Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалқа мен Есдәулет айтысы (2-бөлім)

Қалқа Жапсарбаев, Есдәулет Қандеков · 3 мин оқу

Ей, Қалқа, тоқталарсың болса санаң,
Есдәулет тірі есе бермес саған.
Сарысу, Талас малды екі ауданда,
Орден мен медалі жоқ сирек шабан.
Ал, ақын, кезек бердім табысыңды айт,
Қарт тарлан қалма аянып, болса шамаң.

Қалқа:

Бұл айтыс былтыр емес, биыл болды,
Қалқаға қартайғанда қиын болды.
Шыдамай шымшығанға Есдәулетім,
Көп сөзің көкейіме түйін болды.

Бар қанша әркім болар гауһар тастай,
Әркім жақсы болмайды батыр жастай.
Ананың екі емшегін емгеннен соң,
Дүниеде пенде қалмас қателеспей.

Бір емес ақын, әнші, серіменен,
Сөйлессе көңіл ашылар теңіменен.
Сан жүйрік, сан тұлпармен танысқанбыз,
Жарысқан жүйрігің жоқ тегі менен.

Есеке, мына сөзге шыдамадың,
Қалқаның халін сұрап сынамадың.
Сұрадым Жамбыл жайын мен екі рет,
Қалайша Алматыны сұрамадың.

Есдәулет:

Шабады қару алып батыр жауға,
Жүйріктен әркім сұрар ақыл-сауға.
Сен сұрадың, мен толық жауап бердім,
Ойладым шықпайын деп қарсы дауға.

Не пайда сөзің жұртқа ұнамаса,
Несі ақын сөзді тура құрамаса.
Айтшы енді, өз жайыңды ақын Қалқа,
Мен сұраймын сен екінші сұрамасаң.

Талаймен мен де өзіңдей жарысқанмын.
Әлқадыр өз шамамша алысқанмын.
Халайық қартайғанда топқа салды,
Ал, ақын, барың болса қарыштағын.

Қалқа:

Домбыраны сөйлеткен,
Он саусақтың саласы.
Ақындарды сайратқан.
Алматының қаласы.
Сен – сұңқар да, мен – торғай,
Абайлап бір қарашы.
Бұлбұл деген торғай бар,
Сұңқардан кем бе бағасы.
Байқап сөйле, Есдәулет,
Тілеп алған аурудың,
Табылмай жүрер дауасы.

Есдәулет:

Мен әлі кемігем жоқ, үдемесем,
Тиістің өзің неге тілемесең?
Кер кетіп кемпіріңнен қашар ма едің,
Бойыңнан қуат кетіп сен жүрмесең.

Мені әлі тәуір көрер келіндерім,
Шақырса келін шайға ерінбедім.
Қауқарсыз қарттық жеңген жылуың жоқ,
Шынын айт, күйің қалай сенің бүгін?

Қалқа:

Бұл айтыс атамыздан қалған мирас,
Сөйлесе тіл ауыздан шығар құлаш.
Есеке-ау, әлі сенен шабыттымын,
Бұл өсек болғанымен түбі рас.

Бозбала едім бір күнде,
Түнемейтін күнде үйге.
Қаратал, Көксу жерінің,
Қариясы болдым бұл күнде.
Қазынасы болдым елімнің,
Атасы болдым келіннің.
Есдәулет, сенен сақтасын.
Баса алмай жүрген желігін.
Немере сүйдім жібіді,
Құдайға шүкір, ерінім.
Кемпірімнен жалықтым,
Келіндерден ұялдым,
Кер кеткем жоқ, шегіндім,
Көрінген соң немере,
Кемпір деген немене,
Баламды сүйіп бөліндім.

Ей, Кенен мен Есдәулет,
Келіндерді ептейсің,
Жал, жамбасқа жетпейсің,
Әр қыраға ат байлап,
Тапсаң да жөнді өтпейсің.
Азғырма мені, Есдәулет,
Өз жөніңмен кеткейсің...
Естерің болса екеуің,
Өздеріңді сөккейсің.

Есдәулет:

Ежелден, ақын Қалқа, сырың мәлім,
Мініңді мойындадың, бұрылмадың.
Күлдірген қылығыңды айтып тұрмын,
Желіктен мен де қашан тыйылғанмын.

Дүние келеріңде сынаптайсың,
Он жаста жарға ойнаған лақтайсың.
Он бесте бала болып бәрің тегіс,
Кезінде тал шыбықтай бұлғақтайсың.
Жеткен соң жиырмаға жігіт болып,
Көргенде құрдасыңды қылжақтайсың,
Отыз бесте тоқтайтын, ақыл тауып,
Көктемде көзі аршылған бұлақтайсың.
Қырықта қылшылдаған қылыштайсың.
Елуде ерлер мінер құр аттайсың.
Алпыста ақыл ауып, қайрат кеміп,
Әйтеуір ат жейтұғын құрақтайсың.
Жетпісте немереңді сылтау қылып,
Қалқаша кемпіріңнен жырақтайсың.
Өмірі адамзаттың, міне, осындай,
Сөзімді қалай, жұртым, ұнатпайсың.

Қалқа:

Бақ қонбай адамға адам бағынбайды,
Қызыл тіл сөйлегенде ағындайды.
Осында Үмбетәлі, Кенен отыр,
Айт десең, тау суындай сарылдайды.
Азырақ әзіл айтып көңіл аштық,
Шалдарға мұндай күн көп табылмайды.
Айна алып өзіңе бір қарап көрші,
Есеке, сонда көңілің қабынбайды.
Халайық, рақмет ықыласыңа,
Ақындар осыменен дамылдайды.

1961 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз