Манап пен Әсімхан айтысы (1-бөлім)
Манап Көкенов, Әсімхан Қосбасаров · 3 мин оқу
Манап:
Ассалаумағалайкүм!
Қадірменді, халайық,
Ата салтпен әуелі,
Сәлемдесіп алайық.
Думанды той, тамаша,
Отауы ғой астанам.
Тыңдаушы жұрт қаласа,
Төгейін жыр, асқақ ән!
Мерекелі күнінде
Жыр алыбы Жәкеңнің,
Арқам қозып менің де,
Арқалы жыр әкелдім.
Сөз кезегі келгенде,
Толғап-толғап кетермін.
Сән бермесем дүбірге,
Ақын демек бекер кім.
Шаршы топта мақұл ма,
Барды ортаға салмаса?
Сын болмай ма ақынға,
Шалқып-шалқып алмаса?
Сыр бойынан мен келдім,
Сүлейлердің мекені.
Сыр туралы сыр шерткен,
Ақын болып кетеді.
Сырда туып, Сырда өсіп,
Толқынымен түлегем.
Сылдырымен тілдесіп,
Жолдас болды бұл өлең.
Сылаңдаған сұлу Сыр,
Еңбекпенен түледі.
Әрқайсысы дастан-жыр,
Сырдың сарбаз түлегі.
Сырда малды өсіріп,
Сырда баптап күрішті.
Сыр тіл қатты шешіліп,
Сырдан таптық ырысты.
Жасыл желек жамылып,
Дала жайнап барады.
Ала алмайсың айырып,
Ауыл менен қаланы.
Сол Сырымның бойында
«Ақмешіт» дейтін қала бар.
Қазақтың «Ленинграды»,
Қызылордам саналар.
Алматының ағасы,
Екенін тарих тән алар.
Ұлы тойға жүрерде
«Сыр елінің сәлемін,
Деп ед маған, – ала бар!»
Сол сәлемді қабыл ал,
Жасы кіші – іні, қарындас,
Жасы үлкен – апа, ағалар!
Жасқа келсе, ағасың,
Шашқа келсе, інісің,
Болсаң егер шамалар.
Алматылық ақыным,
Сен де осал емессің,
Назым сөзден сыналар.
Әсімхан:
Халқым да міндеттеме қабылданған,
Күн сайын іріленіп тамырланған.
Атынан еңбекшілер құттықтаймын,
Съездің қаулысымен қаруланған.
Алматым – Қазақстан астанасы,
Білімнің кілті осы жер бастамасы.
Маман боп миллиондаған өсіп жатыр,
Қазақтың қарапайым жас баласы.
Айтыссаң, Манап, сені қарсы аламын,
Шырқатып бөгелместен ән саламын.
Көрген бар, көрмеген бар мұнан бұрын,
Сәлемет аманбысың, баршаларың?
Сен болсаң Қызылорда – алыстағы,
Жақсының жер жарады дабыстары.
Сыртыңнан «Сыр сүлейі» естуші едім,
Отырмын халық алдында танысқалы.
Қарияң Жақаевтай күйлі жүр ме?
Отырсың меніменен қағысқалы.
Мейман боп, Манап, бізге төрлегенсің,
Айтыста ақын жыры термеленсін.
Тойына Жақаевтың шақырмадың,
Шай беріп, ата сыйлап көрмегенсің.
Кешегі өзгерді ме Қызылордаң,
Түсті ме түйеге артқан ала дорбаң?
Аралап ауылымды көріп тұрсың,
Бізге ұқсап жүремісің асфальт жолмен?
Бұл тойда ақын да бар, жыршы да бар,
Бұл тойда ғалым да бар, сыншы да бар.
Аузыңды бағып сөйле, ақын Манап,
Газетке жазатұғын тілші де бар.
Ұстазым Үмбетәлі айтып кеткен:
«Айтысқан ақыныңды шымшылап ал».
Атақты Алатаудың ақынымын,
Көмейден меруерт жырым сапырылғын!
Өзіңдей шаң-шаң болып жүргенім жоқ,
Құрметпен астанаға шақырылдым.
Тойына Жамбыл атам келген болсаң,
Әкелген мәнісін айт тартуыңның.
Әңгіме жақсы айтылсын тамырланып,
Бір сөзді екі-үш айтып жаңылмалық.
Ауылыңнан ардагерлер сәлем айтса,
Айта бар, ол сәлемін қабылдадық.
Біздің де сәлем айтты егіншілер,
Тыныштық пен достықты елім сүйер.
Елімнің шаттық көңіл кең байлығын,
Жетісу қасиетті жерім сүйер.
Жолдаған көпшіліктің сәлемін ал,
Бүгінгі ұлы тойға келушілер.
Манап:
Әсеке, елің-жұртың аман сау ма,
Жеңешем, ауылдағы балаң сау ма?
Жетісу – жеті арна ел мерейін,
Өсірген қазыналы салаң сау ма?
Қырмызы гүл жамылған қызғалдақты,
Шұрайлы кілем түстес далаң сау ма?
Алты рет Алатауды айналып кеп,
Жылы леп беттен өбер самал сау ма?
Сол маңда егін баптап, мал өсірген,
Еңбекші батыр тұлға адам сау ма?
Менімен айтысуға бел буыпсың,
Ағажан, айтыс деген жаман сауда!