Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Досбер мен Алтын айтысы (7-бөлім)

Досбер Саурықұлы, Алтын · 3 мин оқу

Алтын:

Молдеке, сөзің жатыр салмақтанып,
Тамыры ұзын, бұтағы тармақталып.
Қырағы, қия жазбас ақ сұңқарсың,
Аспаннан қуды ілгендей самғап барып.
Іздеп кеп жаз шыққанда бір жауап ал,
Демеңіз жолға салды алдап қалып.
Талабым – осы өлеңді баспаға бер,
Алтынмен айтыстып деп таңдап барып.
Тағы да алаң болмай айтып барғын,
Аламын деп керегін қамдап барып.
Текестен бір ақынды таптым деп бар,
Ілені шыр айналып, шарлап барып.

Досбер:

Ендеше аяқталсын атан жарыс,
Келер жаз өлмегенге емес алыс.
Жанымды жадыратты жақсы сөзің,
Бал болсын өлеңдегі шәлкем шалыс.
Іске ассын ақ ниетті мақсатымыз,
Өлеңмен бірінші рет болдық таныс.
Ел көрді екі ақынның үдегенін,
Бұл дағы бір ғанибет үлкен табыс.
Уағдаң өзің айтқан осы болса,
Көпшілік көз көрген ел болсын қалыс.

Алтын:

Халықтың қартайсаң да көсемісің,
Елеулі ел ішінде еселі ісің.
Шығады бір сөзіңнен мың мағына,
Адамның аз кезігер шешенісің.
Дұшпанға өлеңің – оқ, сөзің – найза,
Мақтамен бауыздайтын кеселісің.
Өгізі өліп, арбасы сынып қалса,
Өлеңмен шиеленгенді шешемісің.
Естідім жуған ер деп жылағанның,
Сорының маңдайдағы бес елісін.

Досбер:

Адамның ақын Алтын бұлбұлысың,
Жарысқан ескен желмен дүлдүлісің.
Аспаннан алып ұшып қуды ілетін,
Іленің болат топшы тұйғынысың.
Суындай көк бастаудың көңілің тұнық,
Елеулі ел жұртыңа үлгілісің.
Пейіштің бақшасынан ұшып түсіп,
Текеске өніп шыққан бір гүлісің.
Заводтан магазинге жаңа шыққан,
Бір өзің бұл болғанда торғынысың.
Сөзің дұрыс болғанда, ішің құрыш,
Ішіктің жанат пенен бұлғынысың.

Алтын:

Қарт ақын алаяғы адамзаттың,
Өлеңмен тартар ділін жамағаттың.
Екеуміз түйер едік сөзден түйін,
Кілті қолға тисе махаббаттың.
Ақын – ардақ, сөзіңнің арты – салмақ,
Ой салып шөліркетіп қаталаттың.
«Алмақтың салмағы бар» деген сөзге,
Жауап жоқ, көңілімді қапалаттың.

Досбер:

Салмағың оңай емес, қиын шығар,
Қиынды жеңетұғын тиын шығар.
Жақсы айттың, жазып берші жабдығыңды,
Аларың азар болса бұйым шығар.
Оны мен айтпасаң да білмеймін бе,
Асылдан құны қымбат киім шығар.
Келер жылға қараған келісім ед,
Ескертіп бұл айтқаның биыл шығар.
Алтынның алдын ала айтқан сөзі,
Терінің өзі илейтін иі шығар.
Шын жүрекпен қосылса екі көңіл,
Салмақ жеңіл, суық сөз жылы шығар.

Ұзын сөздің бір жерден міні шығар,
Бәрі айтылды, ал өзің түйін шығар.

Қол беріп қош бол деген сөз жаман ба,
Кетелік амандасып бас аманда.
Бір жыл шарт – мен келгенше, сен көргенше,
Тапсырдық істің артын Жасағанға.

Сақан:

Екі ақын бірін-бірі жеңіспеді,
Келер жылы жаз болды келіскені.
Сөзден сөз айта берсе туа берер,
Өлеңі өрге шырқап өрістеді.
Терең ойлап, мін таппай шын айтысып,
Тура ғой бір-біріне келіскені.
Ал енді, айтыс тоқтап, ел тарқасын,
Болған жоқ сөздерінің теріс жері.
Кезігіп екі жүйрік жарысқанда,
Болады ойы-қыры, еңіс-өрі.
Хат жазсын бір-бірінен үміт үзбей,
Тағы да арасында көп істері.
Ойлансын да толғансын екі жағы,
Бола ма дүниенің тегіс жері.
Жай сөзбен ақылдасып ендігісін,
Осы екен екеуінің көріскені.

Алтын:

Молдеке, шытымды алып, шытыңды бер,
Ықылас, бата-дұға, құтыңды бер.
Көпшілік көп өлеңге баға таппай,
Қайсысы ұтып, қайсысы ұтылды дер.
Кейбіреу келер жылға серт байласып,
Көп алдында ауызынан тұтылды дер.
Кейбіреу құдай білер келер жылды,
Өлеңмен өкпелетпей құтылды дер.
Аллаға істің артын тапсыралық,
Бұйырсын енді бізге ұтымды жер.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз