Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалихан мен Әбікен айтысы (1-бөлім)

Қалихан Алтынбаев, Әбікен Сарыбаев · 2 мин оқу

Қалихан:

«Өлең сөздің патшасы» – деген Абай,
Қиыннан қиыстырып айтқан талай.
Абайдың бас шәкірті – дана Мұхтар,
Арысы әр қазақтың қарқарадай.

Сұлу сөздің сұңқары ұшқан түлеп,
Тоқтатпай елін сүйген үлкен жүрек.
Төгілді естігенде көзден жаңбыр,
Кеудеңде найзағайдай бұлт күркіреп.

Ежелден ел серкесі Семей еді,
Өнерге Семей қашан кедей еді?
Дауысымен Еуропаны таң қалдыра,
Ән төккен Әміренің көмейі еді.

Ат беріп, ақын деген өзіме де,
Жіберді осы топқа арнап халық.
Болғанда сіз ақ шортан, мен балықшы,
Ал кеттім, Ертіс бойлай қармақ салып.

Әбікен, аманбысың, замандасым,
Ерекше ұнап кетті маған басың.
Тұлпар болсаң шығарсың суырылып,
Мәстек болсаң белгілі шаба алмассың.
Мынадай салтанатты бас қосқанда,
Неғылып ақын қиял шабандасын.
Татырлық бір адамға азаматсың,
Қызықпай қыздар қалай жамандасын.

Кешегі үш орденді ақын Жамбыл,
Секілді шелектеген төкпе жаңбыр.
Жәкеңнің жүріп өткен ізін бастың,
Боларсың өзің-дағы үлкен даңғыл.
Сүбелі өлең керек мына топқа,
Не керек көке жасық болса шандыр.
Кетіп ең кеше біраз іліп-қағып,
Ал енді кұмарыңды бүгін қандыр!

Жер өтпес жер жәннәті Жетісудан,
Ілияс, ақын Сара, Ғали туған.
Алдыңда ұстазың бар Үмбетәлі,
Жасынан өлең дарып, өнер қуған.

Ардағы Алатаудың ақын Кенен,
Айтысып, «ақ ешкімен» күңіренген.
Құлағың ептеп қана шалған шығар,
Деді ғой кеше бізді құнан, дөнен.

Сен кімсің, құнанбысың, дөненбісің,
Үйірден ерте жеріп шығармысың?
Соқтырсам Сарыарқаның егіз желін,
Көбендей күйі кеткен ығармысың?

Тағы да бір ұстазың – ақын Қалқа,
Жетісу даңқын білген Сыр мен Арқа.
Сабалап сөз ұйқасын сапырғанда,
Тыңдайтын тына қалып, ел құмарта.
Тырнағы мұқалды деп естуші едік,
Тынымсыз домбырасын тарта-тарта,
Қарқыны ақсақалдың әлі күшті,
Сен сөйле, иегіңді соған арта.

Өзенің Лепсі, Ақсу, Іле, Сарқан,
Ені бар кей жерінің ұзын арқан.
Өзенің жеті түгіл, жетпіс болсын,
Өңешіне сыйғызар Ертіс дарқан.

Әбікен:

Аяңдап сегіз перне түстім жолға,
Барлығымыз бас қостық астанада.
Айтысқын меніменен жөнін тауып,
Әбікен бір кеткен соң түспес қолға.

Домбыра алдым қолыма,
Ақынның түсіп жолына.
Сілтеп біраз көрейін,
Оңы менен солына.
Айтыспай қалай кетеміз,
Үмбетәлі, Қалқаның
Ілескен соң соңына.
Жаңбырдай құйып төгейін
Сөз асылын терейін,
Айналсын алтын қорына.
Риза боп халайық,
Аз айтсақ та барына.

Мына отырған Семейім,
Семейге сәлем берейін.
Бұл Абайдың ұрпағы,
Соңынан мұның ерейін.
Әкеңбастап келіпті,
Ту астанаға еніпті.
Келгеннен соң ақындар,
Сөйлеуіне беріпті.
Қыздарды қосып Қалихан,

Қалайша бұл желікті.
Жамандамас қыздар деп
Әбікен соған сеніпті.
Жетісудың ақынын,
Атын түгел атадың.
Сенде де ақын аз емес,
Әлемге жеткен атағың.
Сапакеңнің жиені
Сен емес пе ең қатарым.
Шәкір атты ағаң бар,
Біледі түгел Отаным.
Айтысуға келіпсің,
Сәтті болсын сапарың.
Қаратал, Көксу, Ілені
Халқым түгел біледі.
Жетісудың бас қосқан,
Болады Балқаш жүрегі.
Балқаш көлім Ертіспен
Қатар өмір сүреді.
Ұйымдасқан бірлестік –
Еліміздің тілегі.

Астананың төрінде,
Бақытты туған елімде,
Жүйріктер кеп жарысты,
Домбыраны қағысты,
Екі жақтан екеуі,
Жібермейді намысты,
Қалихан құрбым, айта бер,
Еліңдегі табысты.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз