Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалқа мен Есдәулет айтысы (1-бөлім)

Қалқа Жапсарбаев, Есдәулет Қандеков · 3 мин оқу

Қалқа:

Ақиқат асыл сөзі кемел шынға,
Отырған осы халық бәрі сынға.
Сөйлейін хал келгенше қабырғалап,
Ел жүрсін көз жіберіп, таза тыңға.

Атанды Қазақстан алтын өлке,
Бақыттың базарындай артық өлке.
Жерінде мың бір түрлі жеміс бітіп,
Иісі қалампырдай аңқыды өлке.
Кешегі құс қонбаған шөлдеріңнің,
Айдын көл ортасынан шалқыды өлке.
Торқалы қырық жылдық тойың болып,
Жайылды жер шарына даңқың, өлке.
Басынан атам қазақ шаруа атанып,
Мал баққан, егін еккен салтың, өлке.

Есдәулет батыр айтайын,
Шаяннан ащы тіліңіз.
Мойның жуан антұрған,
Күрессең жығар түріңіз.
Осы отырған халайық,
Өнерін жұрттың сынайық
Кел, Есдәулет, сөйлейік,
Халыққа сөзбен ұнайық.
Елдің салты ежелден,
Амандық жағын сұрайық.

Есдәулет:

Бір жаста бала күліп талпынады.
Бес жаста торғай қуып алқынады.
Он жаста ерте оянып, оқу оқып,
Он бесте өнер іздеп шарқ ұрады.

Келгенде жиырмаға жігіт жасы,
Ауады алуан іске ықыласы.
Байлық, бақыт, береке басына орнап,
Бекиді отау үй мен босағасы.
Жиырма бес мүшелінде кірер күші,
Ой толып, ақыл тоқтап болар кісі,
Орнығып отыз бесте ақыл, қайрат,
Жігіттің әр нәрсеге түсер ісі.

Қырықта қырға шығып қырындаған.
Жұмыс жоқ ер жігітке қиындаған,
Сол жасқа келді, міне, Қазақстан,
Топ үні басылған жоқ дуылдаған.

Арман ғып, ақын Қалқа, танысуды,
Айт дедің амандық пен табысыңды.
Сұрасаң Жамбыл менің облысым,
Қалайша естімедің дабысымды.

Жамбылдың қоңыр тауы көлбеп жатқан,
Өзен, көл сай-саласы сел боп аққан.
Ақтылы қой, ақ бас сиыр айналасы,
Ежелден момын елміз шаруа баққан.

Жайылған тау төсіне қойым семіз,
Туады семіздіктен үнемі егіз.
Жаз жайлап Аңырақай, Сарыарқаны,
Құлжа мен Хан тауын да күзетеміз.

Қыстауым Қызылқұм мен Түлкіліде,
Қыста мал қисаймайды бір түгі де.
Боз жусан, қызыл изен, жасыл еркек,
Шығады бие тойып бір түбіне.

Есе бермес Есдәулет,
Домбыраны бұраса,
Елдің жайы осылай,
Тағы да айтам сұраса.
Еліңді, Қалқа, таныстыр,
Жатармыз кейін сұраса.

Қалқа:

Есдәулет, осы арада халық отыр,
Құлағын сіз бен бізге салып отыр.
Шырағым, бұлақ пенен малыңды айттың,
Айтылмай бір әңгіме қалып отыр.
Қалқа ақын қандай сөзді сұрайды деп,
Осы топ құлағын сап бағып отыр.

Жамбылдың жаңбыры мен желі қандай?
Талас, Шу өзенімнің селі қандай?
Болып тұр біздің жақта құрғақшылық,
Айдаған арпа, бидай егін қандай?
Мал түгіл адамның да даруанасы,
Жеріңнің биыл шыққан шөбі қандай?
Төтелеп, төпей бермей, турасын айт,
Дәл биыл төрт түліктің жәйі қандай?

Есдәулет:

Көңіліме айтатұғын бір сөз келді,
Кейіннен салыстырам артық-кемді.
Келеді енді қызып бұл Есдәулет,
Халайық, сыр шертейін тыңда, енді.

Ақыным жақсы болды табысқаның,
Халықтың баяндайық табыстарын.
Қалқа ақын, қандырамын құмарыңды,
Асығып жарғанатша жабыспағын.
Түсемін түлкі болсаң қыран болып,
Егер сен қасқыр болсаң – арыстанмын.

Сен маған неше түрлі бердің сұрау,
Жөн болар домбыраны енді бұрау.
Көпшілік үлкен-кіші қарап отыр,
Байқаймын көңілдері бізді сынау.

Ауаның білесің ғой құбылысын,
Байқадым ақын Қалқа, сөзге ұрысың.
Астықтың жайын менен сұрай берме,
Өзіңнің қандай күйде құрылысың?

Орынсыз әзіліңе шыдамаймын,
Бекерге тағы сені сынамаймын.
Сұрайсың жүн, жұмыртқаң толды ма деп,
Жұмыртқа Алматыдан сұрамаймын.

Орденді ерлерім көп Сарысуда,
Қалайсың, Қалқа, барып танысуға?
Үш рет Ленин орден сыйлық алған,
Ер бар ма Ормановпен жарысуға.
Сайланды екі мәрте депутат боп,
Ерлігі елге үлгі боп ауысуда.
Және бар Көктеректе Жәнібегім,
Ерлерім еңбегімен табысуда.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз