Қалихан мен Әбікен айтысы (2-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Әбікен Сарыбаев · 2 мин оқу
Қалихан:
Қозы өскен, Баян өскен, Аякөзде,
Оқып па ең, хикаясын бала кезде?
Бұл күнде сәнді шаһар қанат жайды,
Қазақ жоқ баяғыдай дала кезбе.
Мақтамай тұра алмаймын «Қарақолды»,
Бір өзінен төрт адам герой болды.
Жүзінен жүз алпыстан қозы өсіріп,
Ерлікке бірінші боп салды жолды.
Батырдан құр емеспіз, таза-тақыр,
«Абайдың» бір өзінен он төрт батыр.
Тымақ киіп алмасаң мұнан былай,
Батырлық тақияңа тап кеп жатыр.
Естідім Жаркентіңде бар деп мешіт,
Арабша жазу жазған қақпалы есік.
Шұжық жеп бұл дүниеде біз жүрейік,
Жұмаққа сендер-ақ бар түгел көшіп.
Бір тұтам біздің совхоз «Шалабайды»,
Бәріңді мал жағынан ағалайды.
Өсірген ақ бас сиыр асыл тұқым,
Мән беріп бүкіл Одақ бағалайды.
Астаудай әукесі бар бұқасының,
Салмағы бір тоннаны жағалайды.
Сәйгел қуып сыпсиған сиырларың,
Біздің жақ мал деп оны санамайды.
Құйма алтын қақырығы Шар ауданым,
Қадаған шахтасына жалауларын.
Озады өндірістен баса-көктеп,
Жинасаң Алматының бар ауданын.
Жеріңнен алтын түгіл жез шықпайды,
Алтынсыз адымы аршын сөз шықпайды.
Тауыңды бес жыл қарап, он жыл тінтсең,
Қайнаған бақыршықтай көз шықпайды.
Бөке, Даубай, Еспе мен Суықбұлақ,
Бар шығар естігенің ұзынқұлақ.
Ыстығың көтерілсе қолтыққа қыс,
Шығады біздің жерден мөлдір сынап.
Дән қоймасы Көкпекті, Үржар, Жарма,
Астығын күнде тасып жүр отарба.
Гагарин аспанға ұшқан бұл заманда,
Салынған Қоғалыңда тас жол бар ма?
Сарқанттың кеңшілігін айтам таңдап,
Ағайында Журишкин екі саңлақ.
Жұрт жұмылып жатқанда жазғы еңбекке,
Оларың жүреді екен балық аулап.
Айтайын Алакөлді тура нұсқап,
Ондағы жағдайың да қиын-қыспақ.
Алажаздай бір рет суармапты,
Жүрмеңдер жүгеріден жүген ұстап.
Қапалдың ауданынан таптым шындық,
Шөбің бар жиырма процент, бұл не сұмдық!
Сендерге мал азығын дайындауға,
Керек пе тағы да бір жеті жылдық?
Әбікен:
Заулайын мен ылдидан салып өрге,
Қалихан кезек бастап шықтың белге.
Естірттің ауылыңның мамандарын,
Бар екен он төрт батыр сіздің елде.
Он төртке он төртті мен қосайын,
Көріп қайт өз көзіңнен бірге жүр де.
Елім бар еңбек сүйгіш, қажымайтын,
Еңбектен озып алған талай жүлде.
Сен айттың мақтан етіп кендеріңді,
Жететін жерің бар ма Текеліге.
Байлығын Текелінің бір көрсетсем,
Адасып жете алмассың мекеніңе.
Айтасың мешіт бар деп жалған сөзді,
Қай жерде мешітімді көзің көрді?
Әлде сен молда болып тұрып па едің,
Жауап бер, айтатұғын кезің келді.
Иман боп сол мешітте елді жинап,
Қалихан, алып па едің боз інгенді?
Музейді түсінбестен мешіт дейсің,
Бұл жөнде, Қалиханым, таяқ жейсің.
Үзіліп менің мойным қалар болса,
Сен де сондай боларсың кешікпейсің.
Басшы барса сендерге,
Тиянақтап тұрмайды.
Ойыңда қазір бар шығар,
Білемісің мұндайды.
Сендерге ұқсап Алматым,
Басшыларын қумайды.
Семейге бар деп жұмсасаң,
Бармаймыз деп шетінен,
Жүректері зулайды.
Айтып айтпай не керек,
Бұларыңыз болмайды.
Ағыттым, ал, Қалихан, тілді безеп,
Тіредім аттың басын саған тежеп.
Тынықтың бір сағаттай деміңді алып,
Сөзіңді бастай бергін, бердім кезек.