Баймұқаш пен Шабалы айтысы (1-бөлім)
Баймұқаш Қалабаев, Шабалы Бітебаев · 2 мин оқу
Баймұқаш:
Қырандай қалықтаған қиядағы,
Аққудай қанат жайған тұмадағы.
Жез таңдай, жыр жебеген сылдыр көмей,
Асқақ ой ақын жаны бұла-дағы.
Толғанса төгілмей ме сөз тасқыны,
Өзендей жөңки тартқан құламалы,
Ашпаса ән арнасын осындайда,
Ақынға кешірмейтін күнә-дағы.
Айқайға алайын бір басып-басып,
Шашуым болсын көпке ұнағаны,
Мұндайда күйбең қағар күшеншек жан,
Шалшықтай жылап аққан жырадағы.
Телегей теңіз етіп шалқытайын,
Халқымның өлең болса сұрағаны.
Ардақты малшылардың арқасында,
Шалқымай жаным қайтып тұра алады?!
Күміс көл көбік атқан, жерім жәннат,
Балқұрақ, көкорайлы шығанағы.
Ақ көлім, ақ ару ғой аршын төсті,
Қаусырған құшағымен сай-саланы.
Құлшынған еңбек десе, ерлерім көп,
Мал, егін қайыстырған кең даланы.
Бергендей соның нағыз куәлігін,
Отырған мына жиын мың қаралы.
Келіпті көктей өтіп колхозынан,
«Советтің» шаң жұқпайтын мұз табаны.
Ежелден салғыласқа жаны құмар,
Сөз сауған қира кезік бұл Шабалы.
Қояды қозғалақтап қарап маған,
Мін тауып, ілік іздеп сынағалы.
Несіне дүр атандым Баймұқаш боп,
Тартпасам төрт есе қып сыбағаны?!
Шабалы:
Советтік ұлы дәурен заманында,
Мен өстім жыр тамылжып тамағымда.
Шоқтығы өркеш-өркеш тау тізбегі,
Арқаның аулым жатыр алабында.
Сеңгір тас Аққайыңға иек артып,
Кер құлжа асыр салған алаңында.
Дәулетім өрбіп күнде етек жайған,
Өлкемнің сыймай шалқып табанына.
Сәлемім Сеңгір тастың сөресінен,
Құт қоныс, кең жайлауы дөңесінен.
Шетіне көз жетпейтін көк орайы,
Өзеннің аққан асау көбесінен.
Жіберген өкілдерін осы тойға,
Шаршы топ колхозшының келесінен.
Коллектив болып шешкен барлық істі,
Ауылым Ақтайлақтың кеңесінен.
Айбынды Совет аттас колхозымның,
Мыңғырып мыңдар өрген белесінен.
Ерлер мен еңбектегі аруымнан,
Халқымның көпті көрген кеңесінен.
О, Байке, жаңа мені шалдың неге?
Қанжардай өткір тілдің жебесімен,
Төрт есе сыбағаны сіз тартқанда,
Боларын қайдан таптың бересі мен?
Баймұқаш:
Тартуға бар жақсыны соған арнап,
Дайындап жатыр едім онан парлап.
Табыстың салтанатын көштей тізіп,
Колхозшым түгелімен тойға бармақ.
Алуға шаршы топтан төрден орын,
Кәрі-жас бірі қалмай ұмтылды аңдап.
Облысын толтыруға белін буып,
Білегін түріп алды өңкей саңлақ.
Тап қазір қызу жұмыс үстіндеміз,
Өйткені жатыр жұртым соны қамдап.
Жарыста жеке-дара шығып алға,
Той күні топты жарып бәйгені алмақ.
Құт шалған колхозымның көркемдері,
Балауса, шұрайлы шөп, барқыт белі.
Кең далам шеті ұласып көкжиекке,
Туырылған топырағының құнар сөлі.
Құяды рақатын жүрегіңе,
Кең айдын шалқып жатқан шалқар көлі.
Толқиды жаныңды бір тербеткендей,
Желпісе тұнық бетін самал желі.
Қаз-үйрек еркелетіп балапанын,
Сұңқылдап әнін төгер аққу сері.
Ойнақтап асау тайдай еркін жүзген,
Ақ балық айдынында өскен төлі.
Жерімнің арғы шетін Ақжол бастап,
Қосқопа құшақ жаяр онан бері.