Көкен мен Қалихан айтысы
Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев · 3 мин оқу
Көкен:
Уа, сөз қозғап жүрегімнің тереңінен,
А, тыңдаушым Қазақстан көлемінен.
Көкшенің еңбекшілдер аттарынан,
Сол елдің шашу шаштым өлеңінен.
Елуде Қазақстан туған елім,
Жүз жаста ұлы Ильич кемеңгерім.
Қос тойың қарсы аламын шашу шашып,
Жеңістің еңбек пенен теңеулерін.
Сіздер де жаңалықтан қалмай қалыс,
Қарсы алу ұлы тойды емес алыс.
Ғалымдар, ақындар мен тыңдаушылар,
Тіліңмен сөйлерліктей бақыт табыс.
Уа, ақынның тыңда жырын, бастамасын,
Жараса бір кәдеңе, тастамассың.
Ал кәне, шын жүректен құттықтаймын,
Алматы, Қазақстан астанасын.
Сүйенер әрқашанда халқым тірек,
Біз болсақ жасарамыз күнде түлеп.
Көп ұлтты Отанымыз мақсат бірге,
Коммунизм деп соғар біздің жүрек.
Айтысуға келгенде
Жеңілуді көрмеген.
Аттың басын асыл жол
Бірдей болсын сермеген.
Күші артықтың ісі артық,
Ұша қоймас желменен.
Менің күшім халықта,
Бірге болдым елменен.
Жақсы бастық кездессе
Халқы болмас ермеген.
Халықтың жақсы белгісі,
Біздің берген астықты,
Он жылда елің бермеген.
Уа, келдің бе енді алшыңа Қалиханым,
Таң қалдыр өнеріңмен жұрттың бәрін.
Көгілдір экраннан кеше көрдім,
Бүгін сол құлағымда салған әнің.
Қалихан:
Айтыстан семейліктер бас тартпаған,
Әуелден шоқтық биік асқақтаған.
Атақты Төлеу менен Сапарғали,
Айғайсыз жүрегіне ас батпаған.
Баласы Түнғатардың қарт Нұрғали,
Жері жоқ төменшіктеп жасқақтаған.
Қайтпаған қара боран қайран ерлер,
Кетіпті сарқытынан тастап маған.
Бір тау бар біздің жақта Қара Қалба,
Түксиіп түсі суық қарағанда.
Ақтүтегі ат құлағын көрсетпейді,
Шатқалы қобыз тартып борағанда.
Ал сол таудың көкжал арлан бөрісі бар,
Түңліктей алсаң соғып терісі бар.
Бірақ қашан терісін сыпыртқанша,
Жем көрсе жайнап кетер «перісі» бар.
Тап солмын бой ұрмаймын асылыққа,
Әпігім ақпа-соқпа басылып па?
Кәнеки, момындықпен шықса мүйіз,
Асығып Асқар киді жақсылыққа!
Қолыма он үшімнен домбыра алдым,
Кездесіп көрген емен тапшылыққа.
А, борасынын солтүстіктің ойқастайын.
Жаманға үрей, жақсыға ой тастайын,
Айтыстың Рүстем дастан палуанымын,
Қалайша мына топта айқаспаймын.
Қалихан менің атым суырып салма,
Бірі деп жай ақынның қапыл қалма.
Қасыңа серіктікке ерт Мұсаңды,
Жаның қысылып бара жатса алда-жалда.
А, жатып ем екі күндей бұқпантайлап,
Келген соң өңкей дәулер қауіп ойлап.
Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер,
Тәуекел, шықтым міне, белді байлап.
Айтыста ағат кетсем кешіріңіз,
Қажымұқан секілді екен кесіміңіз.
Жалғыз-ақ осы жұртқа ұнамай тұр,
Екі ұшты Көкен деген есіміңіз.
Еркек пе, әйел ат па Көкен деген,
Не нәрсе әрі-сәрі секеңдеген.
Көкен-ау, шыққан затың кім болады,
Саялы қандай жерді мекендеген.
Көкен:
Несі бар атым болса Көкен деген,
Жігіт емес сен бірақ бөтен деген.
Өзіңнен мені кемге санай берме,
Мен де өзіңдей азамат ойнап-күлген.
Ал, бірақ та Қалиханжан, асып кеттің,
Өзіңше сондай болып тасып кеттің,
Бүгін емес, кеше мен шақырғанда,
Домбыраңды алдың да қашып кеттің.
Ал, сен жас боп, мен кәрі боп қалғаным жоқ,
Айқаймен мені ұстайтын қармағың жоқ.
Түптен тартып орнымнан қозғалмайтын,
Дәл өзімдей қарасам салмағың жоқ.
Көкшетаудың атында облысым,
Көтерсем Көкше даңқын арманым жоқ.
Таң қалған көрген адам Көкше қандай?
Ауданы бар оның да Руздайдай.
Елімнің Айыртауы, Шортандысы,
Астықтың, еттің, сүттің фабрикасы.
Бар ма сізде, Қалижан, сондай жағдай?
Қалихан:
Айтыссам маған кімдер тап бергендей,
Тап берсем ол өзіме бақ бергендей.
Бұқтырма тасқынынша буырқансам,
Қай тоспа, қай бөгетің шақ келгендей?
Алыппын сүрінсем де сыр бермейтін,
Арқалап Толағайды ап келгендей.
Көсіліп күнде мініп ақ жосамен
Қара Ертіс, Көк Зайсан деп ат бергендей.
Көкенжан, айтқан сөзге ашуланба,
Бұртиып өтіңменен күйіп-жанба.
Бұл жерге төбелеске келгеміз жоқ,
Әзілдесіп қойған жөн анда-санда.
Ал, менің кенім Алматы, Қарағанды,
Кәдеге солар ғана жараған-ды.
Көкше деген облысты, тіпті көзге ілмеймін,
Орынсыз асқақтауың жарамайды.
Темір мен цемент тапқан Ақтауынан,
Мал ішкен миллиондап бастауынан.
Табасыз әсем сырлы лириканы,
Қалақшаны аударып тастауынан.
Үстінде этажды үйдің қыздарым жүр,
Төгіліп күміс күлкі шашбауынан.
Ал, бұл Көкен мақтанады Көкшесімен,
Көкшенің сандық-сандық текшесімен.
Айыртау, Зерентауды қоса қоссаң,
Бір басар біздің Шыңғыс өкшесімен.
Ежелден қол дарытпай денесіне,
Антейді тік көтерген төбесіне.
Алып қой Геркулестей біздің Семей,
Ертерек саған әлі теңесуге.
Сексен көл, тоқсан көлің – бәрін қоссаң
Ертістің жұғын болмас өңешіне.
1970 жыл.