Мұса мен Құдыкен айтысы
Мұса, Құдыкен · 3 мин оқу
Мұса:
Жүрсің бе сау-саламат, ақын құрбым?
Сен-дағы бұлағы едің сұлу жырдың.
Атым – Мұса, танысалық қол алысып,
Ақындық дәстүрімен, сөзден бұрын.
Ал, құрбым, жөнелейін толқындатып,
Маржандай сөз асылын түптен тартып.
Мен болсам Көкшетаудан қалағаның,
Өлеңді жіберейін көшіңе артып.
Шақырсаң майдан жерге, жекпе-жекке,
Қорғалап Чистопольдай қалман жатып.
Ақыным, әділ сын ғой көңілге алма,
Өткір тіл шымбайыңа кетсе батып.
Салайық таразыға екі ауданның,
Байлығын ақ алтындай жатқан шалқып.
Құдыкен:
Өзің де амансың ба, ақын Мұса,
Жасыңнан өлең-жырға жақын Мұса.
Келіпсің айтысуға Айыртаудан,
Сұңқардай шабытыңды шақыр, Мұса.
Менімен айтысам деп дәмелендің,
Отырып қалып жүрме тақыр мұзға...
Мұса:
Қонысым Саумалкөлдей жер шұрайы,
Шалғыны кең суатты, малға жайлы.
Бес түлік малдарымның бәрі күйлі,
Шығады түгін тартсаң қарыс майы.
Кешегі сері Ақанның туған жері,
Ән салып, сауық-сайран құрған жері.
Ұрпақтың ұрпағына аңыз болған,
Топ жарған тұлпар тұяқ Құлагері.
Қос өркеш, нар келбетті Айыртауым,
Ерге азық, тарыққанда болған сауын.
Туғызып талай батыр саңлақтарды,
Ән-күйден алқа жапқан омырауын.
Отыз бес мың гектар жерге егін салып,
Көшіне коммунизм алтын артып.
Айыртау атындағы совхозымыз,
Ен жайып, жарқын келіп жатыр шалқып!
Сүті мол сиырларым – асыл тұқым,
Келісті, еті қалың майлы құтым.
Лықсып арнам толды ақ қаймаққа,
Болған соң жылы қора, жақсы күтім.
Үш жылғы табысыңды алады орап,
Тек қана өткен жылғы сауған сүтім.
Қазына, құт орнаған Саумалкөлім,
Ақтайды құнарымен ел еңбегін.
Орденді, Еңбек Ері атын алған,
Соның бірі - атақты Тұрлыбегім!
Көрсетіп қадамынан үлгілі істі,
Еңбек десе бел шешіп алмас демін.
Қайыржан, Төлеу, Өтеш, Әбділмандар,
Ісіне бәрі маман, өңшең өрім.
Құрылған шым болаттан берік шебім,
Құр мақтан емес сөзім айтқан менің.
Кем емес жұмсақтығы құс төсектен,
Оранып ақ бөстекте жатыр төлім.
Құдыкен:
Болса да ауданым жас жасқанбаймын,
Жыр менен өлең десе аспандаймын.
Толтырып сырлы сөзбен кемдігімді,
Мен сендей жай олжаны жастанбаймын.
Айыртау дедің маған жер шұрайым,
Қазаннан жерің бар ма асқандайын?
Білесің бізде де бар ондай көрік,
Қалайша мен оныма мақтанбаймын.
Табысы артып отыр жылдан-жылға,
Жаңадан бораздалар тартып тыңға.
Биыл да зор байлықты игермекпіз,
Дабылға біз көтерген қанықсың ба?
Еңбекке еселеген, жігер қосқан,
Ауданның үндеуімен таныстың ба?
Тұқымды құйып алған қамбасына,
Күтіп тұр колхоздарым жазды асыға.
Аламыз әр гектардан артық өнім,
Менімен шамаң бар ма сайысуға?
Үйлерің шымнан салған, шалаш күрке,
Неге сен жөндемедің шамаң келсе.
Селкілдеп тіреуі тұр құлағалы,
Мектебің, астық қойма, ескі кеңсе.
Егіске дайындалу жоқ ойыңда,
Өлеңмен алқымыңнан алайын ба?
Шашылып айыр, тырма, жарма, қамыт,
Жөнделмей әлі жатыр сарайыңда.
Аулыңда көз тартатын жалғыз клуб.
Оның да терезесі қалған сынып.
Ішінде не бар, жоғын кім біледі,
Бір адам маңайламас халін біліп.
Қысы-жазы кино көрмей колхозшыңыз,
Ренжулі көрінгенге арыз қылып.
Алты ай бопты ішіне жан кіргізбей,
Есігін күзеткелі қара құлып...
Барайын енді аяңдап Сартүбекке,
Салайын кемшілікті жалпы көпке.
Алады ертеңгі күн қандай өнім,
Тұқымды сол қалпымен барып сепсе?
Қоймасы астығыңның тұрған қалт-құлт,
Кетпей ме күн жылынса суға қалқып?
Бидайда сапа болмас оған жиған,
Өзі шым қабырғасы ашық-тесік.
Астықты жатыр інге тышқан тасып.
Осындай кемшілікті көзбен көріп,
Мұның да көмегі бар игі іске,
Кінәлап ешкім бізді жатпас сөгіп.
1957 жыл.