайтты күдер үзіп.

Процент жүзден артық бердім жүнді,
Сапалы әрі құнды, әрі пұлды.
Үкіметке бізде қалған бересі жоқ,
Темекең мұны анықтап өзі білді.

Темірбек:

Сізбенен айтысуға түстім сынға,
Үлгілі болып отыр елге тұлға.
«Сұлукөл» совхозында шопандарым,
Жеткізді қойдың басын елу мыңға.

Көрмейді шығын болып төлінде жас,
Жарымай болған емес уыздан аш.
Бір жылда күз бен жаздың арасында,
Өскені бір мың бір жүз он жеті бас.

Еңбектің істегенге алды жарық,
Қалады кейінгіге сөз боп тарих.
Сағиым Дәуренбеков озат шопан,
Малшылар слетіне қайтты барып.

Елімде айта берсем озаты көп,
Наград, медальменен тағылған шоқ.
Қалима еңбекшіге үлгі болып,
Сайланды облысқа депутат боп...

Жақсыны демейтін бе ед қатық алды,
Кім айтад жалқаулықтан заты бар-ды.
Бейсенбай, Әбжан деген қарияның,
Жазылып алтын кітапқа аты қалды.

Болады өнерлінің артық ісі,
Шықпасын жаңылыс боп сөздің мысы.
Аяғын соза бермей тоқтатайық,
Сөзіңнің түгел болсын қорытындысы.

Жұмабай:

Тыңдаңыз, мен айтайын табысымды,
Темекең сынаса да шабысымды.
Болғанда жерім құнды, малым бұлды,
Адал дос түсінеді айтқан сынды...

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз