Бикен мен Әкпар айтысы (3-бөлім)
Бикен Сембаев, Әкпар Жүсіпов · 2 мин оқу
Қайда жүр Қанатбеков құйқылжыған,
Шақпақтап әрбір сөзден қиқым жиған.
Алса да жұмасына жеті сөгіс,
Кей істің басқара алмай сиқын бұзған.
Білеміз айтпасаң да Арықтыны,
Малдарын биыл қыста арық қылды.
Бірталай Садырбайда қозы да өлді,
Кетесің, Бикен, қалай танып мұны.
Айып жоқ болса-дағы қонысынан,
Байлыққа еркін батпай қонышынан.
Бірқатар колхоздарың ет пен жүннің,
Әлі отыр құтыла алмай борышынан.
Бар екен “Ушаковта” бес-ақ жылқы,
Емес пе өзің айтшы осы күлкі?
Көрмеден көргендей боп бастықтар жүр,
Өсірер сірә олардың жоқ-ау құлқы.
Қайсыбір колхозыңда былықтар көп.
Түйіліп талдап айтсам сұрыптай кеп.
Әлжанов қарта десе жан береді,
Әр үйдің берген асын суытпай жеп.
Белгісіз бір табын қой қайда екені,
Әзірге ашылып тұр қайғы екені.
Шөп іздеп жылы жаққа кеткен шығар,
Жоқтықтан қыстан шығар жай-мекені.
Айызың мен шырқасам қанар ма еді,
Ауданым ен дәулеттің қайнар кені.
Дос болсаң біздің елдің басымдығы,
Өзгедей ренжітпес халқым сені.
«Есілім» ел аузында екпіндеген,
Жарыста жетістікті көпсінбеген.
Қызыл ту қызықтыра желбірейді,
Шақырып, мен мұндалап жетсін деген.
Немесе, «Шолақсандық» өзің көрген,
Жыл сайын асып мұнда төлім өрген.
Атақты Бекбай шопан көптен бері,
Бір қойдан қос қозыдан өсім берген.
Тағы айтсам таңданарсың ет пен жүнді,
Шын табыс деп ойларсың өткен күнді.
Алты айда жылдық жоспар орындадық,
Қорғалжын қалар тыңдап өктем үнді.
Фермада қой қырқады электрім,
Бұл жөнде Арықтыңнан ерек тұрмын.
Ковалев, Ахмет пен Ишанбектер,
Көрсеткен шын өнердің керектігін.
Одақта аты әйгілі бір совхозым,
Атында ұлы Ленин комсомолдың.
Совхозград деп атайды сүйсінген ел,
Көргенде гүл жайнаған оң мен солын.
Саналар мұнда байлық миллионмен,
Жас батыр келеді өсіп қиын жолмен.
Табысы селдей ағып, судай тасып,
Ұласар биылғы жыл жиын, тоймен.
Басқарған Демиденко жас ұланым,
Комсомол, кеудесінде сөнбес жалын.
Көргенде көңілің толып дер едің ғой,
Болсайшы дәл осындай сүйген жарым.
Бикен:
Тоғытсам тамсандырып тілдің майын,
Тыңдай бер табысы мол елдің жайын,
Есілген мұнайлы өңір Естембетте,
Көпірген көбік атқан кенім дайын.
Қорғалжын шөпке де бай, суға да бай,
Малға ық қалың қамыс, нуға да бай.
Қайтейін, кейбір бастық кесірінен,
Жатырмыз әлі күнге пайдаланбай.
Мыңғырған отарымда сансыз қойым,
Еңбекпен араласар бақыт тойым.
Жанған соң адал еңбек аса түсіп,
Көркейіп, сол арқылы өсті ойым.
Қажымай қой өсірген Зағи апам,
Сескеніп елемейді қысты қатаң.
Тең келмей табысына бұл ісінің,
Қалпақтай ұшып түсер талып адам.
Дос болсаң, мен достықтан қашайын ба,
Бетіңнен достық үшін қақпаймын да.
Арыған малдарыңды маған жібер,
Сен түгіл басқа ауданды сақтаймын да.
Мақтандың Арықтымнан күшің көптей,
«Донской» жүрген жоқ па соған жетпей.
Белгісі осалдықтың сол емес пе,
Қалыпты жоспарланған сүті жетпей.
Екпіндеп «Ишимді» айтып есілдің бір,
Шешенсіп көп көргендей көсілдің бір.
Жүргенде ырғалумен Бертай ағаң,
Астықтан артта қалған былтырғы жыл.