Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Болман мен Желеу айтысы (1-бөлім)

Болман Қожабаев, Желеу Жақыпов · 2 мин оқу

Болман:

Уа, мереке болды қызық, жұртты жиып,
Айтуға аузым толып, жатыр сыйып,
Бақ қонған, қыдыр орнап астанамда,
Бәріңе сәлем берем, басымды иіп.

Өйткені, менің жырым елдің жыры,
Ел үшін еңбек еткен ердің жыры.
Қара алтын, сары алтынмен көмкерілген,
Көк майса, көделі өскен жердің жыры.

Қозғайын әңгімені жүрегімнен,
Өзімнің міндетті ісім тілегіммен.
Ал енді, Желеу ақын кезек бердім,
Өзіңнің шын сөйлеші, жүрегіңнен.

Сөз келді бас-басыңа табылатын,
Даусыңды жұртың отыр сағынатын.
Бұрынғы көзің көрген кәрі тарлан,
Жері жоқ табан тайып жығылатын.

Желеу:

Ассалаумағалайкүм, ақын Болман!
Ақынсың шын шежіре қойның толған.
Мысалы өміріне таусылмайтын,
Халқым бар биік өсіп, берік қорған.

Ақындар құтты болсын, бас қосқаның,
Үлгілі қарт, білімді жас достарым!
А, Бөлеке сөзді біраз қозғайықшы,
Өлеңнің кеңнен жайып дастарқанын.

Екеуміз келген жоқ ек айтысқалы,
Мінекей, сөзіңе сөз қайтысқаны.
Мерт болсақ екеуіміздің біреуіміз,
Адамның жамандамайд қай дұшпаны!

Сондықтан алды-артыңды сөйле байқап,
Кетпесін табысыңды кесір шайқап.
Халқым ең Қарағанды берекелі,
Әлі де кемшілікте жүрсің малтып.

Ақсақал, түсіндің бе, мен не дедім,
Кездесіп бұдан бұрын көрмеп едім.
Сөйлейік тәртіппенен көп алдында,
Жұмысын істемейік сенбегеннің.

Демеңіз Желеу сөзді тәмамдады,
Бұл сөзден осынша жұрт хабарланды.
Жасыңның үлкеніне бас иемін,
Ақсақал, енді міндет саған қалды.

Болман:

Шырағым, жолға түскен жорғадайсың,
Шекердей көктен тамған сорғалайсың.
Мінімді айтат деген кісідей-ақ,
Ағалап мұнша неге қорғалайсың.

Айтайын жерім менен елдің жайын,
Көп созып сөз аяғын не қылайын.
Ұлытау, Қарқаралы қатар жатқан,
Ағызған төрт түліктен малдың майын.

Болғанда малым сондай, кенім қандай,
Дүние сәулеленіп нұр жанғандай!
Кетеді, о, шіркін-ай денем қызып,
Толғанып домбыраны қолға алғанда-ай.
Өндірісін Қарағанды айтып өтсем,
Болады қорқып жүрек қозғалғандай.
Сен-дағы кезегіңде айтарсың сөз,
Мәнісі табысыңыз болса сондай.
Ер мінез ер көңілі түзеле ме,
Осындай атағы асып, бақыт қонбай!
Шырағым, жасың кіші баласың ғой,
Кетпеңіз жығылдым деп осы жолда-ай.

Қарағанды – Қазақстан босағасы,
Олардың бірдей өскен мал мен басы.
Бұл күнде жұрттың бәрі жырлап отыр,
Солардың қанша қазына, ықыласы.

Жезқазған ар жағында жедел жатқан,
Ағады алтын болып таудың тасы.
Сөзіңді өлшеп сөйле, қарақтарым,
Олардың болмас тіпті қатарласы.

Желеу:

Уа, Бөлеке, мен сөйлейін берсең кезек,
Сөйлеме, жоқты-барды тілді безеп!
Барды бар, жоқты жоқ деп, шын сөйлейік,
Орынсыз келіспейді сабын езбек.

Халыққа отыр сөзің жария боп,
Бұрыннан келе атыр ең дария боп.
«Жарымым» деп ініңді кемітесің,
Мен сізді сыйлап едім «қария» деп.

Көрейін ерегессең ерегісіп,
Көрген жоқ ем бұрын да ісім түсіп.
Нәрінен қарт кісінің түңілсеңіз,
Көрейін келсеңіз кел арқаң қышып.

Інісі еркелейді ағасына,
Жақсының жаман жетпейт бағасына.
Өзіңді үлкен, басқаны кіші біліп,
Біреудің қап жүрмеңіз табасына.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз