Кенен мен Есдәулет айтысы (2-бөлім)
Кенен Әзірбаев, Есдәулет Қандеков · 2 мин оқу
Осындай көркем жайыңды,
Ақындықпен тауып қал!
Есдәулет:
Ойладым енді саған танысуды,
Мен айтайын көрсетіп табысымды.
Көрген соң совхозымның мол табысын,
Қоярсың мойныңа алып жарысуды.
Көрсетем шопандардың табыстарын,
Ардақты еңбек адам данышпанын.
Сыйлыққа үш мың үш жүз ақша алды,
Еңбек еткен әйгілі Арыстаным.
Көрсетем қой өсірген саңлақтардан,
Кімің бар Шәдікбектей ардақталған?
Алтынмен жазған кітап алып отыр,
Осындай шопан бар ма ел мақтаған?
Тайыптың таң қаласың өрнегіне,
Совхозға қандай табыс бергеніне.
Отыз екі қозы алды қосымша ақы,
Көрнекті үздік шыққан еңбегіне.
Байжүніс пен Қапар да озат шопан,
Қолайлы шаруаға қандай маман.
Жиырма екі қозы алды ол да үстеме,
Бір бас шығын болмаған малы да аман.
Ей, Кенен, бойыңды өлшеп өзіңді біл,
Долданса құлаш болар бұл қызыл тіл.
Табысын совхозымның білмеп пе едің,
Бетінде Құрмет тақта жазулы тұр.
Көрерсің тағы менен қызықтарды,
Есекеңнің табаны қызып қалды.
Одаққа ерке болдың жемісін жеп,
Колхоздың жағдайымен танысқың жоқ.
Ауылдың жағдайларын шын білмейсің,
Үйде бес күн тұрмайсың, өрісің көп.
Кенен:
Бар шығар ел болған соң, балшық монша,
Жатпайды мәдениетке мұның онша.
Топырлап үйге сыймай отырады,
Бас қосып бес-он кісі қатар барса.
Асыл сөз ақтарылар сермеген соң,
Бұл Кенен, сөзін қояр терлеген соң.
Халықтың бізге көңілі шат бола ма,
Еңбегін екі еселеп бермеген соң.
Есдәулет, Кенен болдық егіз ақын,
Біздерде өлең толған теңіз ақын.
Халыққа қызбалықты жырламасаң,
Айқайлап құр бекерге неміз ақын.
Ақтерегің, Есдәулет,
Он жыл бұрын орнаған.
Ірге теуіп қорланған,
Сонда да бізден озбаған.
«Киров» колхоз соң келді,
Соң келсе де оң келді.
Көркейіп көше гүлденді,
Сәулетті үйлер түрленді.
Апорт алма албырап,
Бау-бақшасы маужырап,
Күні-түні өшпейді,
Ильич шамы жарқырап.
Өрендері ұл-қыздар,
Он бір жылдық мектепті,
Көрген адам қызығар.
Шофер-токарь өзінен –
Колхозға мүше кезінен,
Қос диірмен гүрілдеп,
Электр көрік дүрілдеп,
Ақтерегің кеп жатыр,
Қызыққаннан ұнын жеп.
Магазині өрнекті,
Монша, кеңсем көрнекті.
Кітапхана, қызыл отау,
Балабақшам тұр анау.
Перзентхана үйінен
Таба алмассың бір саңлау.
Қой қырқатын агрегат,
Жабдықталып тұр әне.
Малға сарай, қамбалар,
Шиферлаулы тұр бәрі.
Ауылыма келді мөлдір су,
Фонтаннан атқып күміс бу,
Комсомолдан құрылған,
Көркемөнер думан-ду.
Он жыл бұрын келсең де,
Озатұғын түрің жоқ.
Алпыс адам сиятын,
Әлі күнге клуб жоқ.
Ақтеректе өнерпаз,
Ұлың менен қызың көп.
Мен құсатып үйретер,
Есдәулетім, қырың жоқ.
1963 жыл.