Таңжарық пен Ұлжалғас айтысы (3-бөлім)
Таңжарық Жолдыұлы, Ұлжалғас · 3 мин оқу
Әйелге айбатымды білгіземін,
Демімді қалай салсам жүргіземін.
Қаңғыған сасық көлге мешел үйрек,
Қайырған бөктергіме ілгіземін.
Депсің сен Әлекенді қортық қошқар,
Басыңды байламай-ақ сүргіземін.
Әлекен батыра алмай отыр саған,
Мен саған сағалатып кіргіземін.
Қарсы отыр қиын болсаң қопақтамай,
Мен сені жылатамын, күлгіземін.
Бүгін түн өнерімді бір көресің,
Көрген соң өнерімді ізденесің.
Басыңды тік, бәйгеге уәде қыл,
Егер де жеңіп кетсем не бересің.
Ұлжалғас:
Шырағым, құда бала саспай сөйле,
Ары отыр, етегімді баспай сөйле.
Қызайдың жігіттері бос келеді,
Аузыңды жеңемін деп ашпай сөйле.
Шыдамай зардабына қиналасың,
Адасып ақылыңнан қашпай сөйле.
Ойыңда болса өнерің бүгін шығар,
Жинап айт айтарыңды шашпай сөйле.
Жасымнан ұрғашыдан шықтым озып,
Кетеді өлең десе перім қозып.
Жиылған той болғанда бозбалалар,
Шырқасам кететұғын шілдей тозып.
Сен дағы өз еліңнің жүйрігісің,
Бәйгеге ал дегенде жөнелесің.
Дегенге жөнелесің әпенсіме,
Төрт жылда маған әрең тең келесің.
Айтыстым Әлекенмен екі сағат,
Ақын деп алып келген неменесін.
Басыңды тік, бәйгеңді әкел, уәде қыл,
Қара озып жеңіп кетсем не бересің?
Бәйгені алып жүрмін жарысқанда,
Талайды жығып жүрмін алысқанда.
Шырағым, ширегіме тең келмейсің,
Жеңді деп Әлекенді намыстанба.
Сендағы жындыбастау көрінесің,
Байқадым алғашқы рет қағысқанда.
Түсіріп екпетінен кетуші едім,
Жарбаңдап жаман бала жабысқанда.
Ал сенің көңіліңді қимай тұрмын,
Қайтем деп алғашқы рет танысқанда.
Алтайдың түлкісімін қыран батпас,
Маралмын қалыңдағы мерген атпас.
Сайрасам саядағы сандуғашпын,
Сайрасам күндіз-түні басым қатпас.
Кім келді мына тойға сайлағандар,
Ішінде мен сияқты сайланған бар.
Ары жүр сеніменен айтыспаймын,
Кейін жүр маңайыма жиналыңдар.
Таңжарық:
Ей байқұс, тарта сөйле тіліңді енді,
Байқадым бірақ жолда сырыңды енді.
Шығуың бұдан ары екі талай,
Мойныңа біздің тұзақ ілінді енді.
Шоқпардан тоқсан қатын келсе дағы,
Сау жіберер болмадым бірін де енді.
Боз қарын, шыға салма, шолақ байтал,
Көрсеттің бірақ жолда түріңді енді.
Сендерге қарғыс тиіп қырсық шалған,
Шуладың жас күшіктей қыңсылаған.
Жемтігін Жетісудің тауысып кеп,
Тіміскіп енді бізге ауыз салған.
Жәйіңді ұқтырамын тыңда тосып,
Сөз шынын болған жерін бірақ айтам.
Біз тұрғанда қатындар өлең таппас,
Қадалып үргенменен қаншық қаппас.
Сөзімнің дарбазасы енді ашылды,
Сөз қадірін білместер ауыз жаппас.
Қатынға қарсы тұрып болдым ақын,
Ұрғашы келмеуші еді маған жақын.
Қасқыры болсаң-дағы Жетісудің,
Еске сақта Таңжарық менің атым.
Сөзге-сөз келгеннен соң айтып қалдым,
Болмаса теңім емес сендей қатын.
Көп міндім сен сияқты мандам байтал,
Десең де мені бүгін бір қу тақым,
Дәл он екі жасымнан бері қарай.
Кеткен жоқ қатын тұрмақ жігітке ақым.
Қалқимын лашындай қанат қақпас,
Сайрасам тілім тәтті, кеудем қапас.
Ағытсам өлеңімді жалынарсың,
Көңілім ніл дария еңіске ақпас.
Япыр-ау, мынау өзі құла ма екен,
Кимесе киіз байпақ тоңа ма екен.
Алтайдың түлкісімін деп шірейсің,
Қайқы бас, қара түлкі бола ма екен.
Басыңды басқаға да мақтан еттің,
Жетісуға сыя алмай мұнда жеттің.
Осымен енді шипаң біткен шығар,
Аузыңа түскеніңді айтып біттің.
Ей байқұс, мұнда келген дуанасың,
Болмаса неменеңмен бұлданасың.
Семірген жуындыға сен бір қаншық,
Асықпа шөппен бірге қуарарсың.
Сен бүгін бір жығылмай кетер болсаң,
Басыңның аманына қуанасың.
Ар жақтан келдім бүгін түстен шығып,
Кетті ме айтқан сөзім естен шығып.
Ар етіп көрінгенді тістемей жүр,
Адасқан сен бір қаншық көптен шығып.
Ұлжалғас:
Қайтейін қасиетім қалмаған соң,
Теңімен айтылар сөз болмаған соң.
Айтысты осы арада тоқтатайын,
Айтып ем елі-жұртым зорлаған соң.