Бикен мен Әкпар айтысы (2-бөлім)
Бикен Сембаев, Әкпар Жүсіпов · 2 мин оқу
Шалқисың мақтай беріп жер, сағымды,
Сонымен бүркейтіндей кем жағыңды.
Еліңде жеріңе сай жақсы үй аз-ау,
Жарытпас пана болып тең жарымы.
Сән түзеп тұрған жоқ қой орталығың,
Майысқан көрдім көп үй арқалығын.
Теректей жаңбыр өтсе екі жауып,
Жояды көз алдыңда бар қадірін.
Райкомхоз кемшілік бар сынай қалсам,
Көрсетер ол не көмек сұрай барсаң.
Уа, Бикен, сыры кеткен жерлерің көп,
Қайтеді, қыз емес пе ең, сылай салсаң.
Моншаң тұр құр қаңқиып жоқ жылуы,
Жұрт қойды Ізтілеуге жолығуды.
Ауыз су әрі тапшы, әрі лай,
Байлайды батпақ көше тобығыңды.
Сөйлесе телефонмен Байтілесов,
Жұрт ұғар керісінше қателесіп,
Жөндесе несі кетер байланысты,
Жүргенше өтірікті желдей есіп.
Жанбайды әлі күнге электрің,
Таусылмас теріп айтсам себептерін.
Ескі ауыл тәріздісің бүгінгі емес,
Тұрмысқа талайы жоқ керектердің.
Таңдағы тамсандырған шұғылаға,
Бөленген бәйшешекке бүгін қала.
Өмірге жаңа келген балғын бөбек,
Қарайды келешекке күлім қаға.
Оранған жасыл жібек көшелерім,
Көбейтіп биыл тағы еселедім.
Үйлерім шебер салған суреттей ғой,
Уа, Бикем, қоныстауға келсең едің.
Тағы бар бір көрнектім стадион,
Қорғалжын ол не демей ұқса да жөн.
Тең келмес бар құрылысың, Тассуатқа,
Жасайтын жезден алтын ұстаға тең.
Сүйкімді мектеп, клуб бәрі жаңа,
Бикенжан, жабырқамай бермен қара,
Осындай Қорғалжынның көркі қайда,
Мойындап кемдігіңді берік сана.
Бикен:
Мақтайсың ауданыңды баса-көктеп,
Бүлкілдеп өсек айтып, желдей өкпек.
Былтырғы үй құрылысың ғажап екен,
Ішінде ербиіп тұр жусан көктеп.
Одан да жырласаңшы байлығыңды,
Қой, Әкпар, налып мұнша қайғыруды.
Мен салсам оңды-солды сөз семсерін,
Көрсетпе көп алдында тайлығуды.
Жетпей қап кей кербезге папкаларың,
Жөн емес жұмыссызды сақтағаның.
Қоймады Бөкенов пен Ахметовтер,
Жұп жазбай әр конторды ақтағанын.
Баздарың былығып тұр құлап қалған,
Қисайып қабырғасы сұлап қалған.
Құдықтай маңайында шұңқырлар көп,
Оңдамай дәтің қалай шыдап қалған.
Еңбекте біздің жастар ерінбейді,
Кердеңдеп кер маралдай керілмейді.
Шайпау тіл Асанова секілді олар,
Жұмыстан ешқашан да жерінбейді.
Көруге байлығымды бармайсың ба?
Жарады төтеп берсең талмай сынға.
Тұзың жоқ дүкеніңде арнап келіп,
Қарызға бір салым тұз алмайсың ба?
Көлімнің бір байлығы – ондатырым,
Көрмеген мұндай аңды Арқа бұрын.
Жайнаған жарқ-жұрқ етіп жанат түсті,
Өзің де таңданарсың көрсең түрін.
Жасайтын неше түрлі дәмді тамақ,
Жейтұғын аңсағанда етке балап.
Ақмола, Қарағанды асханасын,
Балығым мекендеген қашаннан-ақ.
Байқасаң ойым теңіз, сөзім кеме,
Бұл топта екеумізге халық төре.
Көрінер ой жүйрігі жырымыздан,
Көрсетіп жеңіл мінез желпектеме.
Әкпар:
Ей, Бикен, ашынасың қалай-қалай?
Сылдырап сылдыр сөзбен алдымды орай.
Мініңді қалың топтан жасырсаң да,
Айтайын есіңді бір тандырғандай.
Демеймін жеріңе сай малыңды көп,
Жайқалып текке жатыр шалғының көк.
Шіркін-ай, қой мыңғырар сол өрісті,
Етті ғой кей бастығың табысы жоқ.