Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таубай мен Аманжол айтысы (1-бөлім)

Таубай Қирабаев, Аманжол Әлжанов · 2 мин оқу

Таубай:

Ағаға талантты іні құт болады,
Жақсыға жаман іні жұт болады.
Сөзге бай көрінесің тілге шешен,
Айтыссаң Аманжолжан, құп болады.

Інімсің отаудағы тік тұратын,
Айта отыр, барың болса ұқтыратын,
Тіліңді жарқыным тек тарта сөйле,
Мен емес жасық шалың ықтыратын.

Аманжол:

Сермеймін құлашымды қанат қағып,
Көпшіліктің алдында шабыттанып.
Кезекті Тәукең аға бергеннен соң,
Көрнекті жыр төгейін құмарланып.
Сыртыңнан айтысыңды талай көріп,
Ынталанып оқушы ем айызым қанып.
Бәйгеден талай келген тарлан едің,
Адалдықпен жүретін еңбек жанып.
Әзілім ауырлау боп кетіп қойса,
Жүрмессіз ондай іске бос шамданып.
Көп алдында көсіліп айтысуға,
Келдім жаңа ойланып, аз қамданып.
Ерінбей байлығымды айтып берсем,
Тамсанып тыңдамақшы жұрт таңданып.
Жасы кіші ініммен тірестім деп,
Үлкендікті білдірме құр арланып.
Ен жатқан еркін байлық арқасында,
Келмей ме өз-өзінен сөз жалғанып.
Толғау сөз болып жатыр айта берсе,
Мұндайға бөгелмейтін құр алданып.

Сондықтан ең алдымен өлкемді айтам,
Сарыарқада даңқты еркемді айтам.
Көп түлік малдарымды семіртемін,
Мың жусан бетегелі өртеңді айтам.

Қопарып терең жыртқан тыңымды айтам,
Алтын кен таусылмайтын қырымды айтам.
Жаңа бет, жаңа тілек Тың өлкенің,
Даңқына ерекше арнап жырымды айтам.

Биылғы бітік шыққан егінді айтам,
Бірінші шамшырақтай ерімді айтам.
Екінші астана боп атақ алған,
Қарқынмен қанат жазған елімді айтам.

Мыңғырып малға толған даламды айтам,
Жайнатып жаңа салған қаламды айтам.
Барлығын техниканың күшіменен,
Меңгеріп еркін жеткен шамамды айтам.

Еңбектен қалыспаған қартымды айтам,
Бөгетсіз жүріп жатқан қарқынды айтам.
Сәулетті, салтанатты, сәнді тұрмыс,
Орнаған байлық кернеп халқымды айтам.

Таубай:

Аманжол, жауабыңды есіттірдің,
Ерте айттың демейді ағаң, кешіктірдің.
Үлкен деп әлпештеген сөздеріңе,
Тоқмейіл шақты бастан кешіп тұрмын.
Кежірлік, кейінірек жасай ма деп,
Қауіп қып кей жеріңнен шошып тұрмын.
Екеудің жарысқанда бірі келер,
Тарланның тартып белін қосып тұрмын.

Әуелі өзім айтып білдірейін,
Деп тұрсаң Сыр бойынан сыр білейін.
Табысқа таңғажайып жете қарап,
Кеуліңді қош қылайын, күлдірейін.

Сұрасаң облысым Қызылорда,
Сан түрін шаруасының қойған жолға.
Еңбекке елім тегіс ұйымдасып,
Ұстады жеңіс туын берік қолда.

Аманжол:

Уа, Тәуке, ақын сөздің кені емес пе,
Өлең деген жүректің емі емес пе?
Қияға қанат қағып ұшатұғын,
Белгілі Аманжолың мен емес пе?
Күріштен Қызылордаң бұлақ болса,
Тың өлкем бір мұхитпен тең емес пе?
Секілді бұйра толқын піскен бидай,
Елімнің сарқылмайтын кені емес пе?
Платинаң бұзылса жазатайым,
Сіздерде ұлтандай жер кем емес пе?
Жүгерім жайқалып тұр Тың өлкемде,
Малымның таңдамалы жемі емес пе?

Тың өлке – елім атақ алған жоқ па,
Екінші астана боп қалған жоқ па?
Бұрынғы құлазыған құба жонға,
Егін мен зәулім үйлер салған жоқ па?

.........................................................
Хрущев өзі барып көрген жоқ па,
Келешектің сарайы кемімейтін,
Жеріме жетік баға берген жоқ па?

Тың жатқан қазынамды ашқан жоқ па?
Кедейлік маңдайымнан қашқан жоқ па?
Одақтың алды болып өткен жылы,
Атағын қызыл дәнмен шашқан жоқ па?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз