Досбер мен Алтын айтысы (4-бөлім)
Досбер Саурықұлы, Алтын · 2 мин оқу
Досбер:
Зорлық жоқ Алтын жасқа тием десе,
Қайтеді жастар алдап сүйем десе.
Ақ көңіл, адал ниет сенген шығар,
Күндіз жоқ, түнде келіп иемденсе.
Мейлі бұл қыстай мініс бермесе де,
Ала жаздай еппенен мінем десе.
«Кедейдің бір тойғаны шала байлық»,
Ерік бар жаспен ойнап-күлем десе.
.........................................................
Біраз күн әуейі боп жүрем десе,
Шалға мойын бұрғызбай шалқақтатар,
Жас доғдыр от уколмен бір емдесе.
Сол себептен бұл Алтын шалға тимес,
Алып кеп дүниесін үйем десе.
Жас үшін жаны пида бұл Алтынның,
Қашпастан отқа түсер күйем десе,
Шын сөзге ақын болсаң мойындарсың,
Қадырын асыл сөздің білем десе.
Сенің жас деп жүргенің күйкентайдай,
Сұңқарды кәрі дейсің ілем десе.
Бері қарай көп астық неше күннен,
Бұрылып бұлтақтайсың кешегіңнен.
Қайтсең де жас жігітке тие алмайсың,
Жаңылма қам шот соғып есебіңнен.
Құшақтап қу тізеңді әлі жүрсің,
Өр кеуде жас таңдаған кеселіңнен.
Көрмедім сені алатын жас жігітті,
Келгелі байқап едім осы еліңнен.
Біресе шалқып сөйлеп жұбанасың,
Біресе маған сес қып қырланасың.
Біресе өз бағаңды өзің кесіп,
Басыңды базарға сап бұлданасың.
Ойлап қой, үш жыл өтіп, төртінші жыл,
Жас түгіл шал да таппай құр қаласың.
Үйіңе жігіт келсе қуанасың,
Түрленіп тал шыбықтай бұраласың.
Ала жаздай қоймаса тамтығыңды,
Қыстан қайтып қауіпсіз шыға аласың?
«Жас ағашқа қу ағаш сүйенер» деп,
Сол сөзді қанағат қып бу аласың.
Тұрақсызға семіріп, сеніп жүрген,
Тұрлау жоқ өзің бір дуанасың.
Онан да берекелі шалға тисең,
Көзіңнің жасын тиып уанасың.
Шалға тисең істейтін жұмысың жоқ,
Қиын болса арқасын уқаларсың.
Түлкі құйрық, тұрлаусыз түрің жаман,
Шалдың басын тигенмен дуаларсың.
Үйіңе бойдақ жігіт қонған күні,
Байың шәрден келгендей қуанарсың.
Сен қурай, қонған қонақ көк балдырған,
Қалайша қиыстырып қияларсың.
Ол саған опа қылмас, бір-ақ күндік,
Еліріп тойғаныңа жұбанарсың.
Сөз білсең бұл айтқаным саған достық,
Ойла, Алтын, миыңа сап бұл арасын.
Қып жүрген әрекетің осы болса,
Қайтып сен ердің атын шығарасың?
Алтын:
Ал, Досбер, өлеңіме таң қаласың,
Жасқа көңілің ауды деп құр нанасың.
Жұлқынып сөз сөйлейін астын-үстін,
Сен маған неменеге бұлданасың?
Келіпсің өз еліңнен кемпір таппай,
Бұл жақтан кімге сөзді арнағасың?
Шарты көп қатын алсаң біздің елдің,
Шыдамай айтқаныма зарланасың.
Қолымда екі сиыр, бір атым бар,
Шыдасаң төрт-бес тұяқ мал бағасың.
Мінеки, осы шартқа шыдасаң ал,
Келгелі қыр соңымнан қалмағасың.
Ортақ мал екеуімізге төрт-бес қара,
Сізді ешкім деп айтпайды жалдамасын.
Шыдасаң мен даярмын осы шартқа,
Кәнеки, Алтын сізді алдамасын.
Досбер:
Мен емес ондай шалың сиыр баққан,
Қайсы шал сиырыңды биыл баққан.
Дегенде шалды алдадың, шамданып ең,
Дәлелін міне, таптым қиын жақтан.
Дәндепсің шалға сиыр бақтырғаннан,
Тағы да немене алдың тиын жақтан.
Бақтырып шалға сиыр жалдағанша,
Ебін тапсаң болмай ма бұйым жақтан.
Толықтап бергеннен соң бұйымды алып,
Тағы да не бер дедің киім жақтан?
Етік, калош таба алмай, костюм, пальто,
Ажырасып кеттің бе байың жақтан?