Кенен мен Есдәулет айтысы (1-бөлім)
Кенен Әзірбаев, Есдәулет Қандеков · 2 мин оқу
Кенен:
Көсем адам сөз бастар,
Көпті көрген жол бастар.
Батыр адам қол бастар,
Көсем серке қой бастар.
Ақын адам той бастар,
Ал, тыңдаңдар, жолдастар!
Қордайдағы қос ақын,
Қозғамаса болар ма!
Домбырасы – жан жолдас,
Қолға алмаса болар ма.
Ұл-қыздарға үлгі айтып,
Жол салмаса болар ма.
Халық ақыны бұл көпке,
Сөз салмаса болар ма.
Ел алдында сол үшін
Айтысқалы отырмыз.
Жетістік пен кемшілік
Салысқалы отырмыз.
Көп алдында көсіліп,
Жарысқалы отырмыз.
Сексен жасқа келгенде
Тірескелі отырмыз.
Қоғам үшін қос ақын
Күрескелі отырмыз.
Жетістікті жырла деп,
Кемістікті сына деп,
Домбыраңды бұра деп,
Тапсырған соң келгенім,
Халқыма сәлем бергенім.
Ардақты елім «Ақтерек»,
Ел-жұрты маған көп керек.
Қатар жатқан ауылмыз,
Туысқан аға бауырмыз.
Колхоз, совхоз тілектес,
Еңбекте бірге білектес.
Ауылымыз аралас,
Қойларымыз қоралас.
Даласы мен тауымыз.
Өсірген елім мәпелеп,
Қызықты көрдім еркелеп,
Асын ішіп, ат мініп,
Түйелерді жетелеп.
Тұзыңды ақтап айтпасам,
Қаларсыздар өкпелеп.
Жан жолдасым, Есдәулет,
Шық майданға, жекпе-жек!
Әліңді білмей алыссаң,
Мыжылайын желкелеп.
Қара бура секілді,
Жер тарпына күжілдеп,
Күзгі желдей уілдеп,
Атты алысқа айдаса,
Ал жарыстық төтелеп.
Қарабайыр сен едің,
Қазанаты мен едім.
Қашан маған тең едің?!
Тұрып қалма күрсілдеп,
Жастан бірге жүрсек те,
Айтысқанымыз жоқ еді.
Қалжың-әзіл болмаса,
Қағысқанымыз жоқ еді.
Келді міне, бір кезек.
Есдәулет:
Келсең кел, енді батыр, қоян-қолтық,
Шын жорға қамшыласа кетеді орғып.
Осы жұрт рұқсат берді екеумізге,
Тұрам ба шешінген соң сенен қорқып.
Енді біз қызбалықты жыр айталық,
Қазыналы ұлан-байтақ жерді айталық.
Мыңғырып кең далада сыймай жатқан,
Төрт түлік асыл тұқым малды айталық.
Сол шаруаға еңбек қып атақ алған,
Үлгілі озат шыққан жанды айталық.
Енді мен сөз бастайын тұрғын тыңдап,
Халқымыз қарап отыр бізді сынап.
Қасыма кәрі дауыл келді білем,
«Мені айтқын», «мені айтқын» деп бәрі шулап.
Жайлаудың басы бізде Қасқабұлақ,
Жүз метр бар-ақ қарғып жатыр құлап.
Ақтерек, Ырғайты мен Жамантыдан,
Күмістей жарқыраған су сарқырап.
Жайылған сол жайлауға асыл қойлар,
Ақша бұлт секілденіп будақ-будақ.
Сол өрісте бес түлік мал өседі,
Қозы мен қой бірдей боп тең өседі.
Жүйріктің шапқан сайын қозар желі,
Аянбай айқасудың келді кезі.
Темірді қақтағандай қызып тұрған,
Өзіне сенген батыр келсін бері.
Бастадық, міне ақыным, жарысуды,
Байқағын жібермеуге намысыңды.
Көп алдында әйгілеп айтып берші,
Төрт түлік малдан алған табысыңды.
Егістен қандай өнім алдыңыздар,
Көрейін, Кенен батыр, шабысыңды?!
Кенен:
«Киров» атты колхозым,
Жетпіс мың гектар жері бар.
Егінге бай, малға жай,
Тау мен дала белі бар.
Төрт колхоздан құралған,
Бес жүз үйлі елі бар.
Қоңыр салқын Қордайдың,
Дертке шипа желі бар.
Қордай батыр тарихта,
Атағы асқан ері бар.
Бұл өңірдің қалыпты,
Баға жетпес кені бар.
Сағасында салынған,
Шалқып жатқан көлі бар.
Аққу, қазы саңқылдап,
Балықтары бұлтұлдап,
Қыз-бозбала ән шырқап,
Жолаушылар шомылып,
Ары-бері тоғылып,
Жанға рахат лебі бар.
Алма-өрігі жайқалған,
Бұлбұлдары сайраған,
Барған халық сауықтар,
Жұмыртқасы жұдырықтай,
Ақ қайыңдай тауықтар.