Мұқаш пен Молдабай айтысы (1-бөлім)
Мұқаш Байбатыров, Молдабай Жолдыбаев · 2 мин оқу
Мұқаш:
Жеті өзен Алатаудан құлап түскен.
Жосиды тура төмен жойқын күшпен.
Суынан Жетісудың жұтқан адам,
Кісідей манаурайды қымыз ішкен.
Балқашқа барлық өзен құйып жатқан,
Өнбойы шалқар байлық тұнып жатқан.
Балқашым ежелден-ақ байлық көзі,
Жағаға атқан таңмен сазан атқан.
Қыры мал, Жетісудың қойны күріш,
Көксу мен Қараталды етем мақтан.
Бір жылда қызылшаны мол өсіріп,
Отыз ер омырауына жұлдыз таққан.
Бәрін де біріктірген бір ғана күш,
Сен-мен деп ашылған жоқ шекарамыз.
Табысқа желпінбейміз, желікпейміз,
Бірімізден біріміз үлгі аламыз.
Озаттан оза шапқан үйренеміз,
Еңбек пен іскерлікке шыңдаламыз.
Сан жұртқа «Сарыарқа» деп аңыз болған,
Алтын дән қазынасы тың даламыз.
Қорғасын Текелім бар ақтарылған,
Ғасырда қазынам көп сақталынған.
Алтын көп Алатауда ашылмаған,
Талай кен қопарармыз шатқалынан.
Қыры мал Жетісудың, қойны күріш,
Тауынан ақтарылып жатыр мырыш.
Жайқалған жапырағы қызылшаның,
Бұл-дағы халқым үшін біткен ырыс.
Үш алып заводым бар қант қайнаған,
Бағым көп балаусалы құс сайраған.
Өрбітіп өзен суы өркенінде,
Беліңе бедер белбеу шорт байланған.
Жасаған бар байлықты асыл адам,
Қиналып қиындыққа жасымаған.
Бұл елім Нұрмолдадай ұл туғызды,
Табысқа мастанбаған, тасымаған.
Екі рет ер атағын алған Нүкен,
Парсы мен Индияға барған Нүкен.
Бар еді-ау мол талабы, зор талабы,
Деуші еді: «Мол табысты алдан күтем».
Талайға үлгі болды оның ісі,
Оның да алға жеткені білім күші.
Ғылымның озаттарын, жетістігін,
Үйреніп жатыр елдің білімдісі.
Қиялым – қыран құстай ұшты-дағы,
Ой жетелеп бойыма күш құрады.
Ой жетпеске қолыңды жеткізетін,
Еңбек қой ер мұраты, күш-құралы.
Үлгі алған Нұрмолдадан ерлерім көп,
Олар үлгі секілді күш бұлағы.
Соның бірі Түтілбай, Тілеужаным
Қадырлы Қараталдың қос тұлпары.
Шұбарда ескерткіш боп қалды мүсін,
Сатпаймыз елімізге ер бейнесін,
...........................................................
Төсінде қос жұлдызы ерлігі үшін.
Жырласам Жетісудың кең алабын,
Жадырап көңілім толып дем аламын.
Еңбекте ерлігіңді еске сақтар,
Жас ұрпақ ұл менен қыз, балаларың.
Бұрыннан қалған бір сөз ұзын-ырға,
Ер туса деген сөз бар елге тұлға.
Жемісті Жетісудың қазынасын,
Біз де үлес қосамыз молайтуға.
Ер өзін, ақын сөзін көрсететін,
Еңбектің түскен кезі үлкен сынға.
Алпыстың болсам-дағы алтауында,
Халқыма жалықпаймын ән салуға.
Жемісті жетістігін Жетісудың,
Өлеңмен айтып берем бар қауымға,
Қуанышты қос мереке қарсаңында,
Мүмкін бе қартайдым деп шаршауыма.
Молдабай:
Жырыммен бастап жиынды,
Тісіме тілді қайрайын.
Көпшіліктің алдында,
Бір азырақ сайрайын.
Табиғаттың табысы,
Көкіректің қағысы.
Екі көздің аясы,
Басатұғын шабысы.
Ал, енді Мұқа көрейін,
Сізге аяңдап келейін,
Өсе берсін мерейің.
Социалды даласы.
Миуалы жемісі,
СССР-дың арасы.
Жиылып отыр бұл жерде,
Қарашы, міне, халайық,
Ойдан, қырдан ақын бар
Қазақстанның баласы,
Он алты облыстан жиылды,
Астанаға құйылды,
Сөйле деп бізге бұйырды.
Неше күннен бері қарай,
Кезек күтіп сөйлеуге
Отыр едім қысылып,
Мойным кетті ұмсынып.
Жаңа жетті мінеки,
Сөз берілді ұсынып.
Қалайын бір ұмтылып,
Сөйлейін бір құтырып,
Бала құстай жұтынып,
Әуелінде тамсанып,
Көзім салдым Мәкеңе,
Кезек бер деп аңсарып,
Айтысам деп қасында,
Бақ-дәулетім басымда;
Енді жұртқа термелеп
Сөз сөйледім осында.