Таубай мен Аманжол айтысы (2-бөлім)
Таубай Қирабаев, Аманжол Әлжанов · 3 мин оқу
Талай ер мал өсіріп баққан жоқ па?
Ерінбей еңбегімен жаққан жоқ па?
Шам-шырағым Самаев Алпысбайға,
Үкімет алтын орден таққан жоқ па?
Облыс қарауында он бес аудан,
Ереймен жайлау алған биік таудан.
Құйқалы жері соны, шөбі шүйгін,
Боз жусан, кер бетеге бітік қаудан.
Сондықтан бізге жұт жоқ, Тәукең аға,
Жете ме ойлаңызшы, бұған баға.
Келіңіз, көрем десең Тың өлкемді,
Қонақты қарсы аламыз құшақ жая.
Таубай:
Байлығы Қызылорда мал мен егіс,
Еңбек қып жейді халқым содан жеміс.
Ақындық көз жеткенмен сөз жетпейді,
Шалқыған шаруамды айтсам тегіс.
Ортадан Сырдария ағып жатқан,
Халқымыз арық қазып жолын тапқан.
Көк шалғын екі жағы майса құрақ,
Сонікі орған егін, шөбім шапқан.
Қаратау, Сарысуды жазда жайлап,
Азбайды қыста малым Сырда баққан.
Ар жақта қой қыстайтын Қызылқұм бар,
Қорам мол қауіпті емес боран соққан.
Осындай жер байлығым арқасында,
Қойларым жылына екі егіз тапқан.
Егеді жүз мың гектар елім күріш,
Дәрілеп тұқымдарын күтіп дұрыс.
Алтындай ақ күріштің арқасында,
Халқыма жылдан-жылға қосылды ырыс.
Атанған еңбек ері ерлерім көп,
Ерінбей еңбек етіп істеп жұмыс.
Ұстазы Еңбек Ері күрішімнің,
Жақаев Ыбырайым қолы құрыш.
Сол қартты қайда десең «Қызыл туда»,
Көз тартып көк күріші тұрған суда.
Ыбекем «Қызыл тудың» қызырындай,
Гектардан жүз центнер берген жылда.
Қайтпайды қатты еңбектен қолын сілкіп,
Жеңімен маңдайының терін сүртіп.
Санасаң жүзден артық болар соя,
Бір дәннен өнген күріш болар бір түп.
Тамыры тал шыбықтай кеткен терең,
Бір талы үзілмейді тартсаң жұлқып.
Әлемге аты еңбекпен мәлім болды,
Естіген бір көруге болады ынтық.
Аты асыл, ақ күріштің өнегелі,
Қызығын жиып-терген көреді елі.
Үлгі алып ұстаз тұтып Ыбекеңді,
Ерлікке талай шәкірт ере келді.
Ыбекем ел дәулеті үйді дәнді,
Еліме еңбегіме үлгі салды.
«Бейнеттің түбі – рахат» деген осы,
Мемлекеттік Лауреат боп сыйлық алды.
Мінезі Ыбекеңнің тал жібектей,
Сөйлейді күле қарап жан жүректей.
Күріштің жайын біреу сұрай қалса,
Үйретіп жібермейді мәлім етпей.
Айналды қарт жүрген жер рахатқа,
Өшпейтін қалдырды атақ жұрағатқа.
Қазақстан Жоғары Советіне,
Сайланды үш мәртебе депутатқа...
Кейбір жас жігітпін деп жылмаңдайды,
Ақынсып той-думаннан құр қалмайды.
Шалсынып шалып жығып кетейін деп,
Аяғын сырттан алып бұлғаңдайды.
«Піскенше бура басы, жас ботаның
Басынан, – деген сөз бар, – дым қалмайды».
Аманжол көп айтасың, байлығыңды,
Жатыр деп Таубай біліп қай мінімді.
Жарқыным, жала жауып көп тиіспе,
Сыйласып жақсы көрсең жәй жүруді.
Аманжол:
Ой, шіркін, кеудеге кеп қамалады,
Әр түрлі сөз жүрекке жамалады.
Елімнің өткен күнгі өмірлері,
Көз алдыма тізіліп саналады.
Қазір бізде ойлашы, арман бар ма,
Қанағыш қаскүнемнен қалған бар ма?
Не тапсаң соның бәрі өзіңдікі,
Қолыңнан бүгін тартып алған бар ма?
Алғашқы жарық көрген кезімізден,
Игілікті таза жол салған бар ма.
Бейбітшілік жолымен біз келеміз,
Уа, Тауке, осымызда жалған бар ма?
Әрі ақын, әрі қоғам қайраткері,
Ардагер Сәкен ақын туған жері.
Артына өлмес тура сөз қалдырған,
Баяндап не қылайын, біледі елі.
Қажымұқан, Балуан Шолақ сонда туған,
Палуандық, батырлықтың жолын қуған.
Алысып алыбымен талай елдің,
Белдескен белі сынып, бетін жұмған.
Уа, Тәуке, таласарлық күшің қандай,
Тиісіп, өзің келіп, қышынғандай.
Көлемің Қорғалжыннан аса алмайды,
Толғаншы, өзің қандай, түсің қандай!
Алтынды Бестөбедей кендерім бар,
Белгілі Жүкеновтай ерлерім бар.
Отырған қазық қағып қарауылдап,
Көмбелі көмір, темір дәндерім бар.
1961 жыл.