Досбер мен Алтын айтысы (6-бөлім)
Досбер Саурықұлы, Алтын · 2 мин оқу
Алтын:
Аспанда ай бірдей ме жұлдызбенен,
Елтірі тері бір ме құндызбенен.
Ақынның айтысып ем талайымен,
Мамықтай сөзі майда «сіз-біз» деген.
Мақсатын ишаратпен мәлім етіп,
Шеберлер басқан ізін білгізбеген.
Бейне бір маған кеткен кегің бардай,
Сіздің сөз тырнақ асты кір іздеген.
Өзің біл, жақсы сөзбен келіспесең,
Болсаңыз сіз сұраған біз іздеген.
Досбер:
Біздің сөз міне осындай айдан ашық,
Кетеді ерегессе таудан асып.
Жықпай ма бірін-бірі күші жетсе,
Күрессе екі балуан майдандасып.
Сол секілді өлеңмен күрескен соң,
Мен саған жалынамын қайдан жасып.
Шығарсақ қортындысын алғы сөздің,
Күлерміз ел жақтырса жайраңдасып.
Сөз айтсам сөзге жарай кекті дейсің,
Еттен өтіп, сүйекке жетті дейсің.
Алдыңнан адам шығып көрмеген соң,
Мені де жалындырам еппен дейсің.
Бәсекелі бәйгемді алам десем,
«Елінен кемпір таппай кепті» дейсің.
Жеңілсем тием деген өзің едің,
Оны айтсам, шерін маған төкті дейсің.
Сен тансаң да ол сөзден халық танбас,
Көзге ілмей құтыламын көпті дейсің.
Алтын:
Молдеке, өкпелеме тимеді деп,
Мына Алтын қадірімді білмеді деп.
Өлеңім – бар өнерім зая болып,
Сөзімді құлағына ілмеді деп.
Айтса еді көпшілік те разы болып,
Өлеңі екі ақынның гүлдеді деп.
Екеуі бір-бірінен шабыт алып,
Өрнектеп сөз түйінін түрледі деп.
Көп отыр бірін-бірі жеңбеді деп,
Ешнәрсе бұл айтыста өнбеді деп.
Өтінем көпшіліктен, ойламасын,
Ақынның босқа кетті еңбегі деп.
Кеңінен істің артын ойлаңыздар,
Осы екен бірін-бірі көргені деп.
Бірінен-бірі нұсқау, шабыт алып,
Сұңқардай қанат қағып өрледі деп.
Көрген соң бірін-бірі өрлеп ұшып,
Кеудесін өлең симай кернеді деп.
Балалар хат білетін жазып алсын,
Айтысқан ақындардың өрнегі деп.
Қысқа ұстап сіз де ақсақал, тақымдама,
Қолма-қол бұйымтайды бермеді деп.
Досбер:
Талайды Алтын ақын жеңіп жүрген,
Жазасын өлеңменен беріп жүрген.
Сөзіне сөзі теңдес болмаса да,
Жалбаңдап әріптес деп келіп жүрген.
Алтынның алдауына ақымақ боп,
Тілінің ұшын ғана еміп жүрген.
Сыртынан бірі айтса ғашық болып,
Семіріп құр дәмеге сеніп жүрген.
Алтынның жауабына жауап таппай,
Өзінен-өзі арланып көріп жүрген.
Жарысса өлеңменен шаңын көрмей,
Тезегін талай ақын теріп жүрген.
Айтысса дәм-тату жоқ өлеңінде,
Жиреніп дәмсіз сөзден жеріп жүрген.
Алтын:
Молдеке, айналайын сақалыңнан,
Жүйріксің озып жүрген қатарыңнан.
Бетінде газет-журнал сөзіңіз бар,
Шыңжанға мәлім ақын атағыңмен.
Алашқа аты шыққан алаяқсың,
Өлең, жыр, тарих, тақпақ, мақалыңмен.
Сіз айтқан анау мақсат жайға қалсын,
Орайлы қалдым деме сапарымнан.
Жан едім жаным сүйген өскен елді,
Ардақты Алтын ақын атанумен.
Сол үшін кеңесейін қабырғаммен,
Хат беріп, сөйлесейік хат алумен.
Досбер:
Шындыққа Алтын ақын жаңа келдің,
Ішінен шыққан ақын саналы елдің.
Шындықтың сыртында артықшылық,
Салт-сана үлгісі бар бағалы елдің.
«Туған жер, өскен елім» дегеніңе,
Халықшыл қаһарман деп баға бердім.
Ардақты ел-жұртына ақын Алтын,
Жалпыға жаман болсаң жағар ма едің.
Танбайтын жүгірістен сөткесіне,
Өзісің жүйрік болсаң таған кердің.
Айтыстың қортындысын өзің шығар,
Ендігі сөз түйінін саған бердім.