Бикен мен Әкпар айтысы (4-бөлім)
Бикен Сембаев, Әкпар Жүсіпов · 3 мин оқу
Ауылына «Баян Сұлу» Қозы келді,
Олардың жан тербетер сөзі келді.
Көрсетіп Ғабит жазған пьесаны,
Жастарым жадыратты таман елді.
Кем жерін өз еліңнің сынамайсың,
Қайда деп жамандықты сығалайсың.
Жерінде Шолақсандық радио жоқ,
Мәнісін оның неге сұрамайсың.
Түрінен баспахана адам шошыр,
Шашылып қиқым қағаз қоқыр-соқыр.
Рататор, әліптергіш, редакторың
Үйіліп, үйме-жүйме бір жерде отыр.
Әкпар:
Қалқам-ай, қыз екенсің қызба мінез,
Таусылар алыс кетпей шыдамың тез.
Түймеден түйе жасап әңгірлейтін,
Болмашы жас басыңнан тым қатыгез.
Өзіңше бұзып-жарып шығандайсың,
Сонда да көңілден бір шыға алмайсың,
Ауданың артта екені айдан анық,
Сабырмен сын сөзіме шыдағайсың.
Қуанам көптігіне мал басының,
Қайдан сен асырайсың ел жасығын.
Отарда шөп шабылмай өткен жазда,
Ақпанда Ақмоладан жем тасыдың.
Толтырмас миллиардқа дайындығың,
Жолыңның тар көпірдей жайын ұғын.
Шашылса ақ бидайың тасығанда,
Жасырып қоямысың жауып жоғын.
Әлі де үйренбепсің тың жыртуды,
Қоймай жүр бастықтарың тымырсуды.
«Күшті екен Баракөлде тың толқыны»
Деген бір ауданыңда сыбыр туды.
Баракөл тың дәнінің қазынасы,
Құлпырған жаз гүлінің жазирасы.
Бермесін табиғаттың тартып алу,
Тыңдағы ерлерімнің қағидасы.
Секілді жасыл кілем сан алқабы,
Сарқылмас құт бұлағы Сарыарқаның.
Қосатын миллиардқа үлесім көп,
Жақын ғой шаттық әнге салар шағым.
Бикен:
Қорғалжын топырағы май, суы қаймақ,
Өсірген тәрбиелеп талай саңлақ.
Жүлде алған топтан озып талай ер бар,
Еңбекте өнерлері еліме айғақ.
Вера қыз жас сауыншы комсомолка,
Екінші үлес қосқан ұлы тыңға.
Мәпелеп жас төлдерді Құлпан да жүр,
Озам деп Баранкөлден осынау сында.
Бидайы орын тепкен қысқы қардан,
Әлі де бастықтар жоқ есіне алған.
Өткен жыл сарайларың жоқ болған соң,
Астықтан аудандарың артта қалған.
Мақтарлық «Львовты» айтып сыйқың да жоқ,
Дөп тиер әрқашанда атылған оқ.
Шіркін-ай, текке кетті-ау есіл еңбек,
Себілген жүгеріден қиқым да жоқ.
Сұлу жер Сабындыдай колхозды елім,
Өрбіткен шопандарым егіз төлін.
Шаруасы іс жүзінде өркендеген,
Басшысы елі сүйген Төлен ерім.
Қақ жарып қара жердің тас бауырын,
Тілімдеп трактормен тың сауырын.
Қажымай қайраттанып еңбек еткен,
Қалабай, Сайлаулардай жас бауырым.
Көрдің ғой біздің жердің көркемдігін,
Толқыған алтын бидай өлкем түрін.
АҚШ-ты басып озу мақсатымыз,
Асқақтап әдемі әнді шерттім бүгін.
Жырласам ел туралы, тың туралы,
Теңіздің толқынындай тың шулады.
Қызығып тыңды өлкем келбетіне,
Тасқындап жүрегімде жыр тулады.
Табысқа біздің елдер мақтанбайды,
Бас иіп жаудан ешбір жасқанбайды.
Аралап әлем жүзін еркін жүзіп,
Шалықтап Жер Серігім аспандайды.
Құрметпен ардақталсын алтын ана,
Жасқанбай ер боп өссін сәби бала.
Атомның бомбасына жол бермейміз,
Бақытпен өсе берсін сәнді қала.
Шақырам келер жылы кездесуге,
Кел бізбен күшің жетсе белдесуге.
Мойындап айтқан сынды істі түзе,
Менімен дәмең болса теңесуге.
Елімде етек алған сан миллиард,
Тау-тасты тебіренткен тың миллиард,
Көргенде миллион, миллиард жойқын күшін,
Аузына дұшпандардың құм құйылад.
Әкпар:
Сарқылмай төгіл жырым тау суындай,
Отанға бақыт нұры жаусын нұрдай.
Ел даңқын миллиардпен асырайық,
Дұшпандар көре алмаған қалсын былай.
Қорғалжын, Баранкөлмен бір тілекте,
Бір мақсат, бірге соққан бір жүректе,
Айтыстық, Бикен қалқам, әр жағдайды,
Жасқанбай әділ сынмен сыр білмекке.
Күтемін келесі жыл сабан тойды,
Жүректен сақтамақпын саған төрді.
Қош, сау бол, көріскенше қуанышпен,
Қорғалжын қуып жетсін Баранкөлді.
1957 жыл.