Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалихан мен Әбікен айтысы (3-бөлім)

Қалихан Алтынбаев, Әбікен Сарыбаев · 3 мин оқу

Қалихан:

Қайткенмен мешіттерің бетке шіркеу,
Жарамас домбырасын көкке сілтеу.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп,
Етіпсің музей деген сөзді бүркеу.

Бұрынғы фамилияң Талдықорған,
Ұмыт боп осы күнде қалды қорған.
Қайталап ерге шыққан жас әйелдің,
Күйеуіне жазылу салты болған.
Сондай-ақ Алматы боп жазылыпсың,
Қонысың құтты болсын, ірге қонған.
Собығын жүгерінің шикі сатып,
Ел екен Сарыөзегің әккі болған.
Күніне үш-төрт мезгіл поезды аңдып,
Кейбірі қалта сауып, тиын сорған.
Кәрі тұрсын, саудагер қыздарыңның,
Шіріген жұмыртқаға қойны толған.
Іле халқы сатса егер шикі шабақ,

Талғарыңның тағы жоқ қымызы оңған.
Іріткі ме, шалап па біле алмадық,
Ақша санап берсек те мына қолдан.
Облыс өз алдына шалқыған ел,
Шаңқан боз, сегіз қанат Семей ордам.
Семеймен терезең тең болу үшін,
Облыс бол, өз алдыңа келсе қолдан.
Әйтпесе малтаңды езбей сөзді доғар,
Мен қонақ шаршап келдім алыс жолдан.

Деген бар көп сөз күміс, аз сөз алтын,
Әр жүйрік жүгіретін байқап шарқын.
«Тоқсан ойдың түйіні тобықтай сөз»,
Қазақтың ұстанайық осы салтын.
Исадай шалқар емес, шағын едім,
Демеймін қара Ертістей ағын едім.
Жүрекке Программа шабыт берді,
Сиынып домбырамды қағып едім.
Әбеке, осыменен қош болып тұр,
Араздасып айрылар не ғып едім?
Ғапу ет, ақсақалдар, артық айтсам,
Өзі тиісті аузымды бағып едім.
Болашақ бас қосатын күндер туса,
Күшімді көресіңдер тағы менің.

Әбікен:

Желпініп желіп отыр бала ақын,
Сөзімді қабыл алсын барша халқым,
Семейдің бар жағдайын түгел айтып,
Көрсетті білгенінше шама-шарқын.

Көрсеттің қырын қарап ызғарыңды,
Келгеннен байқағанмын ызбарыңды.
Семейден талай келіп Сарыөзекке,
Ұрлаған сатып едің былғарыңды.

Кеттің ғой саудагер деп мені шарпып,
Сөйлесем сөз қала ма түптен тартып.
Өзінің саудагерін өзі көріп,
Отыр ғой пайдақор деп, маған артып.

Саудагер анық Семей сен емес пе?
Жерім жоқ, сауда қылған сенен артып.
Ойыңда жүргеніңді айтып бердің,
Келгенде астанаға қолма-қолтық.

Әрине, облысым Талдықорған,
Өзі мығым, шаруаға жайлы болған.
«Қосылсын екі облыс бір жерге» – деп,
Орталық Комитеттен қаулы болған.

Қайтпаған жас баласың талабыңнан,
Кенен айтқан емес пе ең бала құнан.
Қосылдың Алматыға деуің қате,
Сен де соның тарайсың тарабынан.
Әлде өзің елеуреп қалғанбысың,
Алматының ішіп ап шарабынан.
Ақын деген, әрине, ел еркесі,
Ақын ақын болмайды елеуресе.
Бес облыс қосылып осы күнде,
Қарашы, болып отыр Тың өлкесі.

Мен де жақсы көремін ұғынуды,
Көрсеткен тату-тәтті қылығыңды.
Суатта су болмаса, Қалиханым,
Айтпаспын саған қаз деп құдығымды.
Көп сөзден аз сөз дәмді дегенің рас,
Ағытып алып жүрме тығыныңды.

Айтпадың ауданыңның табыстарын,
Ат салып жеті жылға жарысқанын.
Айтпасаң, өз жерімді мен айтайын,
Жақсы ғой «Күреңбелмен» танысқаның.

Батырдың жиырма сегіз бәрі бізде,
Еңбектің жайнап тұрған сәні бізде.
Соғыста «Гвардия» атақ алған,
Батырлар – өзек біздің әнімізге.

Көшенің Шоқан жатыр жағасында,
Матайдың асқар биік сағасында.
Орыстан білім алып, үлгі пішкен,
Қазақтың теңдік іздеп баласына.

Шоқанның орнаттық біз ескерткішін,
Жоғары бағалаймыз ердің ісін.
Айтпадың «құтты болсын» ескерткішке,
Өзіңе ұнап тұр ма, осы ісің?!

Житняк – Еңбек Ері бізден шықты,
Қайратты, жылы жүрек болды мықты.
Табысы колхозымның он бір миллион,
Еңбекпен сүйсіндірді барлық жұртты.

Тамаша таусылмайтын Көксу кенім,
Шалқыған Балқашымдай бар ма көлің.
Кәнеки, жақсы жаймен қоштасалық,
Құрбыға ренжімей қолың бергін.

1961 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз