Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таңжарық пен Қойдым айтысы (5-бөлім)

Таңжарық Жолдыұлы, Қойдым Дәрубайқызы · 2 мин оқу

Таңжарық:

Ей, Қойдым, бәрін тоқтат жарбағыңның,
Тарқатам түгелімен арманыңның.
Мен құсап көзің көрген расыңды айт,
Сенбеймін біріне де жалғаныңның.

Найманның бір ұлымын бегі емеспін,
Қанжармын екі жүзді шеге емеспін.
Қызайда нелер саңлақ әйелдер көп,
Ізіне басып кеткен тең емессің.
Сен мені сыйладым деп сайқалданба,
Сенетін алдауыңа мен емеспін.
Жөнім жоқ менің сенен жасқанатын,
Албандай қуғын көрген ел емеспін.

Күн көрдің қашқын Албан бізге барып,
Былғадың жердің жүзін итше сарып.
Қызайды бүгін неге жамандайсың,
Аралап жан бағып ең кеше барып.
Осындай ел сенетін расыңды айт,
Мен құсап түсін нақтап ашып-жарып.
Болмаса тұрғын Қызай Іледегі,
Күн көрмей кетер еді Албан ғарып.
Күң қылып, қой бақтырып қойдық үйде,
Қыздырын бір ешкіге сатып алып.
Білмейсің қашқын Албан көрген ісін.
Орыстың жатағында жатып алып,
Осындай дәлел болса дәлдеп сөйле.

Болмаса бекер босқа шатымалық.
Жемтікке үймелеген қара шыбын,
Тойынып семіретін сасық жағып.
Албаным оңып тұр деп отырсың ба,
Қай уақытта көріп ең Албан жарып.

Қойдым:

Қой қалқа көп терлеме жанды қинап,
Отырмын жас бала деп әрі сыйлап.
Қызайдың оқиғасын менен сұра,
Берейін түгел теріп бәрін жинап.

Қызайдың бас мекені – Еміл еді,
Көп емес онда Қызай жеңіл еді.
Сол кезде отыз үйден аз-ақ артық,
Адамы тегіс бұзық жемір еді.
Түк қоймай Қаракерей шапқан кезде,
Жан таппай аз үй Қызай еңіреді.
Албанның әзіргісін айып көріп,
Қызайдың жас баласы не біледі.
Болмаса арадағы қалыс Суан,
Қызайға дүние қайтып кеңір еді.
Ұмытып өткен күнді Ілеге кеп,
Шалқақтап он қой бітсе семіреді.
Қыздарын бойға жеткен байға бермей,
Құшақтап қу тізесін кеміреді.

Қызайды алған еді Керей талап,
Қалыпты аз адамы жанталасып.
Қызайды әйеліндей Қаракерей,
Бас салып сабаушы еді бара сала-ақ.
Түк қоймай нақ түбіне жетер еді,
Алмаса біздің Суан арашалап.

Қызайды талағанда Керей шауып,
Қаңғырған мекенінен түгел ауып.
Мен құсап түптен тартып түгел сөйле,
Өзімдей ретімен жөнін тауып.
Матайдың мұсылмандық қай жерінде,
Тоздырған бірін-бірі итше қауып.

Өлгені өліп, қалғаны қаңғып кеткен,
Бойынан Итішпестің қайың сауып.

Сонымен елден бұрын Қызай ауған,
Басына жаралғаннан пәле жауған.
Осыған қарсы табар сөзің бар ма,
Болмаса біткен шығар енді саудаң.
Ұмыттың Ілеге кеп есің жиып,
Бойыңа түскендей боп құдай тәубаң.

Таңжарық:

Осы ма Қойдым сөзің маған тапқан,
Суанды Қаракерей қоса шапқан.
Жүз жылдан арғы сөзді бүгін айтып,
Жасаған кешегісін тәңір атқан.
Мен құсап көзің көрген расын айт,
Болмаса сөзіңді қой босқа шатқан.
Қызайға кеше шұбап жаяу барып,
Нан берген қойшыға да қызын сатқан.
Қалды ма адамыңның бір тәуірі,
Орынсыз айтқан сөздің бәрі мақтан.
Сен түгіл бәрін айтсам маған таныс,
Қозғадың тыныш сөзді іште жатқан.
Бәрін түгел айтам деп ерегесіп,
Қайтейін қылғандай ғып айқай-аттан.

Қор болған қайран сөзім саған деген,
Аяма білгеніңді маған деген.
Албандай бұзық Қызай қай жерде бар,
Барма екен Албан, Суан көзі көрген.
Ауыл басы бай мен би, бек болысың,
Орыстың шошқасының етін жеген.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз