Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таңжарық пен Қойдым айтысы (4-бөлім)

Таңжарық Жолдыұлы, Қойдым Дәрубайқызы · 2 мин оқу

Таңжарық:

Ей, Қойдым, тоқтата тұр мақтаныңды,
Қорқытып кімге айтасың аттаныңды.
Жарысып бәйгені өзің алшы әуелі,
Болмаса тоқтат бекер шатқаныңды.
Сен маған көрмесем де белгілісің,
Білемін тұрғаның мен жатқаныңды.
Қай жерде мерген болып аң өлтірдің,
Кім көрді шолағыңмен атқаныңды.
Қалғысыз естен бүгін бір қылайын,
Кетпестей таңдайыңнан татқаныңды.
Қайқайтып қамшы саппен басып тұрып,
Көрейін сонда қақпан-шапқаныңды.
Алғаның сасық күзен, мәлін шығар,
Қылмай ма қасқыр талқан қақпаныңды.
Болғанда қақпан сенде, тиек менде,
Көрсетші тиексіз пайда тапқаныңды.

Ай, Қойдым, мына сөзің ұрғашылық,
Көңілің қалар ма екен бір басылып.
Еркіңе қайтеді деп қоя берсем,
Кетерсің әр қиырға бір шашылып.
Жүйрікпен бір жарыссам тоқтамаймын,
Көңілім сөйлегенге кетті ашылып.
Зорсынба тәкәпарлық қашан жаққан,
Түйе де ілінбеген жылға шығып.
Ойланып алды-артыңды байқап сөйле,
Жетпеген атқа байтал жолға шығып.

Жиылып Үйсін, Найман ат шаптырса,
Алған ба байтал бәйге қырға шығып.
Осымен есің болса тоқта Қойдым,
Зорығып өлсең құның бір қашырлық.

Қойдым:

Таңжарық, ақын бопсың бала жастан,
Еліңе әлі жүрсің бара алмастан.
Ауылыңда отырғандай есе сөйлеп,
Кетесің алды-артыңа қарамастан.
Мен сені қонақ қой деп сыйламасам,
Өлерсің ішкен асың тарамастан.
Үйсін деп айғай салып қырға шықсам,
Қаларсың шыңғыруға жарамастан.
Қаңғырып мұнда жалғыз қайдан келдің,
Асаудай бұлғақ қағып ала қашқан.

Мен сені кел демеймін, кет демеймін,
Қой арзан Қарқарада ет жемеймін.
Кетпесең малай болып қасымда жүр,
Бекерге дүниеден өт демеймін.

Таңжарық:

Сен мені кел десеңде, кет демесең,
Шошқаның басын мүжі ет жемесең.
Қойдымды сіңілісімен қабат жайғап,
Несін адам боламын ептемесем.

Тауысып тарқатайын арманыңды,
Білмейсің көр аузына барғаныңды.
Сен мені қаңғырған деп қалай айттың,
Әуелі болжадың ба аржағыңды.
Мен ұқсап көзің көрген расыңды айт,
Не қылам бекер айғай салғаныңды.
Қаңғырған демей Қызай жолаушыны,
Өзіңнің ойлап отыр Албаныңды.
Қызайды қаңғырған деп қалай айттың,
Жиып ал, Іле жаққа барғаныңды.
Қаңғырған қалың Қызай қашан көрдің,

Тапқандай бұдан бәйге алмағыңды.
Онан да осындайда тоқтат Қойдым,
Шайнарсың ақырында бармағыңды.

Жасымнан мен де өлеңге асып шыққам,
Суындай Қас, Күнестің тасып шыққам.
Қойдымдай шәйпау қатын бізде де бар,
Жалынын бәрінің де басып шыққам.
Сенің де жалыныңды басайын деп,
Елімнен әдейі іздеп қашып шыққам.
Көп көрген сен сияқты жүйрік байтал,
Арқасы бір мінуден сасып шыққан.

Қойдым:

Жасымнан мен де өлеңге шыққам асып,
Сан жігіт сен секілді болған ғашық.
Шыдамай сөйлесуге қарсы келген,
Той болса кететұғын бәрі қашып.
Алдыма сөйлесем деп сенше келіп,
Талайы қарай алмай қайтқан жасып.
Келмейсің озбақ түгіл ширегіме,
Жүгірсем шын көсіліп адым ашып.
Аяма, қане бүгін білгеніңді,
Келдің бе? Жалғыз қашып қаның тасып.
Қаңғырып жалғыз жүріп жеңемін деп,
Сау басқа дерт іздейсің қара басып.

Үйіне отырғызбай шайтан сайған,
Ел кезіп тентіреген жалғыз Найман.
Қаштың ба өз еліңнен кісі өлтіріп,
Болмаса қаңғып мұнда келдің қайдан?!
Сенімен сөйлесуге арланамын,
Өзімдей сөйлесемін сайма-саймен.
Аттансаң өзің аман осы жерден,
Сол болар жеңбек түгіл тапқан пайдаң.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз