Таңжарық пен Қойдым айтысы (1-бөлім)
Таңжарық Жолдыұлы, Қойдым Дәрубайқызы · 3 мин оқу
Талай жан бізден бұрын арманда өткен,
Соларға опа қылмай заман да өткен.
Болғанда біреу батыр, біреу білгіш,
Ақырет осылардан бізге жеткен.
Бұрынғы жастағы өткен заманадан,
Азырақ сөз сөйлейін қырық гәппен.
Албанның топты бұзған ақынымен,
Қызайдың жас баласы егес еткен.
Таңжарық іздеп барып айтысбаққа,
Талапты жігіттермен кеңес еткен.
Бір шеті Қарқараның Байынқолда,
Солардың сөзі мынау сөйлеп өткен.
Руы Дербіс екен Жолдыбаев,
Бәрі де жолдасының қыран сайып.
Албанда Қойдым атты ақын бар деп,
Естіпті бұл хабарды жоқтан ғайып.
Әлекен және де бар құрдастары,
Жел сөзге бұлардағы жүзген қайық.
Досымқан бір серігі сөзге жорға,
Көңілін қайтармаған ешкім шайып.
Шала мас жас мөлшері құрдас екен,
Көрмесе бірін-бірі тұрмас екен.
Досымқан, Таңжарықпен жиырмада,
Екеуі бір жыл туған сырлас екен.
Әуелхан, Әлекенмен он жеті де,
Бара-бара бәрі дағы бір жас екен.
Төртеуі жүрмек болды ақылдасып,
Қол алып уәде қылып мақұлдасып.
Болғанда күз салқыны барамыз деп,
Жазында сөз байласқан анық, ашық.
Сөзінен әлгі үшеуі танып кетті,
Келгенде айтқан кезде жақындасып.
Таңжарық сөз бойынша жалғыз кетті,
Ержігіт орындасын айтқан сертті.
Баруға бөтен елге жүрексініп,
Үшеуі уәдеден танып кетті.
Жел сөзге төртеуі де кетеді ағып,
Әр іске қаршығадай бәрі де епті.
Жол жүріп он екі күн бәйгекөкпен,
Албанға Таңжарық та жетіп келді.
Байеке сегіз сары жұраты бар,
Соларды тауып алып дамыл етті.
Аязда барып жетті қаңтардағы,
Сөзімнің қалып жатыр сан тармағы.
Шығады жан да ауыздан, сөз де ауыздан,
Оңай ма жігіт сөзден жалтармағы.
Түгелдеп бұл шерімді жаза алмадым,
Әйтеуір бір ойда қалған аз тармағы.
Ауылына Кәрібайдың жаттым барып,
Атым да зорға жетті әбден арып.
Бәрі де жұратымның бір жерде екен,
Аралап қаздай қалқып жүрдім қарық.
Келдім деп жұратшылап барған елге,
Айтпадым еш адамға сырды жазып.
Жетпіс-сексен үй екен,
Кәрібайдың баласы.
Тәртіпті өскен ел екен,
Ішінде жоқ аласы.
Мекені екен олардың,
Байынқолдың қаласы.
Қарқараның бір жағы,
Екі танаудың арасы.
Жаз болғанда жайлауы,
Қарқараның даласы.
Жәмеңкедей жер қайда,
Саусақтай жазық даласы.
Ойында Қойдым арманы,
Таңжарықтың жарасы.
Таныс болды Албанның,
Үлкен түгіл баласы.
Қойдымның ауылы түстік жол,
Әбден сұрап ұғысты.
Жұрт бектері жақсымен,
Аралап жүріп шығысты.
Түсініп әбден болғанша,
Шығармады дыбысты.
Екі жыл жүрді Албанда,
Ендігі күз болғанда.
Қойдымменен айтысу,
Болғаны ойда арманда.
Ойына сонда алады,
Астындағы бәйгекөк.
Семізден қатып жарады,
Жайлаудан қайта ел көшіп.
Таң ұзарып барады.
Келген Тәкең әлі жүр,
Анау жылғы қыстағы.
Жігітке қорлық жалғыздық,
Заманның түсер қыспағы.
Досына айтты Таңжарық,
Ойдағы арман нұсқаны.
Айтыссам деп Қойдыммен,
Ақтарып сырды тастады.
Саған айтпай арманды,
Енді кімге айтамын.
Жеңілсем де, жеңсем де,
Өлең жырды шайқайын.
Қойдымменен жолықтыр,
Бір сөйлесіп қайтайын.
Албаннан асты деседі,
Қаншалық екен байқайын.
Шекара тыныш тұрғанда,
Қуанып досым қайтайын.
Досының сөзі:
Тоқтадық осы сөзбен екі тарап,
Тарқадық сәрсенбіге тосып қарап.
Семірткен астындағы бәйгекөгі,
Сүмбедей жарап алды әбден жарап.
Қойдыммен бір айтысып көңілі тынса,
Елге тура қайтуға қылды талап.
Бір сөйлеспей кеткені елден ұят,
Келген соң сонша жерден әдейі қалап.